«Біздің міндет – құмсағат ғұмырдың илеуінде қалған құндылықтарымызды қайта жаңғырту»

654 Views

Көптеген елдерді бодандықта ұстап, бейбіт өмірге бір табан жақындатпауды көздеген империялық мемлекеттер әртүрлі айла-шарғылар ұйымдастырып, жан түршігерлік тәсілдер жасаған. Қазақ даласын ақсөңке сүйекке толтырған аштық кезі, алаштың аймаңдай ұлдары атылып кеткен репрессия – халықтың үрейін туғызып, қорқынышын арттыру үшін істелген зұлымдықтар. Дарға асудың куәсі болған халық өлім қорқынышын артық сезінетіні сөзсіз. Орыстың бұратана халықтарды кіріптар халде ұстап, болмыстан ажыратуында да осы пиғыл жатыр. Болмыс ұғымы – философияның ең ежелгі категорияларының бірі. Ол – «бар болу», «өмір сүру» мәселесін қамтиды. Болмыстан ажырау – бар болудан қалу, өмір сүруді тоқтату деген сөз. Орыстың озбыр саясатының дінімізді дүбәрә қылып, ділімізді дүдәмәл етіп, тілімізді шұбарлауының тереңінде – «қазақы болмысты жою» деген үлкен мақсат тұрды. Бұл мақсат толықтай орындалмады. Қазақ – егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізді. Осы сәтте халық жоғалтқанын іздеуге, ұмытқанын табуға ұмтылды. Біздің жоғалтқанымыз көп болды. Көптің ішінде көлеңкеленіп тұрғаны – ұлттық тағам. Осы уақытта дәстүрлі мейрамханалар мен ұлттық нақыштағы ресторандар жетерлік. Ұмыт болған ұлттық тағамдарымызды ұлықтайтын мейрамханалардың барлығы ою-өрнекті дәріптеп, арғы қазақтың таным-түсінігіне бір табан болса да жақындады. Осы мейрамханалардың бірі – «Ғибрат» мейрамханасы. Бұл мейрамхана Тараз қаласы, Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта орналасқан. Мейрамхананың бағыт-бағдары мен жай-жапсары жайында мейрамхана басшысы Меруерт Мейрамбайқызы Дөненбаевамен сұхбаттасқан едік.

– Мейрамхананың атауы не себепті «Ғибрат» ?
– Ғибрат – «тәрбие алу», «тәлім алу» деген мағына береді. Бұл сөз арқылы «Ұлт тәрбиесінің өзегі – ұлттық тағам» деген ойды айшықтап айтқымыз келді. Біздің мәзірдегі тағамдар арқылы қазақтың көне кейпін, бекзада болмысын тануға болады. Адамдардың осы тағамдар арқылы бағзы заманға үңіліп, бабатанымға бір табан жақындауы – біз үшін қуаныш. Біздің міндет – құмсағат ғұмырдың илеуінде қалған құндылықтарымызды қайта жаңғырту.
– Ұлттық нақыштағы мейрамхана ашып, дәстүрлі тағамдарды дәріптеуге не түрткі болды ?
– Үлкен қалалар мен алып шаһарлардан өзбек пен кәрістің дәмханасын табу қиын емес, европалық ресторандар да жетерлік. Ал, ұлттық нақыштағы қазақтың мейрамханасын іздесеңіз қала кезіп сабылуыңызға тура келеді… Осы мақсатта дәстүрімізді дәріптейтін мейрамхана ашуды жоспарладық. Өзге ұлт өкілдеріне қазақтың тағамын көрсетіп, тереңде жатқан тарихымызды таныстырғымыз келді. Біздің мақсат – тағамдарымызды көрсетіп қана қоймай, мәдениетімізді де дәріптеу. Ұлтымыздың мәдениетінде дастарқан – экономикалық, дипломатиялық, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған. Ас ішіп отырып-ақ елдік мәселелерді шешкен бабалардың, дастархан басында отырып-ақ өмірге өнеге болатын ақыл айтқан әкелердің ішкен асы, жеген тағамы ұмытылмауы тиіс. Мәселен, менің әжем пештің үстіне нан қатырып, суға шылап жұқпа жасайтын. Осы тағамды да ас мәзіріне қостық. Бізге «бала кезде әжемнің жасаған тағамдарын қайта жегендей болдым», «балалық шақтағы дәмді еске салдыңыздар», – деп, алғысын білдіретін жандар жетерлік.
– Ұлттық кәсіпті дөнгелету қаншалықты қиын ? Артықшылығы мен кемшілігі қандай ?
– Біздің мейрамханаға «астарыңыз дәмді», «еттеріңіз балдай» деп келетін өзге ұлт өкілдері баршылық. Орыс пен кәріс азаматтарға ет тағамдары ұнаса, өзбек азаматтарға өзге тағамдар ұнайды. Ұлттық кәсіпті дөнгелетудің қиыншылығы – бәсекенің жоғары болуы. Тараз қаласында өзбек мейрамханалары көп. Осы мейрамханалармен сапа жағынан, дәм жағынан бәсекелесіп келеміз. Бәсеке дегеніміз бақталастық емес, бәсеке – өзгенің жақсы жақтарын үйрену, өз кемшілігіңді түзеу.
– Ұлттық тағамның феномені неде ?
– Әр ұлттың өз ерекшелігі болады. Бұл ерекшелік дастарханда да білінеді. Ұлттық тағамның феномені пайдасында секілді. Біздің бабаларымыз қандай ас ішсе де, қандай киім кисе де ең алдымен денсаулыққа пайдасын ойлаған. Ғалымдар ұлттық тағамдарымыздың індетке қарсы да қабілеті бар екенін дәлелдеді. Міне, әр ұлт өз танымына жақындағаны секілді түбінде өз тағамына да оралады. Салқар даланың төсінде жылқы жануарының бауырынан сүт сорғалатып, сүт емес, құт сорғалатып – қымыз ішіп, ет жеген қазақтың өмірі ұрпаққа үлгі, жастарға өнеге. Осы мейрамхананы ашқан сәтте де бабалар өмірінің бір үзігін балаларға дәріптесек деп ойладық. Мейрамхана пайда табуды көздемеді. Бұл туралы марқұм Сайрамбай ағам «Осы мейрамхана арқылы пайда тауып, байып кетемін деп ойлама. Қазақтың дәстүрін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің өзі үлкен жетістік» деген болатын.
– Әңгімеңізге рақмет !

Бейбіт Ыстыбаев:

«Ғибрат» мейрамханасы қазақы нақышта, қазақы стильде жасалған керемет мейрамхана. Бұл мейрамханаға қадірлі қонақ болуға барлық қала тұрғындары мен қонақтарын шақырамын.

Ақжүрек Таңатаров:
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұмытылған ұлттық асымызды ұрпаққа жеткізіп жүрген бірден-бір мейрамхана – «Ғибрат» мейрамханасы. Бұл мейрамхананың тағамдары да, атмосферасы да керемет.

Бауыржан Исламхан:
«Ғибрат» мейрамханасы – қонақтарды ұлттық тағамдармен ғана емес, ұлттық мәдениетпен де таныстырып отырған мейрамхана. Бұл мейрамхана Тараз қаласындағы дәстүрді дәріптеп, салтты сақтаған мейрамханалардың бірегейі.

ӘҢГІМЕЛЕСКЕН
Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: