Үш округте де ауыз су мен жол мәселесі өзекті

357 Views

Халық – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Соңғы үш жылда шығар, билік өкілдері жұмыс кабинеттерін жиі тастап, әдеттегідей жылына бір рет емес, сәт сайын бұқараның базынасына құлақ түріп келеді. Оған әрине әсер еткен басты фактор – Президенттің пәрмені. Қандай дейсіздер ғой?! Айтайық…
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел тізгінін ұстаған тұста ең алдымен әр түрлі деңгейдегі әкімдерге тапсырма берді. Яғни, жергілікті билік өкілдеріне халықпен кездесуді жылына бір рет емес, бірнеше рет ұйымдастыруды жүктеді. Оның нәтижесі болды да. Арнайы алгоритм бекітіліп, жайлап жұмыс жүйелене бастады. Бұл аз десеңіз, бір жылдан соң Президенттің Жарлығымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қабылданды. Аталмыш тұжырымдаманың ұстанған бағыты да бастапқыдай. Дәлме-дәл айтар болсақ, оның басты мақсаты – билікті халыққа барынша жақындастыру.
Жоғарыда айтылған тапсырмалар мен тұжырымдамалар аясында және Президенттің 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, сейсенбі күні аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Есеев үш бірдей ауылдық округтің тұрғындарымен кездесті. Оған ауыл тұрғындарынан бөлек округ әкімдері, бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Бауыржан Бақытжанұлы бас сұққан алғашқы округтің бірі – Қайыңды.

Азамат Асанбай басшылық ететін округке үш бірдей елді мекен қарайды. Олар: Сөгеті, Мамайқайыңды және округ орталығы саналатын Қайыңды ауылы. Бірден айта кетейін, алғашқы екеуінде ауыз су жоқ. Сөгеті мен Мамайқайыңды тұрғындары тіршілік нәрін ортақ құдықтан тасып ішеді. Қыс мезгілінде әбден қиналатын жергілікті халықтың мұң-мұқтажымен жақын таныс болуы керек, Бауыржан Есеев ол проблеманы өзі сөз басында қозғап, қазіргі күнге дейін атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп берді. Осылайша, ол өзінің іскерлігін көрсетіп, кездесуге тыңғылықты дайындалып келгенін байқатты. Екіншіден, аудан басшысының орынбасары Қайыңдыдағы ішкі және облыстық мәндегі сыртқы жолдардың жай-күйін де баяндады. Өзіне белгілі мәліметтерді парақтап, ішкі мәндегі 9 көшенің 6-ына жол төселгенін айтты. Ал Мәншүк Маметова мен Дәулет көшелеріне жол төсеу мақсатында келер жылы бюджеттен қаржы қарастыру үшін бар күшін салатынын жеткізді. Жиында тұрғындар ауылдан оңалту орталығын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жер телімін алу сынды мәселелерді көтерді.
Дәл осыған ұқсас мәселелер Тереңөзекте де талқыланды. Әсіресе Тереңөзек халқы елді мекен арасындағы және көше жолдарының әбден тозғанын айтып, шағымданды. Сондай-ақ, жиында ауыз су, қаңғыбас иттерді аулау, көше жарығын орнату, Шолаққайыңды ауылына көгілдір отын жеткізу сынды мәселелер көтерілді. Аталмыш мәселелер бойынша тиісті жауаптар да берілді. Осы орайда тереңөзектіктерге қатысты жағымды жаңалықпен де бөлісе кетейік. Ол жайында жиында білім бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Самылтыров мәлімдеді. «Тереңөзекте демографиялық өсімнің бар екенін біз жақсы білеміз. Соның әсерінен ауылдағы Жамбыл орта мектебіне оқушылар сыймай жатқанын да мойындаймыз. Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз жақында 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынатынын мәлімдеген болатын. Осы жоба аясында алдағы уақытта Көкарық пен Шолаққайыңдыға 80 орындық екі мектепті соғуды жоспарлап отырмыз. Бұл облыстық басқарманың бас жоспарында да тұрғанын айтқым келеді» деп Бауыржан Қуанышбекұлы қуанышты жаңалықпен бөлісті.
Бекітілген кестеге сәйкес түс ауа аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев ақыртөбеліктердің де мәселесіне құлақ түріп көрді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің тура бойында орналасқан ауылдың да мәселесі көп болып шықты. Оны жиын бастала салысымен-ақ анық аңғардық. Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан Ақыртөбе елді мекеніне мәдениет үйін және спорттық сауықтыру кешенін салу, таза ауыз су мәселесі, каналдарды тазалап, қалпына келтіру сынды мәселелер көтерілді. Аталмыш сауалдарға аудан әкімдігі қызметкерлерінің тарапынан тиянақты жауаптар берілді.
Айта кетейік, Бауыржан Бақытжанұлы тұрғындарды жеке де қабылдады. Жеке пікір алмасу барысында мәселелердің шешілу барысы айтылып, заңдылық талаптары түсіндірілді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: