ЖАСТАРҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

420 Views

Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан басшысы Ерболат Садырқұловтың төрағалығымен жастар мәселесіне қатысты жиын өтті. Аталмыш жиынға аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Әбіләшім Мырқасымов бастаған аудан жастары, бөлім басшылары, жастар кеңесінің мүшелері, ауылдық округ әкімдері мен орталық инспекторлары қатысты.
Жалпы Т.Рысқұлов ауданы бойынша тұрғындар саны 65 347 адамды құрайды. Ал оның ішінде жастар – 14 546 адам. Олардың 7936 адамы ерлер болса, 6610-ы әйелдер. Аудан аумағында жастар саясатын жүзеге асыратын бір мекеме бар. Ол – Жастар ресурстық орталығы. Онда дәл қазір штаттық кесте бойынша барлығы 28 қызметкер жұмыс атқаруда.
2022 жылдың жарты жылдығында Жастар ресурстық орталығы жергі­лікті атқарушы органдармен, мекемелер­мен, білім ордаларымен бірлесе жал­пы 326 іс-шара өткізген. Оған бас-аяғы 11 000-ға жуық адам қатысқан. Атап айтар болсақ, «Ардагерлерді ардақтайық» атты акция, Т.Рысқұлов ауданы әкімі Е.Садырқұловтың 5 бастамасы аясында «Туған жердің тарихы тұнған шежіре» атты экспедиция, «Спорт – денсаулық кепілі» атты аудан жастары арасында футболдан жарыс, ауылдық округтарда түрлі сала мамандарымен «Қоғамдық сақшы» және «30 игі іс» жобасы ая­сын­да «Тегін ТАХІ», «Қайырымды­лық марафоны», Ұлттық ойындарды дәріптеу барысында «Көкпар», «Тоғыз- құмалақ», «Асық ату» тағы сол сияқты ауқымды шаралар ұйымдастырылған. Одан бөлек, волонтерлық бағытта 102 іс-шара ұйымдастырылып, оған 8972 адам қамтылған.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін Жастар ресурстық орталығы тарапы­нан салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Нашақорлықсыз бола­шақ» атты акция, «Спорт – денсаулық кепілі» тақырыбында спартакиадалар, Neet жастар арасында футболдан, волей­бол және кибер­спорт ойындарынан турнирлер, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатын­да «Мерейлі отбасы» атты кездесулер мен дөңгелек үстелдер, жастар арасында экология­лық мәдениетті қалыптастыру мақса­тында сенбіліктер және өзге де фор­мат­та шаралар өткізілген. Аталмыш ба­ғыттағы жұмыстарды әрмен қарай да жалғастыру жоспарлануда.
Ауданда орталық бастамасымен статистикалық зерттеулер жүргізіліп, NEET санатына жататын 935 жас анықталған. Дәл бүгінге дейін 685 жастың үйіне адрестік жұмыстар жүргізілген. Аралау жұмыстары­ның нәтижесінде 685 жастың 56-сы жұмыссыз екені анықталған.
Жұмыссыз демекші! Ауданда жас­тарды жұмыспен қамту шаралары да өз деңгейінде орындалып келеді екен. Осы күнге дейін жұмыссыз 205 азамат жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, 47 жас «Жасыл ел» бағдарламасына тартылған. Аталмыш мәліметтің бар­лығын жиында орталық директоры Әбіләшім Мырқасымов мәлім етті. Сонымен қатар, ол көңілге қаяу салатын, өзекті өртейтін мәліметтерді де келтіре кетті. Айтайық…
Жалпы бес айдың қорытындысы бойынша ауданда 58 қылмыс тіркел­ген. Өкініштісі сол, оның 13-і жастар­дың қатысуымен жасалған. Бұл олқы­лықтың орнын толтыру мақсатында орталық мамандары жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында 21 кездесу, 1 кеңес беру алаңын, 6 семинар және 5 түнгі рейдтік жұмыстар ұйымдасты­рып, 560 жасты қамтыған. Сондай-ақ, пробация есебіндегі 19 жасты қоғамдық өмірге бейімдеу мақсатында 7 іс – шара ұйымдастырған. Соның бірі – жұмыспен қамту. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп, іс-шара 150-ге жуық жасты қамтыған.
Тағы да бір сүреңсіз статистиканы сөйлетейік… Неке бұзу. Өкінішке орай алты айдың қорытындысы бойынша 20 жас неке бұзған екен. Дейтұрған­мен, Әбіләшім Ануарбекұлы дәл қазіргі таңда отбасы мәселелері бойынша құрылған жұмыс тобы ажырасуға ниет білдірген ерлі-зайыптыларды татуластыру мақсатында «Бастау» жо­басы қолға алынып, соның аясында жұмыстар жүргізіп жатқандығын айтты.
Баяндама толық аяқтала салысымен алғашқы сауалды аудан әкімінің өзі қойды. Аудан басшысы Ерболат Садырқұлов жастардың жұмыспен қамтылуына баса назар аудару керектігін айтты.
– Өкінішке орай дәл қазіргі таңда бюджет қаржысының қомақты бөлігі ақылы қоғамдық жұмыспен қамту шараларына бөлінуде. Неге осы біз сол қаржыны тиімді жұмсап, шағын кәсіпкерліктерді көптеп ашып, жастарға нақты жұмыс орнын тауып бермейміз? Меніңше, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Ол үшін аудан жастары да өз пікірін өзгерткені абзал. Шындықты жасырып қайтеміз, дәл қазір кереғар пікір айтып, аудан аумағында инвестициялық жобалардың жүзеге асуына, баянды бастамалар­дың орындалуына қарсы шығатын жастар да бар. Сондықтан да сіз басқа­ратын орталық қызметкерлері, әсіре­се ауылдық округтегі инспекторлар сондай жастармен ұдайы тілдесіп тұруы тиіс. Ол жұмыстарға ауыл әкімі де қол ұшын созғаны дұрыс, – деп бірқатар ұсыныстарын жеткізді де, жастардың қаншасы сыртта, қаншасы ауданда жүргенін анықтауды, зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Одан бөлек аудан басшысы жастарды аббаттандыру жұмыстарына тартып, кәсіппен айналысуға бейімдеу керектігін айтты.
– Енді қайтарымсыз грант мәселесіне тоқталайық. Қыруар қаржыны кімдер алып жатыр? Қандай бастамалар қолға алынып, қандай кәсіп ашылып жатыр? Сұрақ көп. Бір миллионнан астам қаржыға әжептеуір дүние жасауға болады. Тіпті ол жетпей жатқан жағдайда 5-6 жас бірігіп алсын. Менің ойымша 5-6 миллионға округте ауыз толтырып айтарлықтай жобаны қолға алуға болады. Сондай-ақ, «Сұлутөр» кинотеатрында орналасқан караокені де біз тиімді пайдалана алмай отырмыз. Маған осы күнге дейін бірде-бір адам нақты ұсыныспен келген жоқ. Жалпы мен өзім әрбір ауылдық округте дәл сондай мәдени орталықтың болғанын қалаймын, – деп сөзін түйіндеді.
Жиында жастарды баспанамен қамту мәселесі де көтерілді. Өткен жылы ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 23 маманға тұрғын үй сатып алу үшін несие беріліпті. Оған білім, денсаулық, ауылшаруашылығы, мәдениет және спорт мамандығын таңдаған жандар қол жеткізген. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ ниетте. Ол туралы көпшілікке аудан экономикасына жауапты бөлімнің басшысы Ләззат Сапарбекова баяндап берді. Аудан басшысы аталмыш бағдарламаның аясын кеңейту мақсатында бірқатар тапсырмалар берді.
– Біз бағдарламаны тиімді пайдалану керекпіз. Ақпараттандыру, түсіндіру, насихаттау жұмыстарын да қолға алған дұрыс. Неге десеңіз, ереженің өзгеруіне байланысты көп жастарымыз нақты талаптардан бейхабар. Сондықтан да аудандық басылым «Құлан таңы» газетінің ұжымымен бірлесіп, бұл жұмысты да жандандыру қажет, – деп өз ойын жеткізді.
Жиын соңында Ақбұлақ және Қорағаты ауылдық округтерінің мамандары есеп берді. Олар өз баяндамасында ауыл жастарына жасалып жатқан игі істерді атап өтіп, болашақта орындалатын жоспарларымен де бөлісті.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: