Ағаш көшеттері отырғызылды
64 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
«Батыс – Қытай, батыс — Еуропа» автожолының бойында орналасқан «Дулат баба» кесенесінің салынғанына көп уақыт толған жоқ. Негізінен, аталмыш кесене Жетісу өлкесін ен жайлаған Дулат бабамыздың ұрпақтарының қолдауымен салынып отырғаны баршаңызға мәлім. Өткен сенбіде әрісі Алматыдан, берісі Шымкенттен дулығалы Дулаттың ұрпақтары баба рухының құрметіне салынған кесене маңына жиылды. Келген қонақтарға «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадраев тарихи шежіреден уағыз айтып, құран оқыды.
Содан соң аудандық мәдениет үйінде «Дулығалы Дулат баба» деген тақырыппен ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияға абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов, «Мұхамед Хайдар Дулати» қоғамдық қорының президенті Мүсілімбай Дайырбеков, генерал Жеңісбай Сұлтанов, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев, абайтанушы, филология магистрі Әлімбай Найзабай қатысты. Келелі конференцияны белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Қалыбек Атжан ашып, жүргізіп отырды.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпыұлттық мақаласы аясында өрбіген конфереренция барысында есімі елге мәшһүр ғалым Мекемтас Мырзахметов қарға тамырлы қазақтың басынан өткен нәубеттер жайлы бағдарлы баяндама жасап, Дулат баба төңірегінде біраз деректер айтты. Ғалым өз сөзінде: – Дулат бабамыздың туған жылы туралы нақты дәйек жоқ. Бір деректерде XII-XIII ғасыр болса, кейбір тарихи кітаптарда VIII ғасыр делінген. Менің пайымдауымша, Дулат баба одан әріректе өмір сүрген. Оған айғақты алыстан іздеу дің қажеті жоқ. Себебі, біздің тасқа қашалған тарихи таңбаларымыз бұған нақты дәлел бола алады,-деді. Белгілі ғалымнан кейін сөз сөйлеген Темірбай Мұқашев, Мүсілімбай Дайырбеков, Жеңісбай Сұлтанов және Әлімбай Найзабай сынды конференция қонақтары осындай бәсірелі жиындар ел аумағында жиі ұйымдастырылып
отырса, өскелең ұрпағымыздың тарихты терең зерделеуге құштарлығы оянатындықтарын жеткізді. Жиында Бәйдібек би мен Домалақ анадан туған Жарықшақ (кей деректерде Тілеуберді) бабамызға да кесене салу мәселесі сөз болды. Екі сағатқа созылған конференцияның тобықтай түйінін қорытындылаған сақа журналист Қалыбек Атжан осы игілікті шараны өз деңгейінде ұйымдастыра білген Санат Қырықбаев, Шәмшіхан Исқақов, Берік Әліпбаев, Қонысбай Сағынбеков сынды жанашыр азаматтарға зор алғысын білдірді.
Марат ДИХАНБАЙ.