Емхана – дәтке қуат, дертке шипа

448 Views

Іргемізді індет жайлап, төңірегімізді тәж-тажал тінтіген тұста дәрігерлер қауымының қадірі артты, қасиеті жоғарылады. Бір адамның өмір мен өлім арасындағы тартысына септесіп, өліара шақта өзгенің өртін өшіруге көмектесу кез келген адамның қолынан келмейтіні рас.
Жалынды жыры арқылы елге жігер берген Жамбыл Жабаев бір жылдары «Денсаулық майданында балаларым, Әрдайым орындаңдар ел тілегін», – деп, дәрігерлер съезіне құттықтау жолдаған. Расында да, дәрігердің әрбір күні үлкен майданға толы. Өмір мен өлім арасындағы шайқасқа, жан мен тән арасындағы күреске қаймықпай кіру оңай емес екені бесенеден белгілі. Осы ұлы шайқастың, тоқтаусыз күрестің өтетін жері – қарапайым емхана. Емхана арқылы халық дәтке қуат, дертке шипа табады. Мәселен, Луговой ауылдық емханасы. Емхана 2019 жылы жаңа мекемеге көшкен. Бұл мекеме 9730 халыққа тұрақты қызмет көрсетіп жатыр. Осы туралы емхана басшысы Алмагүл Тоқтасынқызы «Емхана 75 орынға арналған. Қазіргі таңда 6 тәжірибелі дәрігер, 2 гинеколог-акушер, 18 тәжірибелі медбике тұрақты әрі тоқтаусыз қызмет етіп жатыр», – деді.
Сәні мен салтанаты келіскен емхана тұрғындардың ауданға сабылып, қалаға қатынауын сиреткен. Білікті дәрігерлер мен білімді медбикелердің арқасында денсаулығы реттеліп, сырқаттан сауыққан адамдар да жетерлік. Белгілі журналист Бейсен Құранбек бір естелігінде «Әдетте, журналистер қауымы туралы айтқанда Шерағаның «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген сөзін жиі келтіреміз. Ал, дәрігерлердің арашалағаны – өмір болғанымен, жегені – көмір екен ғой», – деп толғанады. Расында да, абыройлы міндетті атқарып, ауыр жүкті арқалап жүрген ақ халатты абзал жандардың ісі оңай емес. Адамның өміріне араша болып, ғаламның гүлденуіне үлес қосып жүрген жандардың еңбегін ешқашан естен шығармау керекпіз.

Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: