Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
2020 жыл. Көршілес жатқан елде аты да, заты да белгісіз аурудың кең тарап, қарапайым халыққа қырғидай тиіп жатқан кезі. Алғашында бұл вирус Қытайда, содан соң Еуропа елдерінде өршіп, мұхит асып, Америкаға да жетті. Өзіне «СОVID–19» деп айдар таққан вирус біздің елге наурыз айының басында келген болатын. Емдеу жолы белгісіз вирус елімізге енгенде қарапайым халық тұрмақ ақ халатты абзал жандардың өздері де абдырап қалғаны белгілі. Бірақ, жаужүректі жандар қауіпті қатерге тосқауыл да бола білді.
Өз басым әлеуметтік желіде көп отырамын. Оған кеткен уақыттың тиімді жұмсалғанын қалайтын жандардың қатарынанмын. Бірде бір жазбаны көзім шалып қалды. Соны қаз-қалпында назарларыңызға ұсынайын.
«Менің ұлым былтыр Қарағанды медицина университетін бітіріп, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы орталық ауруханаға жұмысқа орналасқан болатын. Балам негізі бұрын:
– Медицина саласынан кетемін, айлығы аз, бизнеспен айналысамын. Қаражат отбасыны асырағанға жетпейді, – деп айтатын. Оқуыңды оқыдың енді жұмысыңды жасай берсейші десек көнбей жүрген. Биыл мына коронавирус індеті қазақ жұртына қырғидай тиіп, елдің біразын үрей құшағына алып, халықтың зәресін кетірді. Өзім де жаздың күні ауырмаушы едім. Өкінішке орай бір ауырып тұрдым. Сүйек қақсап, қабырға астынан шаншу қадалып, әлсіздік пайда болып, аздап ыстық көтеріле бастаған соң, бірден ем алдым. Емделген соң дәм, иіс сезбей қалдым. Жөтел әлі кетпей жүр. Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз.
«Осы індет басталғалы менде сол майданның дәл ортасында жүрген баламды ойлап, бәрі оңынан бітіп, қазақ халқы емделіп, қуанышты күндерді бірге өткізсек екен» деген оймен келемін. Таңның атуы күннің батуы баламның амандығын тілеудемін. Қазір мына індетке иммунитеттері жақсы деп жастарды алдыңғы шепте жұмылдырып жатыр емес пе… Мен Алматыда, ұлым Жамбыл облысында …
Баламмен хабарлассам ол қиыншылық болып жатқанын айтады. Бір хабарласқанымда, ұжымдағы екі жігіт осы індетпен ауырып жатқанын жеткізді. Соны естіп, есім шықты. Тағы бір хабарласқанымда мамандар жетпей жатқанын айтып, өзін сол жаққа жібергелі жатқанын хабардар етті. Оны естіп алып, мендегі уайым үдейе бастады. Түн ортасында «Балам, болмаса жұмыстан арызыңды жазып шығып кетесің бе?» деп жазба жібердім. Баламнан келген жауап менің бойыма қуат берді. Халқына деген патриоттық сезімі жоғары екен. Мен тек қана сәттілік тіледім. Аман болсын! Бүгін бірінші рет сол инфекциялық бөлімдегі науқастарды емдеуге бара жатыр» деп Нариман есімді азамат жазба қалдырып, астына оның скриншотын салыпты. Назарларыңызға оны да дәл сол қалпында ұсынайық.
Шыны керек, әке мен бала арасындағы диалогты оқысаңыз, көзге еріксіз жас келеді. Ал астындағы пікірлерге көз салсаңыз, тіпті керемет. Онда «Данабек нағыз азаматсың! Алла тағала қолдап аман-есен бол! Халықтың мақтанышы бол әрқашан!», «Тамаша, аға. Осындай ұл тәрбиелеп өсірген сіздер Алланың нұрына бөленіңіздер. Ұлыңыз біздің ауданда. Қорықпаңыз, киелі мекен. Аллам қорған болсын», «Сәлеметсіздер ме! Данабек Алматы қаласының Ғабит Мүсірепов атындағы № 86 мектеп гимназиясының түлегі. Мен оны «Әппағым» деп еркелетуші едім, әлі күнге дейін солай айтамын. Әппағымның осындай сәтте жауапкершілігі мол қызмет атқарып жүргеніне мақтанамын және де өте дұрыс шешім қабылдағанына қуанып та отырмын. Құдайдан тек амандығын тілеймін», «Балаң жақсы болса жердің үсті жақсы» деген. «Балаң жаман болса жердің асты жақсы» дейді. Балаңыздың атынан жақсы тілек-сөздер естіп шалқып жүре беріңіздер дер едім», «Патриоттық қой, азамат екен балаңыз. Аман болсын» деген сан түрлі пікірлер сүйсіндірмей қоймайды.
Араға бір-екі жылды салып, жазба кейіпкерін іздеу мақсатында аудандық ауруханаға бардық. Бас дәрігердің орынбасары Раушан ханымға жолығып едік, Данабекті лезде тауып берді. Біз отырған бөлмеге көзілдірік таққан, бойы орташа, қара торы жігіт енді. Аман-саулық сұрасып, таныстық. Жүзі жарық, көңілі ашық жан екен. Мәжіліс залына барып, сұхбаттасуды әрмен қарай жалғастырдық. «Әкемнің бұл жазбасы кең таралады деп ойлаған жоқпын. Шыны керек, әкеме дәл осылай жауап қайтарғанымды ұмытып та қалыппын. Бізде ол кезде таңдау да болған жоқ. Бар ойымыз осы тығырықтан шығу болды» деп өз ішкі ойын жеткізді.
Данабек біздің «Сол сәттегі ең қиын кезеңді әңгімелеп беріңізші» деген өтінішімізге былай деп жауап қатты:
– Маған ең қиыны – өзіме ең жақын адамдардың індетпен күресіп жатқанын көру болды. Олар Қыстақ атам мен Тұрсынкүл әжем. Шыны керек, атам мен әжемнің қиналғанын көріп, кейде көзіме еріксіз жас келетін. Екеуі екі палатада жатып, бір-бірінің халін мен арқылы сұрайтын. Уайымдамасын деп қиналып жатқандарын айтпай:
– Бәрі жақсы!, – деп дәрігерлік құпияны берік ұстандым. Нәтижесінде екеуі де аман-есен емделіп шықты. Бірақ, көп ұзамай бірінен кейін бірі өмірден өтті. Олардың маған айтқан ақыл-кеңестерін мен ешқашан ұмытпаймын. Сондай-ақ, мен үшін қиыны – науқастардың туыстарына қайғылы хабарды жеткізу болды» деп бір күрсініп алды.
Тілші түйіні: Қалай десек те, Данабек – бейбіт күннің батыры. Қысылтаяң сәтте жауапкершілікті сезініп, індетпен күресе білді. Данабек бұл мамандықты әрмен қарай жалғастыра ма, ол жағы бізге беймәлім. Бір білеріміз, антына берік азамат қандай жұмыс болсын оған жауапкершілікпен қарап, іліп әкететініне бек сенімдіміз.
Жәнібек СҰЛТАН.