726 Views
ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМНІҢ ОШАҒЫ
Қосымша білім беру мен сауықтыру еңбегін ұйымдастырудың негізгі көзі – “Жас натуралистер” станциясы болып табылады. “Жас натуралистер” станциясы – оқушыларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеп, мектепке және мектептен тыс мекемелерге осы салада жан-жақты көмек көрсетеді әрі табиғатты қорғау орталығы болып есептеледі. Бұл ұйымда оқушылар табиғат әлеміне ене отырып, экологиялық және биологиялық білім және патриоттық тәрбие алады. Елімізде Жас натуралистер станциясы тұңғыш рет 1966 жылы ашылған. Ал Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты «Жас натуралистер станциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2017 жылы желтоқсан айында ашылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Бүгінгі таңда аталған мекемеде 16 қызметкер жұмыс атқаруда. Өткен оқу жылында аздаған уақыт ішінде 160-ға жуық оқушылар қабылданып, білім алды. Біздің негізгі мақсатымыз – оқушылармен оқу-тәрбие жұмысын жүргізу және олардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктерін арт тырып, танымдық қасиеттерін қалыптастыру. Сондай-ақ, оқушылардың шығармашылық жұмысына басшылық жасап, ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу. Мектеп оқушыларын табиғатты қорғауға тәрбиелеп, биология курсы бойынша алған білімдерін кеңейтіп, табиғатта өз бетінше бақылаулар жүр гізуге дағдыландыратын бұл станцияда биологиялық бағытта 3 үйірме жетекшісі жұмыс атқарады. Атап айтсақ, «Жас натуралист», «Өсімдіктер әлемі» және «Табиғат жанашыры». Мұнда сабақ негізінен теория және тәжірибе жүзінде өтеді. Мекеменің ауласында оқу-тәжірибе учаскесі бар. Оқу-тәжірибе учаскесінде мектеп оқушылары түрлі көкөністер өсіріп, гүл шаруашылығы үйірмесінде бір жылдық және көп жылдық гүл түрлерін баптап, өсіреді. Үйірме мүшелері «Көгалдандыру, көгеріштендіру» акциясын өткізіп, ағаштар, аула гүлдерін отырғызды. Балалардың танымдық қасиеттерін кеңейту және тұрғылықты жердің өсімдіктерін тану үшін «Туған өлке табиғатына саяхат» іс-шарасын ұйымдастырады. Қарақыстақ орман шаруашылығына, «Дендро» саябағына барып, оқушыларды түрлі шырша түрлерімен таныстырылады.
Қосымша кәсіби білім беру – білім алушылар мен мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын оқыту үдерісі. Алдымызда көптеген міндеттер бар. Ең негізгісі – келер ұрпақ бойында рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастыру.
М.ТАСТАНБЕК.
Поделиться ссылкой: