ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ЖИІЛЕП БАРАДЫ. НЕГЕ?

409 Views

Сөз басын сұмдық статистикадан бастайық. Елімізде жарты жылдың ішінде 6000-нан астам жол-көлік апаты орын алып, мыңға жуық адам жол апатынан мерт болған. Оның 70-і балалар. Бұл аз десеңіз, осы оқиғаларда 8 мыңнан астам ел азаматы түрлі жарақат алған болатын. Тіпті, биыл бір тәуліктің өзінде 47 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 13 адам қаза тауып, 55 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Соның бірі жуырда Жамбыл жерінде орын алды.

16 шілде. Сағат 12-ден өте Жамбыл облысында «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолында қалааралық маршруттық автобустың жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып, «Toyota Camry» маркалы автокөлігімен соқтығысып, одан кейін жол жиегіне шығып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен 3 жолаушы қаза тауып, тағы 3 адам ауруханаға жатқызылды. Дәл сол түні сағат 03-00 шамасында Қарағанды облысының аумағындағы тасжолда шаршаған жүргізуші «Mersedes-benz» Sprinter шағын автобусын басқаруды өзінің кәмелетке толмаған туысына тапсырған. Ол өз кезегінде рөлге ие бола алмай қарсы бағытқа шығып, MAN автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Нәтижесінде, кәмелетке толмаған микроавтобус жүргізушісі мен 7 жолаушы қаза тауып, 9 жолаушы ауруханаға жеткізілген. Екі күннен кейін тағы да ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұл жолы апат Батыс Қазақстан облысы аумағында болған. Түнгі сағат 2:30 шамасында «Nissan Maxima» маркалы автокөлігінің жүргізушісі басып озу маневрін жасау кезінде қарсы жолаққа шығып, «Лада» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Жол апатынан 8 адам көз жұмды. Оның екеуі – жасөспірім.
Адам шығынының күрт өсуіне не себеп? Мамандардың айтуынша, оған әсер ететін басты фактор – жүргізушілердің бір-біріне деген салғырт қарым-қатынасы мен олардың жол жүру ережелерін өрескел бұзуы. Расымен де, дәл қазір көшедегі көліктерге зер салсаңыз, басқару барысында ұялы телефон қолданған, ережелерге бей-жай қарайтын жүргізушілерді көп кездестіруге болады.
Аудандағы жағдай да мәз емес. Сала мамандарына жеке-жеке қызметтік көлік берілсе де, басты көшелерге қос-қостап бейнебақылау орнатылса да көрсеткіш көңіл көншітпей тұр. Біздегі бар ақпаратты ақтаратын болсақ, соңғы алты айдың өзінде аудан аумағында 55 жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 48,6%-ға өскен. Қаза болғандар саны – 13. Жарақат алғандар саны 90-ға жеткен. Бұл көрсеткіште екі есеге (95,7 %) артқан.
Енді осы жайттарды жіктеп көрейік. Жоғарыда атап өткен 55 оқиғаның 27-сі республикалық маңызы бар автожолдарда орын алған. 10 адам қаза болып, 50 азамат жарақат алған. Ал жергілікті маңызы бар автожолдарда орын алған оқиғалар саны – 9. Онда 2 адам мерт болып, 10 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Қалған 19 жол-көлік оқиғасы елді мекендердегі көшелерде болған. 1 азамат өмірімен қош айтысып, 30 адам жарақат алған.
Жалпы ауданның жол қауіпсіздігіне жауапты мамандар аталмыш оқиғаларға сәт сайын талдау жүргізіп келеді. Олардың түріне келетін болсақ, тұрған көлікке соқтығысу –1, бүйірден соқтығысу – 6, бір бағытта соқтығысу –11, басқа себептермен –1, соқтығысу –2, басқа жерге соқтығысу –1. Және жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғасы 14 болса, 19 оқиғада көліктер аударылған.
Жол көлік оқиғаларының бұзу себебіне келер болсақ, 30 оқиға жылдамдықты асыру себебінен орын алса, 9-ы жол қауіпсіздік ережесін өрескел бұзу салдарынан болған. Сондай-ақ, тағы бір 9 оқиғада қашықтықты сақтамау өз кесірін тигізсе, 2 оқиғада жүргізушілер алкогольдік ішімдік ішіп, көлік басқарған.
Тілші түйіні: Қалай десек те, көлік басқару кезінде әрбір жүргізуші өте сақ болғаны абзал. Сіздің кішкентай ғана қателігіңіз өзгелердің өмірін күрт өзгертуі мүмкін. Хош… Менде мынадай ұсыныс бар. Ұтымды деп тапсаңыздар, әрине. Бұрындары сала мамандары апатқа ұшыраған көліктерді көшеге шығарып, түрлі акция ұйымдастырып жататын. Сол шарапаты мол іс-шара қайта жалғасын тапса дейміз. Аудандық полиция бөлімі аталмыш акция түрін қайта жандандырып, алдағы уақытта іске асырады деген сенім мол.

 Жәнібек СҰЛТАН

Поделиться ссылкой: