Бір кем дүние
Өз үйіңді қорлама
Адам да құстар сияқты өмірбақи алып бәйтеректің бір бұтағын паналап тіршілік етеді. Сөйте тұра, сорлылар, сол өзі паналайтын бұтақты балталап шаба береді.
Бұтақ құласа, өзі де құлайтынын сезбейтін қандай мақұлық?!
Кейде адамдар жасампаз бола тұра, өркениеттене келе өз құйрығын өзі жалмайтын айдаһар сияқтанады-ау деймін.
Құмырсқа екеш құмырсқа да өз илеуін қорғайды. Ал адамдар өз үйін (табиғатты) қорлайды.
Ойсыраған орны толмас бір кем дүние.
Дүлей күш
Карл Маркс, әрине, ақылдан кенде емес. Кейбір айтқандары – шын данышпандық. Мысалы, оның: «Надандық – дүлей күш. Сол надандық әлі талай сойқанның сойылы бола ма деп қорқамын» дегені – көрегендік. Содан бері де талай қырғын болып, талай қан төгілді.
Надандықтан.
Орасан кем дүние.
Инкубатор балапаны
Біздің ауылдың жаңа салынған жап-жақсы мешітінің азан шақырғаны – инкубатордан шыққан бала қораздың дауысындай жарықшақ әрі беймезгіл.
Діни мектептердің шалағайлығы. Дүмбіл молдалар дайындайды.
Бір кем дүние.
Матриархат деген не?
Қайран қазақтың қара өлеңі!
Керегенің басында оймақ тұрар,
Кедейшілік жігітке қой бақтырар.
Алған жары жігіттің жақсы болса,
Атын байлап, алдында жайнап тұрар…
Ондайлар қазір бар болса, бар шығар. Әй, бірақ көбісі сол күйеуінің өзін ерттеп мініп алып, басына жүген салып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, қалаған жағына қарай бұрып отырар.
Әйелдер қауымының қатын бастығы қоқаңдап:
– Гендерлік саясат!
– Гендерлік билік! – деп қақсап жүр ғой. Көресіні сонда көрерсің.
– Наступает матриархат!
Бүкір дүние
Бiрiншi Петр патша солтүстiктiң Балтық дейтiн теңiзiнiң бiр қолтығына, батпақтың үстiне қала салдырды. Сол қала батпаққа батып өлген мыңдаған адамдардың сүйегiнiң үстiне салынды. Атын Санкт-Петербург деп қойды.
Кейiн ол ат лезде өзгерiп, Ленинград болып шыға келдi.
Опасыз дүние. Жетпiс жылдан кейiн Ленинград аты өшiп, бұрынғы есiмi қайта оралды.
Сталинград Волгоград болды.
Қаланың, елдi мекендердiң әуелгi атын өзгерте берген жақсы емес.
Ақмола едi… Целиноград болды… Астана болды…Әлдекiмдер шошаңдап, тағы да өзгертемiз деп жүр.
Кешегi Кеңес өкiметi тұсында жер-су аттары қопарыла өзгерiп: Андреевка, Алексеевка, т.б. толып жатқан колонизаторлар атымен тоғытылды.
Содан не береке шықты? Қайтадан Күреңбел, Қызтоған, Қошқар-Ата, Түктiбай, Сұрым, Кәрi-Қорған болып, баяғы қалпына келдi.
Бiрақ, әсiресе, бiр кезде Хрущев пен оның губернаторлары Соколов, Бородин, Демиденко дегендер «Целинный край» деп өзгерткен Солтүстiк Қазақстан тарапы сол патша заманынан, Хрущев дәуiрiнен қалған аттарға тұнып тұр: Киевка, Малиновка, Александровка, т.т.
Киевка дегенi Нұра өзенi бойындағы елдi мекен. Әйгiлi ғалым, халқының ардагер азаматы Кәрiм Мыңбаев туған жер. Киевканы қойып, Кәрiм Мыңбаев қояйық десең көнбейдi. Баяғы отаршылдық қамшысы қарғыс таңбасындай басылып қалған байғұстар, «Киевка» атынан айрылса, арам өлетiндей өзеурейдi.
Мiне, бұл бүкiр дүние.
Баласағұн дауы
Ерте, ерте, ертеде Баласағұн шаһары болғаны рас. Ол Шу өзенінің бойында тұрған екен.
Ал дауласып жүрген қазақ пен қырғыз оқымыстылары.
Қырғыздар айтады: «Баласағұн қаласы біздің жерде», – дейді. Қазақтар: «Жоқ, біздің жерімізде», – дейді.
Шу өзені екеуінің де аумағында жатыр.
Сонда Баласағұн сол Шудың қай тұсында тұрған?
Қырғыздар айтады: «Шудың бойында Тоқмақтың тұсында Бурана деген мұнара тұр. Әне, сол Баласағұн», – дейді.
Оны да көрдік. Мұнара бар екені рас. Бірақ Баласағұн егер де кәдімгідей қала болса, қала тұрмақ, кішігірім ауыл сиятын жер жоқ. Бір жағы – жар, бір жағы – Шу.
Ал профессор Шалакенов айтатын Баласағұн Ақсу дейтін өзеннің Шуға құятын қиылысында құла дала жерді алып жатыр. Айналасы ат шаптырым қазылған ордың сұлбасы да көрінеді.
Қазақтың әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері жылда жазда осында қазба жұмыстарын жүргізеді. Көне қаланың толып жатқан белгілері табылған.
Бұл жайдың басы қашан ашылады?
Бір кем дүние.