Еңбек даулары
Еңбек даулары – жұмыскердің немесе қызметкерлер ұжымы мен жұмыс берушінің арасында еңбекті пайдалануға байланысты мәселелер бойынша шешілмеген келіспеушіліктер. Келiспеушiлiктер қызметкер (ұжым) мен жұмыс берушi арасындағы тiкелей келiссөздер арқылы шешiлмеген кезде еңбек дауы туындаған деп есептеледi. Сондықтан еңбек дауына келіспеушіліктер әкелмеу үшін қызметкер (ұжым) оларды тікелей жұмыс берушімен шешуге тырысуы керек. Еңбек дауларының болуы жалпы қоғамдағы және оның ішінде еңбек ұжымдары шеңберіндегі келеңсіздіктердің дәлелі болып табылады.
Еңбек дауларының пайда болуының көптеген себептері бар және олар әртүрлі. Ең жиі кездесетіні – жұмыс берушінің жекелеген қызметкерлердің немесе жалпы еңбек ұжымдарының еңбек құқықтарын бұзуы.
Қазіргі кезең, өкінішке орай, жұмысшылардың еңбек құқықтарының өрескел бұзылуымен сипатталады. Еңбек даулары жұмыстың нашар ұйымдастырылуынан, қызметкерлер арасындағы еңбек функцияларының нақты бөлінбеуінен, еңбек ұжымдарын басқарудың қанағаттанарлықсыз стилінен және т.б. туындайды. Заңнама еңбек дауларын қараудың басқа тәртібін белгілейді. Бұл еңбек дауының түріне байланысты.
Сондықтан еңбек дауларын қарау тәртібін түсіну үшін олардың жіктелуін білу қажет. Еңбек даулары әдетте даудың мәні мен сипатына қарай жіктеледі.Дауласушы субъектілер бойынша еңбек дауларының түрлері:
Жеке – бұл нақты қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы даулар.
Ұжымдық даулар – ұйымның немесе оның құрылымдық бөлімшесінің (цех, өндіріс және т.б.) ұжымы мен жұмыс беруші арасындағы даулар.
Даудың нысанасы (сипаты) бойынша еңбек даулары талап қою және талапсыз болып бөлінеді.
Еңбек кодексіне сәйкес, жеке еңбек даулары бойынша алдымен келісу комиссияларына, содан кейін ғана сотқа жүгіну тәртібі көзделген. Яғни, заң талабына сәйкес, жұмыскерлердің немесе бұрын еңбек қатынастарында тұрған адамдардың не жұмыс берушінің келісу комиссиясына жүгінуі олардың арасында туындаған жеке еңбек дауын сотқа дейін реттеу тәртібінің міндетті сатысы.
Келісу комиссиясы жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің бірдей санынан тепе-тең негізде ұйымдарда, оның филиалдары мен өкілдіктерінде құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Ол еңбек қатынастарын, еңбек қатынастарымен тікелей байланысты қатынастарды реттеу кезінде еңбек заңнамасын қолдану процесінде туындайтын мәселелер бойынша, әлеуметтік әріптестік, сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі жеке еңбек дауларын қарайды.
Еңбек кодексінде келісу комиссиясына немесе сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну үшін мынадай мерзімдер көзделген:
– жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі келісу комиссиясына тапсырылған күннен бастап бір ай;
– сотқа жүгіну үшін – реттелмеген даулар бойынша не еңбек шартының тарабы келісу комиссиясының шешімін орындамағанда жүгінген кезде келісу комиссиясы шешімінің көшірмесі тапсырылған күннен бастап екі ай;
– басқа еңбек даулары бойынша – жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл.
С.Узбеков,
Тұрар Рысқұлов аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы.