ЖЕМІС БАР ЖЕРДЕ – ЖЕҢІС ПЕН ЖЕҢІЛІС БАР

637 Views

«SV AGRO» – мемлекеттік бюджетке қыруар қаржы түсіріп, халықтың да ықылас-пейіліне бөленіп отырған компания. Бұл компанияның негізгі қызметі жеміс өсіру болып табылады. Біздің ауданымызда да «SV AGRO» компаниясының интенсивті алма бағы бар. Баққа алма егу жұмыстары 2019 жылы басталған. Бұл туралы интенсивті бақтың бас агрономы Айбек Рахманбердиев «Жемістің ең алғашқы жиын-терімі 2020 жылы болды. Бұл жылы 150 гектар жерден 200 тонна жеміс жинасақ, 2021 жылы 830 тонна алдық», – дейді.
Алма бақ жаңа технология, жаңа құрылғылармен жабдықталған. Озық үлгідегі су станциялары жұмыс істеп тұр. Алма талдар «тамшылатып суару» әдісі арқылы суғарылады. Осы әдіс­тің тиімділігі мен ыңғайлылығы­ның арқасында ағаштар ұзарып, алмалар қызарып келеді. Бас агроном алмалардың түрлері мен типтерін тілге тиек етіп, әртүрлі сұрыптағы жемістердің ерекшеліктерін түсіндірді.
– Бізде 10 сорт бар. «Golden delicious», «Gala», «Симиренко», «Pink lady», «Granny smith», «Jeromine», «Fuji» секілді алма түрлері халықтың сұранысына ие. Мәселен, халық жақсы көретін және жазда пісетін алмалар­дың бірі – «Gala». Бұл алма жұмсақ әрі тәтті болғандықтан сұраныс көп. Ал, ең соңғы болып «Pink lady» піседі. Осы жылы 1500 тонна алма алсақ деген жоспарымыз бар.
Интенсивті алма бақта 27 қарапайым жұмысшы, 10 тракторшы, 5 кәсіби маман жұмыс істейді. Бұл қызметкерлер ағаштарды күту, алмаларды емдеу, талдарды суғару секілді қызметтерді атқарады. Қызметкерлердің барлығы да аудан тұрғындары. Бұл жерде қыста да қызу жұмыс, қайнаған қарбалас тіршілік жүріп жатады. Себебі, қызметкерлер үшін – ағаштың күтімі маңызды. Жаздағы жайқалған жеміс – қыстағы қайратты еңбектің нәтижесі екені сөзсіз.
Жеміс бар жерде – жеңіс пен жеңіліс бар. Алма ағаштарының жат жерге үйренбеуі, жайқалып тұрған жемістің бір күнде шіруі, құстардың алманы шұқып кетуі – заңды құбылыс. Бақтағы қиындықтар мен кедергілер турасында бас агроном Айбек Рахманбердиев «Құстардың тарапынан туындайтын қиындықтар баршылық. Қарғалар жемісті шоқып, бақты бүлдіріп кететін сәттер болады. Бірақ, бұл жағдайларды барынша болдырмауға тырысамыз. Көп бақта кездесетін тағы бір проблема – ағаштардың жерді жатсынуы, топыраққа үйренбеуі. Мәселен, біздің алма ағаштар Краснодар мен Италиядан келген. Бұл ағаштардың адаптациясы жақсы өтті. Әрине, міндетті түрде 2-3% қурап қалған, топыраққа үйрене алмаған ағаштар болады. Бұл – заңдылық», – деді.
«SV AGRO» компаниясына тиесілі бақ аудан жұртшылығына да, облыстағы ауыл-аймақтарға да алма жеткізеді. Агроном халықтың отандық өнімге, жергілікті алмаға деген сұранысы жоғары екенін атап өтті.
– Біздің өнімдерді «Ауыл Береке» базарының сатушылары сатып алып, халыққа жеткізеді. Осы алма баққа келіп, өздері сатып алып кететін адамдар да бар. Біз саудырлаған сарқұлақ қағаз үшін бағаны қымбаттатып, алмалардың құнын өсірмейміз. Біздің мақсат – халықты отандық өніммен, табиғи алмамен қамтамасыз ету, – деді Айбек Рахманбердиев.
Биік мінберлер мен ресми жиналыстарда «Жергілікті кәсіпті қолдау керек!», «Отандық өнім шығарып жүрген азаматтарға септесейік?!» деген ұсыныстар көп айтылып жүргені ақиқат. Осы ұсыныстардың жүзеге асып, тапсырмалардың нақты орындалып жатқаны көзге қуаныш, көңілге медеу сыйлайтыны да жалған емес. Мемлекеті кәсіпкерді қолдап, кәсіпкері халқы үшін еңбек етіп, халқы кәсіпкердің жұмысының жемісін көр­ген ұлт қана ұлы істерді тындыраты­нын ұмытпағанымыз ләзім.


Жәнібек Әмре.

Поделиться ссылкой: