Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі

228 Views

Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi – «Қазақстан Республикасында зейнетақы­мен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (әрі қарай – Заң) 11-бабының 1-тармағында бел­гiленген зейнеткерлiк жасқа толуына байланысты берiлетiн ай сайынғы ақшалай төлем.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болған не болмаған кезде тиісті қар­жы жылына арналған республи­калық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 54 пайы­зы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл­дан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.
Мысалы, еңбек өтілі 20 жыл болса, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, 30 жыл — ең төменгі күнкөріс деңгейінің 90 пайызын құрайтын болады.
Мемлекеттік базалық зей­нетақы төлемін беру кезінде:
1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде істеген еңбек өтілі;
2) міндетті зейнетақы жар­налары жүзеге асырылған кезең;
2-1) Қазақстан Республи­касы Үкіметінің шешімі бойынша міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіп­тік зейнетақы жарналары­ның мөлшерлемелеріне «0» түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдері;
3) жұмыс iстемейтiн ананың немесе жұмыс істемейтін әке­нің (бағып-күтуді ол нақты жүзеге асырған кезде) жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегiнен аспайтын уақыт;
4) 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыт;
5) әскери қызметтегі, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі кезеңдер;
6) Қазақстан Республикасы­ның дип­ло­матиялық қызметтері мен халықаралық ұйымдар қыз­меткерлерi жұбайының (зайыбының) шетелде тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңі;
7) әскери қызметшiлер (мерзiмді қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), ар­нау­лы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бiрге тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең;
8) «Байқоңыр» кешенінің ресейлік ұйымдарындағы 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек қызметінің кезеңдері;
8-1) төтенше жағдай, шек­теу іс-шаралары қолданылған кезеңде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырыл­ған жағдайда төленетін әлеумет­тік төлемді алу кезеңдері;
9) бөгденің көмегіне мұқтаж бiрiншi топтағы мүгедекке, екiншi топтағы жалғыз басты мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қартқа күтiм жасаған уақыт;
10) Заңның 24-бабы 2-тармағының 2) – тармақ­ша­сында аталған адамдардың (мүгедектігі мерзімсіз белгі­лен­ген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғалар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады) еңбек қызметінің кезеңдері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есепке жатқызылады. 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетілген ке­зеңдер Мемлекеттік әлеумет­тік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүзеге асырылған жағдайда есепке жатқызылады.
Жасы бойынша зейнетақы төлемдерін және мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеу­мет­тік жәрдемақы алуға құқығы жоқ адамдарды қоспағанда, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы алушы медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұрған кезеңіне тоқтатыла тұрады.
Алушы медициналық-әлеуметтік мекемелерден (ұйымдардан) шыққан жағ­дайда, шыққан айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі толық көлемде қайта басталады.
Міндетті зейнетақы жарна­лары жүзеге асырылған кезең орталықтандырылған дерекқордағы міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы мәліметтер мен расталады.
Міндетті зейнетақы жарналары толық және уақтылы аударылмаған жағдайларда міндетті зейнетақы жарналарын (олардың болуына қарай) жүзеге асыру кезеңдері мынадай құжаттармен расталады:
Міндетті зейнетақы жар­налары аударылған кезеңдер өтініш беруші еңбек өтілін растайтын құжаттарда көрсе­тілген еңбек қызметінің кезең­деріне сәйкес келсе нысан бойынша міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы жұмыс берушінің (құқықтық мирасқордың) немесе архивтік мекеменің растау анықтамасы;
Міндетті зейнетақы жар­наларын аудару кезеңдерін растайтын сот шешімі.
Мемлекеттік базалық зей­нет­ақы төлемінің мөлшерін қай­та есептеген кезде жеке практика мен айналысатын адамдардың, сондай-ақ нысанасы жұмысты (қызметкөрсетуді) орындау бо­лып табылатын, Заңның 24-бабы 2-тармағының 5) — тармақ­шасында көзделген (салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, еңбекшарты бойынша жұ­мыс істейтін жеке тұлғалар) жағдайларды қоспағанда, аза­маттық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың, сондай-ақ өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын жүзеге асырған дара кәсіпкерлердің және шаруа немесе фермер қожалықтары­ның басшылары және мүшелерінің (қатысушыларының) міндетті зейнетақы жарналары жүзе­ге асырылған кезеңі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиісті салық­ кезеңіне төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналарының кемінде жылдық сомасын аударған жағдайда бір жылға тең болады.
Мысалы, 2013 жылғы 1 қаң­тардан бастап ең төменгі жа­лақының мөлшері 18 660 теңгені құрады («2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республи­касының 2012 жылғы 23 қара­шадағы № 54-V Заңы). Бұл сомадан міндетті зейнетақы жар­на­лары 1866 теңге (ай сайынғы кірістің 10 пайызы) көлемінде төленеді. Егер шотқа міндетті зейнетақы жарналар 2013 жылы 22392 теңге (1866 х 12) сомасында аударылған болса, бұл жағдайда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі 12 айды (еңбек өтілі — 1 жыл) құрайды. 2013 жылға міндетті зейнетақы жарналары 17196 теңге сомасы аударылған жағдайда, зейнет­ақы жүйесіне қатысу өтілі 9 айды (17196: 1866) құрайды.
Егер көрсетіл­ген адам­дар енгізген міндетті зейнет­ақы жарналарының сомасы тиісті салық кезеңіне төле­нуге жататын міндетті зейнет­ақы жарналарының жыл­дық сомасынан аз болса, онда міндетті зейнетақы жарна­лары аударылған кезең енгі­зіл­ген міндетті зейнетақы жарна­ларының сомасына пропор­цио­налды түрде айқын­далады.
Міндетті зейнетақы жар­наларын 2006 жылғы 1 шіл­деге дейін аударған жағдайда жинақтаушы зейнетақы жүйе­сіне қатысу кезеңіне мін­дет­ті зейнетақы жарналары ауда­рылған айдың алдындағы ай есепке алынады.
Егер бір айда жинақтаушы зейнетақы қорларына және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аудару бірнеше рет жүзеге асырылса, жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңі бір айды құрайды.

Айман жанаева,
№3 зейнетақы және әлеуметтік және
қамсыздандыру бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой: