Дифтерия туралы не білеміз?

677 Views

Дифтерия – ол суық тиген сияқты дене қызуының көтерілуінен басталады, бас ауырады және тамақ іседі. Көмейдің артқы жағында, кейде мұрын мен ерінде сарғыш қоңыр қатпар немесе қабыршықтар пайда болады. Баланың мойны ісіп кетеді. Аузынан жағымсыз иіс шығады.
Күл ауруының көзі науқас адам. Ең жоғары эпидемиялық қауіпті мұрын, жұтқыншақ және көмей дифтериясымен ауыратын адамдар тудырады, қоздырғыш сыртқы ортаға ауа арқылы бөлінеді.Ал тері дифтериясымен ауыратын науқастардың эпидемиялық қаупі жағынан маңызы аз.
Дифтерия қоздырғышын жұқ­тыру­шылардың 5 түрін ажыратады:
– транзиторлы тасымал­дау­шылық (қоздырғыш сыртқы ортаға 1-7 күн бөлінеді)
– қысқа мерзімді (7-15 күн)
– орташа ұзақтық (15-30 күн)
– ұзаққа созылатын ( 6 айға дейін)
– созылмалы (6 айдан аса)
Аурудың берілу механизмі – ауа тапшылығы.
Клиникалық белгілері
Дифтерия жайылу түріне қарай жұтқыншақта, тыныс алу жүйелерінде, мұрын қуыстарында кездеседі. Сирек жағдайда, көз, жыныс мүшелері, тері жа­бын­дылары зақымдалады. Сырқат­танушылықтың ең кеңінен та­ралған түрі жұтқыншақ диф­териясы (тіркелген жағдайдың 95%). Аурудың бастапқы кезінде науқастың дене қызуы көтеріледі, улану белгілері ұлғаяды. Қарау кезінде бадамша бездерінде тегіс, шекарасы анық ақ жағынды пайда болады. Жағындыны алып тастау мүмкін емес. Егерде пинцетпен жағындыны алып тастау әрекетін жасаса, орнында қанаған жарақат қалады. Токсикалық түрінде дене қызуы 39,5-41°С дейін жылдам көтеріліп, организмнің улану белгілері өсіп, жөтел пайда болып, жұтқыншақтың ісінуінен науқастың тыныс алуы қиындап, дауысы жоғалады.
Асқынулар
Дифтерия таяқшасын бөлетін токсин тез арада қанға таралып, ауыр және қауіпті асқынуларға әкеліп соқтырады. Салдарынан тыныс алу жеткіліксіздігі пайда болып, өлім жағдайына алып келеді.
Дифтерияның емі
Ауырлық дәрежесіне қарамастан, ересектер мен балаларда дифтерияның барлық түрі ауруханада емделеді. Науқасқа дифтерияға қарсы сарысу тағайындалады. Сонымен қатар антибиотиктер курсы тағайындалып, нәтижесінде қоздырғыштар жойылып, улану белгілері де төмендейді.
Алдын алу шарасы
Кез келген ауруды, әсіресе осындай қауіпті дифтерия ауруын емдегенше, алдын алған оңай. Негізгі арнайы алдын алу шарасы ол – вакцинация. Вакцинация сәбидің 2 айлық (2,3.4 ай, 18 ай, 6 жас) кезінен басталады. Бұл жұқпаға қарсы вакцинация Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Балаларға АбКДС және ересектерге 16 жастан бастап АДС–М вакцинасы қолданылады. Ересектерге инфекцияға қарсы иммунитетті қалыпты ұстау үшін, әрбір 10 жыл сайын қайталама вакцинация жасау қажет (16, 26, 36 жас және ары қарай).
Дифтерияға қарсы екпе жасау керек пе? Әрине, бірақ егілгендердің де сырқаттанатынын білуіміз қажет. Бірақ ауырған күнде ауру жеңіл өтіп, асқынулар туындамайды.

Г.Сәрсенбек,
ҚРДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Жамбыл облысы
бойынша филиалы Т.Рысқұлов аудандық
бөлімшесінің бактериологиялық және паразитологиялық зертханасының дәрігері.

Поделиться ссылкой: