Қарт ананы құттықтады
26 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Абай афоризмдері
Тіл жүректің айтқанына көнсе – жалған шықпайды.
Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады.
Есті кісілер есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді.
Құдайшылық – жүректе.
Жаманмен алысып жақсы болмайсың.
Көпке қорлық жүрмейді.
Надан ел – қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады.
Ауруды жаратқан құдай, бірақ ауыртқан құдай емес.
Шала мейір – шала байқайды.
Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпен өмір өткізгенше – малды не жерден сұрау керек, не маңдай терден сұрау керек.
Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?
Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады.
Мал – жұтайды, өнер – жұтамайды.
Атасының баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың.
Ер – артық сұраса да азға разы болады, ез – аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.
10 тамыз – Абай күні
Осыдан бірер жыл бұрын «10 тамыз – Абай күні» деп жарияланған болатын. Содан бері, мінеки, бұл күн ұлттық сипатқа ие болып, республиканың мерзімді баспасөз құралдары жыл сайын 10 тамызда газетке арнайы бет жариялауды дағдыға айналдырды. «Құлан таңы» газеті де бұл үрдістен жаңылған емес. Абай күніне орай, газеттің шығармашылық ұжымы қазақтың бас ақынының «Болыс болдым мінеки» өлеңі мен дала данышпанының афоризмдерін жариялауды жөн көрді. Бұдан бөлек, бүгінде студент, оқушы кезінде республикалық «Абай оқулары» байқауында жүлделі I орынды жеңіп алған Ахмет Қамшыбектің танымдық мақаласын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Абай – абзалдықтың аңдатпасы, ақындықтың әліппесі. Өзі өмір сүрген уақыттың биік шыңынан қоғамға көз салған Абай небір әділетсіздік пен қиянаттың куәгері болды. Қайғы мен мұңға, у мен өртке толы жаралы жанына дәру таба алмай, құсалы өмір сүрді. Тек ақ парақ пен көк сияны медеу етіп, іштегі ойын өлеңге айналдырды. Жанына дауа болар жалғыз серігі – өлеңі ғана еді. Егер Абай өлеңдерінің әрбір сөзін зерделей оқитын болсаңыз, заманында елі үшін жүз ойланып, мың толғанған жан екенін ұғынасыз.
Абай мұрасы адамды рухани тұрғыдан тұлға ретінде жан-жақты дамытады. Ақынның танымдық, тағылымдық, әлеуметтік мәселелерді арқау еткен өлеңдері тек адамгершілікті, адамшылықты алға тартады. Ол өсиеті мен қасиеті қатар жарысқан рухани тәрбиені ұлт бойына өзінің өлеңдері мен ғақлиялары арқылы сіңдіруге тырысты. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» секілді кеселдердің жарға жығатынын ескертіп, оның орнына «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сынды ізгі қасиеттерге арқа сүйеу керектігін айтады. Демек, бұл тұста Абай өлеңдерінде ұлттық психологияның озық үлгісі жатқанын анық аңғарамыз. Сондықтан да, оның поэзиясында «толық адам», «адамгершілік», «ақиқат», «адам» секілді ұғымдар көптеп кездеседі. Ақын өзінің бір өлеңінде «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» десе, екінші бір өлеңінде «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деп тағы да осы үш қасиетке жүгінеді. Бұл арқылы Абай шығармашылығының негізгі тіні – «адам болу» идеясы екенін ұғынамыз. Аталмыш осы үш қасиет адамды рухани тұрғыдан жетілдіріп, пендешілік ойдан ада етеді. Ыстық қайрат арқылы адам талаптанады, бойдағы күш-жігердің арқасында ізденіс жолына түседі. Нұрлы ақыл тек жақсылыққа жетелейді. Ал жылы жүрек арқылы ілкімді істер атқарып, айналаңа ізгілік нұрын шашасың.
Абай жас ұрпақтың білім қорын жинап, оны ізгілік жолында жұмсауына көп көңіл бөледі. Оның ұғымында адам жанын кемелдендіріп, рухани тұрғыдан биік сатыға көтеретін негізгі құрал – білім. Көкірегінде сәулесі бар білімді адам ғана дүниенің небір қыр-сырын аша алады дейді ұлы Абай. Расында, ақын өз өлеңдерінде осы мәселе тұрғысында терең толғанады. Сонымен қатар, Абайдың шығармашылығына үңіліп қарайтын болсақ, оның бұл мәселе жөніндегі ойлары әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзімен астасып жатқанын байқаймыз. Абай да өз өлеңдері мен қара сөздерінде оқушының санасына білім мен тәрбиені қатар сіңдіру аса маңызды екенін айтады.
Абайдың айтуынша, білім тек көңіл көзі ашық, санасы сергек, жүрегі жалынды адамдардың ғана еншісі. Отыз екінші қара сөзінде ол: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқалады» – дейді. Яғни, адам талаптанса ғана білімнің көзі ашылмақ. Іздену – білімге ұмтылудың басты алғышарты.
Әрине, білім-ғылым жолы – өте ауыр жол. Бірақ, қоғамның алға қадам басуына себепкер болатын бірден-бір негізгі күш осы – білім екені сөзсіз. Сондықтан, қазіргі таңда білім алуға түрлі жағдайлар жасалған. Жастарымыздың шет елдерде оқып, тәлім алуына небір мүмкіндіктер беріліп жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл қолдау елімізде білім мен өнерді тең ұстаған жандардың молаюына әкеледі емес пе?! Сондай-ақ, білім мен ғылымның тілін меңгерген ұлт қана өркениетке бір табан жақындайтыны анық. Абайдың мол мұрасының негізгі мазмұны да осында жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды» – деп Абайдың білім-ғылым мәселесі туралы айтқан сөздерінің мән-мағынасына тоқталды. Демек, білім мен ғылым – ұлт дамуының негізгі кепілшарты. Білім мен тәрбиені бойына қатар дарыта білген жан ғана елінің өркендеуіне өзінің үлесін қоса алады. Сондықтан, жоғарыдағы пікірлерді ескере отырып, Абайды «рухани реформатор» деп тануымызға толық негіз бар.
Абай – шын мәніндегі жаңашыл ақын болды. Олай дейтін себебіміз – оның әрбір өлеңінің әлеуметтік мәні мен саяси астары ауқымды. Ол өзіне дейінгі қазақ әдебиетін зерделей отырып, поэзияға түрен салды. Шығыс пен Батыс ойшылдарының шығармаларынан нәр алған Абайдың қазақ әдебиетіне жаңаша бағыт әкелуі – руханиятымыздың үлкен жетістігі. Ақын-жыраулар қолданған өлең формасына өзінше өрнек салып, түрлендіріп, оқырманға ұсынды. Абай қазақ поэзиясын кең жайлаған дәстүрлі тақырыптар мен таптаурын болған қағидалардың орнына әлеуметтік, қоғамдық мәні зор мәселелерді арқау етті. Бұл туралы Абай: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» – деп өлеңнің қандай болу керектігі жөнінде толғанады. Яки, ол бәрін де өз шығармашылығының көрігінде қайната отырып, жетілдіріп, қорытып, көңіл көзі арқылы тудырды.
В.Белинский: «Пушкин туралы жазу – тұтас орыс əдебиеті туралы жазу деген сөз» – деп өзінің бір мақаласында жазған еді. Орыс әдебиетін Пушкинсіз елестете алмайтын болсақ, қазақ әдебиетін де Абайсыз елестету мүмкін емес. Абай – қазақтың екінші аты. Егер әдебиетіміздің өткені мен бүгінін бағамдайтын болсақ, алдымыздан алып шынардай ұлы Абайдың шығары анық. Руханиятымыздың қайнар көзіне айналған Абайға соқпай өту де мүмкін емес. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін оның есімін құрмет тұтады. Олар басқа ақын-жазушылардың есімін білмеуі мүмкін, ал Абайға жүрегінің төрінен орын береді. Бұл – заңдылық.
Ұлтының рухани темірқазығына айналған Абай ХХ ғасырда Алаш жұртының санасына қалай серпіліс әкелсе, ХХІ ғасырда қазақ елін өз өлеңімен солай тербетіп тұр. Сүбелі сөзі мен киелі өнері ел мен жердің ұйытқысына айналды. Ол өзі өмір сүрген кезеңнің ақиқаты мен шындығын арқалап, ізгілік нұрының алауын жағып, ғасырлар бедерінде еркін қалықтап жүр. Өшпес мұрасы, ескірмес нақылы, көрсеткен өнегесі арқылы әлі де адам баласының біршама буынын тәрбиелемек. Туған халқын рухани кемелдену жолына бастаған Абайдың тағылымы екі ғасырға жуық ұлтының ұстынына айналды. Бұл – айқын да анық Абай феноменінің көрінісі. Абайдың адамгершілік пен ізгілікке, білім мен ғылымға үндеген тәлімі терең сөздері қанша ғасыр өтсе де, біздің мәңгі өшпейтін шырағданымыз болып қала бермек.
Болыс болдым мінеки
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап.
Сөйтсе-дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сыяз бар десе жүрегім
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап.
Жай жүргенде бір күні,
Атшабар келді лепілдеп:
«Ояз шықты, сыяз бар»,
«Ылау» деп, «үй» деп дікілдеп.
Сасып қалдым, күн тығыз,
Жүрек кетті лүпілдеп.
Тыңтуяқ күнім сүйтсе де,
Қарбаңдадым өкімдеп.
Старшын, биді жиғыздым:
«Береке қыл» деп, «бекін» деп,
«Ат жарамды, үй жақсы
Болсын, бәрің күтін» деп.
Қайраттанып халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп:
«Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін» деп,
Қайраттанып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп…
Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді,
Өз еліме айтамын:
«Бергенім жоқ,- деп,- белімді».
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді.
«Көрсеттім» деймін, ымдаймын
Кәдік қылар жерімді.
Сөз көбейді, ұлғайды,
Мақтанның к… көрінді.
Қазақты жеген қайратты «ер»,
Ұрынды да берінді.
Әрлі-берлі тартысып,
Ісі арамы жеңілді.
Арыны күшті асаулар
Ноқтаға басы керілді.
Үлкен-кіші ақының
Бәрі сөз боп терілді.
Қайрауы жеткен қатты би
Қайрылып нетсін көңілді.
Өз малым деп қойған мал
Иесіне берілді.
Ақылы жандар қамалап,
Кептірді сонда ерінді.
Арызшылар көбейді,
Болыстың к… шөмейді,
Қайтсін байғұс демейді.
Бір кептірмей терімді,
Күн батқанша шабамын
Әрлі-берлі далпылдап.
Етек кеткен жайылып
Ат к… не жалпылдап.
Оязға жетсін деген боп,
Боқтап жүрмін барқылдап.
Кейбіреуге таяғым
Тиіп те кетті бартылдап.
Пысықтың көбі бұғып жүр,
Беттесе алмай шаңқылдап.
Ашылып омырау, күн ыстық,
Қойын кетті алқылдап.
Елі жөнді болыстар
Мақтанып жүр тарқылдап.
Күлкісі жақсы қарқылдап,
Үні бөлек сартылдап.
Сөйлесе кетсе бір жерде,
Ағыны қатты аңқылдап.
Оязға кірсе, өзгеден
Мерейі үстем жарқылдап.
Елің бұзық болған соң,
Ояз жатыр шартылдап.
Табаныңнан тозасың,
Құр жүгіріп тарпылдап.
Антұрғанмын өзім де,
Бір мінезбен өтпеймін.
Момындық күшті екенін
Көрсем-дағы, күтпеймін.
Сыяздан соң елімді
Қысып алып кетпеймін.
Әуелде к… бос кәпір,
Мықтыға не қып беттеймін?
Жуанды қойып, жуасты
Біраз ғана шеттеймін.
Ояз бардағы қылықты
Ояз жоқта етпеймін.
Кәкір-шүкір, көр-жерді
Пайда көріп ептеймін.
Мынау арам, тентек деп,
Еш кісіні теппеймін.
Өзімдік бол деп ел жиып,
Құрастырып, септеймін.
Бұзақының бүлігін
«Жақсы ақыл» деп, «құп» деймін.
Сүйегім жасық, буын бос,
Біраз ғана айлам бар.
Айлам құрсын, білемін –
Болыстықтың жолы тар.
Қайтіп көмек болады
Антұрған өңкей ұры-қар?
Көргенім әлгі, ойлашы,
Ұят, намыс, қалды ма ар?
Ендігі сайлау болғанда,
Түсе ме деп тағы шар,
Бұл күніме бір күні
Боламын ғой деймін зар.
Ақыл айтар туғандар,
Бұл сөзімді ойлаңдар.
Кәтелешке көбейді,
Сөгіс естіп, тозды ажар.
Мынау елді ұстарлық
Кісі емеспін, кел, құтқар!
Қолдан келмес қорлыққа
Неге болдым мұнша іңкәр?
Ел жайында, жетпей ме,
Оязға да бір хабар?
Тағы бүйтіп кеттің деп
Қозғау салар, қолға алар.
Қатты қысым қылған соң,
Басым сотқа айналар.
Кірлі болып түскен соң,
Көрген күнім не болар?
Өзіне мәлім, тентектер
Өз бетімен не табар?
Қағаз берер, қарманар,
Аяғында сандалар.
Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды.
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды.
Өз қағазы өз көзін
Жоғалтуға жарайды.
Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды.
Өзі залым закүншік
Танып алды талайды,
Көрмей тұрып құсамын
Темір көзді сарайды.
Ахмет ҚАМШЫБЕК,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің 3 курс студенті.