АМАНАТТЫ АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ

710 Views

Ұлағатты ұстаз, өнер майталманы Әуесбай қажы Бақбергенұлы ағайыммен қалай тамырласатынымызды кейінгі ұрпақ үшін таратып, тарқатып айтып беруді жөн санадым. Менің әкемнің есімі – Қалмаханбет. Ал ол кісінің әкесі – Айтпан (менің атам). Айтпан атамның шын есімі – Айтбек. Қайнысының атын атамайтын бұрынғының салтымен жеңгелері Айтпан деп жанама ат қойған екен. Содан ауыл арасына Айтбек атамның жеңгелері қойған Айтпан есімі сіңіп кетіпті. Айтпан атам 1943 жылы соғыста ерлікпен қаза тауып, Смоленск облысындағы Дорожкино ауылында бауырластар зиратында жерленген. Айтбектің (Айтпан) әкесі Ділмағамбет менің арғы атам. Әуесбай ағама келсек, оның әкесінің есімі – Бақберген. Ал Бақбергеннің әкесі – Тоқпанбет. Яғни, Тоқпанбет – Әуесбай ағамыздың атасы. Осы Тоқпанбет, Ділмағамбет және Бақпанбет үшеуі бірге туған бауырлар. Демек, Әуесбай ағам екеуіміз немере ағайынбыз. Бүгін мен жетпіс жастық белестің биігінен асқан, ұстаздық қызметті таңдаған ағам туралы тебірене ой толғағым келеді. Біз Тұрар Рысқұлов ауданы, Бірлес ауылының (қазіргі Сәлімбай ауылы) түлектеріміз. 1960 жылы мен өмірге келгенде ағайым небары 8-9 жастағы бала екен. Анам Мейрамкүлдің айтуынша, Әуесбай көкем нәресте кезімде мені бесікте тербетіп, ыңылдап ән салып отырады екен. Қайнысының әнге әуестігін байқаған анам өнерге жақын екенін бірден сезеді. Жеңгесі қайнысына «Егер сен бесік тербетуге, бала қарауға көмек қылсаң, мен саған гармон тартуды үйретемін», – деп талап қойыпты. Елгезек қайнысы Әуесбай жеңгесінің талабын теріс көрмей, бірден келісе кетеді. Қайнысы жеңгесінен осылайша бірнеше әнді үйренген екен. Әуесбай ағамның өнерге жақын болуына себепкер болған алғашқы ұстазы – менің анам десем жаңылыспаймын. Өнерді қаршадайынан бойына сіңірген Әуесбай ағам осылайша өнер жолын таңдап, уақыт өте мәдениет пен педагогика саласының білікті маманына айналды. Баян аспабында еркін ойнап, құйқылжыта шырқағанда тыңдарманның құлақ құрышын қандыра ұйытып тастайтын қасиетіне қайран қаламыз.
Ұстаз аты – күннің құдіретті сәулесі секілді. Шартарапқа сәуле шашқан шуағынан мың-миллион адам жылынады. Демек, күн секілді ұстаздың орны қашан да биікте болуы керек. Осындайда Алаштың күн келбетті ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» дейтін қанатты сөзі ойға оралады. Сауат аштырып, хат танытқан, сыртқы пайым мен ішкі парасатты үйлестіре білген ұлағатты ұстазға талайдың бас иіп, төрден орын беруі құптарлық. Осы орайда, өзгенің баласын аялап, өзін аямаған мұғалімдік миссияны атқаруда Әуесбай көкемнің салған сара жолы айрықша деп білемін. Өйткені, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп кемеңгер Абай айтқандай, ұстаздық ұлы жолды таңдаған ағам тынымсыз еңбекқорлығы мен табиғи тума талантының арқасында шығармашылығын шыңдап, мыңдаған шәкірттің шырағын жаға білді.
«Ұстаздың жүзі жылы, көңілі жұмсақ келеді», — дейді дана халқымыз. Әуесбай ағамыздың аспайтын-саспайтын сабырлы, әрненің байыбына бара білетін байсалды болмысы көпшілікке өнеге. Сайып келгенде, кез-келген саз аспабын меңгеру және оны біреуге үйрету үшін сабыр мен шыдам үйлескен мінездің бірбеткейлігі керек. Бұл ізгі қасиет ағамыздың бойында жетіп артылады. Ағам жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде «бала жанының бағбаны» саналатын мұғалімдерге артылатын жауапкершіліктің де өз салмағын сезіне білді. Ұстаздың студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруі тынымсыз еңбекті, қажырлы қайрат пен үлкен жауапкершілікті қажет ететінін жақсы түсінді. Ол шәкіртте­рін қоғамдағы тәрбиелік дәстүрді жалғастырып, биік адамгершілікке бас­тайтын қасиеттерге баулыды. Соның арқа­сында бүгінде Гауһар Қаспақова, Жандос Омаров, Тахмина Әшімбекова есімді шоқтығы биік шәкірттері қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарына айналды. Ал Бақытжан Қырғызбай, Мөлдір Орынтаева есімді баян игерген талапты түлектері ұстаз ісін жалғап, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүр.
Ұстаздық – тағылымы мол тұлға. Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ағам қашан да құрмет-қошеметке бөленуге лайықты. Еңбек жолында еңбегі жанған ағам Үкіметтің ұстаздарға беретін ең жоғары марапаттары — ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерін иелен­ді. Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталып, мерейі үстем болды. Білім беру саласында абыройы аспандап, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі болып сайланды. 47 жылға жуық табан аудармастан бұрынғы Жамбыл педагогикалық училищесінде, қазіргі гуманитарлық жоғары колледжде еңбегі жанып, оқытушы, кафедра меңгерушісі, өнер ұжымдарының жетекшісі болып табысты қызмет етті. Красногор ауданының мәдениет бөлімінің басшысы болып өңірдің мәдени, рухани өмірінде айтулы оқиға болған игі істердің бастамашысы болды.
Алдыңғы буыннан тәлім ала оты­рып, кейінгі жастарға өнеге қалдыру­ды мақсат етіп, менің де ұшқыннан алау маздатып, жалыңдап жанғым келіп, заңгер мамандығын таңдадым. Қияға жетелеген бала арманым мені мақсатыма жеткізіп, талайға арман болған КазГУ-дың заң факультетін бітірдім. Көп жыл ішкі істер орган­дарында жауапты қызмет етіп, қазірде бейнетімнің зейнетін көрудемін. Өмір деген үлкен белесте ағамнан алған кеңестерім аз болған жоқ. Нағыз ұстаз болу – бақыт, әрі абырой, мұғалім болу оңай көрінгенімен, шындығында ұстаз болу, екінің бірінің қолынан келе бермейтін сауапты іс. Солардың бірі де бірегейі Әуесбай ағам деп айтсам еш жаңылыспаймын. Адам бойында жақсы бір қасиет болса, ең алдымен жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан деп айтар ем. Әуесбай ағам да сондай жақсы отбасынан шыққан ер-азамат. «Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар» дегендей-ақ өнегесі мол Әуесбайдай бауырымның барын мақтан етем.

Т.АЙТПАНОВ,
полиция подполковнигі.

Поделиться ссылкой: