Тамыры терең Тереңөзек

1 176 Views

Тамыры терең Тереңөзек

Жамбыл атындағы колхоз 1950 жылы Ынтымақ және Мақпал колхоздарының бірігуі негізінде ұйымдасқан еді. Ол сол кезде Ақыртөбе ауылдық кеңесінің құрамында еді. 1954 жылы Тереңөзек ауылдық кеңесі болып бөлінді.

1950 жылы құрылған Жамбыл атындағы колхоздың орталығы Тереңөзек ауылы болатын. Құлан ауылынан батысқа қарай 54 шақырым жерде, Түрксіб темір жолы мен Алматы-Жамбыл бағытындағы автомобиль жолы бойында орналасқан ауылдық округ құрамында үш елдімекен бар. Олар: Тереңөзек, Көкарық және Шолаққайыңды ауылдары. Тереңөзек ауылында бүгінде 2000-нан, Көкарық ауылында-600-ден, Шолаққайыңды ауылында 300-ден астам халық тұрады. Қазақтар жалпы халықтың 98,9 %-ын құрайды.

Колхоз 1997 жылға дейін мал өсірумен айналысып келді. 1997 жылдан өндірістік кооператив, шаруа қожалықтары құрыла бастады. Тереңөзек ауылдық округіндегі жалпы жер көлемі 1350 гектарды құрайды. Оның 133 гектары – егістік, 1021 гектары – жайылым. Егістік жердің 88 гектар жері суармалы. Қазіргі таңда 1317 бас ірі қара, 598 жыл

Лиция қы, 28411 қой мен ешкі бар. Елдімекенде 1 орта мектеп, 2 бастауыш мектеп (Көкарық, Шолаққайыңды ауылдарында), 3 мәдениет нысаны, Тереңөзек ауылы бойынша 1 дәрігерлік амбулатория бар. Ауылды Мұхтарбек Арынбекұлы Мұсаев басқарып отыр.

Мұнда кезінде отарлаушыларға қарсы ұлт-азаттық күреске қатысқан батыр Шыныбек Датқа, Бекқожа би, ақын-жыршы Сыдық Аткелтіров, соғыс және еңбек ардагері Әбдіәкім Жәлімбетов, халық ақыны Қазыбай Бижанов, халық мұрасын зерттеуші Әміре Сұлтанбеков, облысымыздағы алғашқы милитция генерал-майоры, облыстық ішкі істер бөлімінің бастығы болған, ҰОС және еңбек ардагері Файзин Қыпшақбаев, Социалистік Еңбек Ері, 4 мәрте Ленин және Еңбек Қызыл Ту орденінің иесі Сындыбала Оңғарбаева, ғалым, геология-минерология ғылымдарының докторы Кеңесбай Табылдиев, ғалым, КСРО өнертапқышы Еркін Жайлаубеков сияқты белгілі қайраткерлер дүниеге келген. Қазіргі таңда осындай ел азаматтарына арнап ауылдық мешіттің жанында аллея салынған. Ертелі-кеш бұл маңайдан адам арылмайды. Халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деуші еді ғой. Бәлкім, мешіттің жанынан салынғанының да бір мәні бар шығар. Жұма күні жұма намазға бара жатып, әлгі аллеяның ортасында құран оқып отырған ақсақалды көзіміз шалды. Жөн сұраған едік, « -Мешітке келе жатыр едім, алдымен елге еңбегі сіңген осы рухтарға тағзым етіп, құран бағыштап кетуді жөн көрдім» -деді ақсақал. Осылайша, ескерткіш тақталарында тұрғандар жайлы біраз әңгімелеп, мағлұмат берген оны осы ауылдың қазыналы қариясы, құрметті ақсақалы болар деп ой түйдік.

КӨПЕН ӘБДІРАЛЫҰЛЫ ҚИЛЫБАЕВ

1939 жылы дүниеге келген. Балалық шағы сұм соғыстың сұрапыл жылдарында өтті. Ақыртөбе орта мектебін 1955 жылы бітіріп, кейін Жамбыл атындағы колхозда механизатор болып жұмыс істеді. 1963 жылы өз алдына отау құрған ол 3 ұл, 5 қызынан бірнеше немере-шөбере сүйіп отыр. 1963 жылдан бастап цехтық партия ұйымының хатшысы болды. Зейнетке шыққанша колхозда әртүрлі жұмыстар істеп, трактор, комбайн айдады.

1971 жылы «Лениннің 100 жылдығы» атты медаль, 1972 жылы «Құрмет белгісі», 1975 жылы «Ленин» орденіне ие болды. 2016 жылы ауданның Құрметті азаматы» атағы берілді. Зейнетке шыққаннан кейін «Еңбек ардагері» атағын алды.

Соғыс басталғанда, әкесі де, ағасы да соғысқа аттанған. Соғыстан оралғаннан кейін әкесі біраз жыл өндіріс бригадирі болып, 1967 жылы қайтыс болды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, соғыстан аман-сау оралып, күш-қуатын колхоздың жұмысына арнай білген әкесін үлгі тұтқан Көпен Әбдіралыұлы сонау балалық шағынан еңбекке бейім болған. Міне, сол еңбегі бүгінде еленіп, құрмет-қошеметке бөленіп келеді.

ЖОЛДАСБЕК ШАЙДОЗЫМҰЛЫ ҚАЙНАРБАЕВ

Жолдасбек Қайнарбаев – Тереңөзек ауылдық округінің ардагерлер алқасының төрағасы. 1948 жылы 12 маусымда дүниеге келген. Алғаш 1966 жылы Жамбылдағы педагогикалық институтта 2 айлық курс оқып, Жамбыл атындағы орта мектепте завхоз болып қызмет етті. 1967 жылы желтоқсанда Қиыр Шығысқа әскерге аттанды. 1969 жылы әскерден оралғаннан кейінгі бар арманы – оқу болған. Оқу үшін Қызылорда қаласына барып, 1971-1973 жылдары техникумда «инженер» мамандығын меңгерді. Оқу бітірген соң ауылға келіп, 1973-1979 жылдар аралығында бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. 1979 жылы ауылдық әкімшілікке бас маман қызметіне шақырылды. Содан бері 2011 жылға дейін осы қызметті мүлтіксіз атқарып, зейнетке шықты.

Жібек жолы бойында орналасқан ауданымызға бүгінде 80 жыл толып отыр. Әрине, аудан көлеміндегі барлық ауыл-аймақтың өзінше тарихы, өзінше бір жүріп өткен жолы бар. Ашаршылық нәубеті, Голощекиннің ұйымдастырған «Кіші қазан төңкерісі» талай ошақтың отын сөндірген, талай ананың, асыл жардың, көптеген нәрестелердің көз-жасын төккен кешегі Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі жылдардағы халықтың көрген қиыншылығы мен төккен тері… Міне, осының бәрі де 80 жылдың ішінде болған оқиғалар. Жоғарыда аталған тарихы терең Тереңөзек ауылының да осы жылдар ішінде экономикасы, халықтың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті сан құбылып, уақыт көшімен бірге өсіп, өркендеп келеді.

Салтанат ҚАРАСАЙ.

Поделиться ссылкой: