Ең жақсы адам – Ана тілін құрметтеген адам

435 Views

Тіл – ұлттың жаны, рухы. Сол себепті де, тіл мәселесі әрқашан биік дәрежеде тұруы керек. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» – деп, ұлт үшін тілдің қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Тарихтан білеміз, қазақ халқы талай қиын нәубет, зұлмат жылдарды бастан өткергенін. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап, босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтың да бойынан көреміз. Ана тіліміздің айтып жет­кізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық екені ақиқат.
Ата-бабамыздан қалған асыл қазына – тілімізді сақтаудың тиімді жолы отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері анық. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Қорыта айтқанда, тіл тағдыры – ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық.

Б.Жайлаубаева,
Т.Рысқұлов аудандық «Тілдерді оқыту» бөлімшесінің штаттан тыс оқытушысы.

Поделиться ссылкой: