Панфиловтағы проблема, Жаңатұрмыстағы жайылым, Қарақыстақтағы қордаланған мәселелер назарға алынды

360 Views

Аудан әкімі Ернар Серікәліұлының аудан тізгінін ұстағанына міне жүз күннен аса уақыт өтті. Округтерді жоспарлы түрде және кезектен тыс аралап жүрген аудан басшысы Президент пәрмені аясында Құлан, Жаңатұрмыс, Қарақыстақ ауылдық округтеріне күні кеше ресми түрде екінші рет ат басын тіреді. Ондағы басты мақсаты – округ тұрғындарымен кездесіп, ауданның экономикалық көрсеткіштерін тізбектеу және тұрғындар тілегіне тағы да құлақ түру.

Ернар Серікәліұлы ең алдымен жиырма мыңға жуық тұрғыны бар құландықтармен кездесті. Кездесу барысында көптеген түйткілді мәселелер көтеріліп, олардың шешу жолдары қарастырылды. Ең алғашқы сауалды аудан әкіміне Желтоқсан көшесінің тұрғыны Тоқтасын есімді азамат жолдады. Көше тұрғыны ауласындағы электр желісіне қатысты қиындықтар жиі туындайтынын айтып, көмек қолын созуды сұранды.
– Желтоқсан көшесінде электр бағаны дұрыс орнатылмаған. Нақтырақ айтқанда, аталмыш бағандардағы электр желісі Жібек жолы көшесінен тартылып, көршілеріміздің шарбағы арқылы өткен. Сол бағандар енді жылда жөндеу көрсе де майысып, қиындықтар туғызуда, – деп Желтоқсан көшесіндегі дүйім жұрттың өтінішін жеткізді. Мұндай қиындықтың барын аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Назигүл Мурзатаева да растады. Мекеме басшысы тіпті электр бағандары үй шарбағында орналасқандықтан, арнайы қызмет көрсету де айтарлықтай қиындық туғызатынын жасырмады. «Мың рет құлақпен естігенше, бір рет көзбен көруді» берік қағида ретінде ұстанатын аудан басшысы аталмыш мәселемен жиыннан кейін міндетті түрде жеке барып танысатынын айтып, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Құлан ауылының батысында көп қабатты төрт үй бар. Іргетасы 1972 жылы қаланған үйлер Панфилов көшесінің бойында тұр. Былтыр ауласына ойын және шағын футбол алаңы орнатылып, қуанышқа бөленген ондағы жұрт енді төрт бірдей тұрғын үйдің шатырын жауып беруді өтініп жүр. Мердігер табу, онымен келісу сынды алғашқы жұмыстар қолға алынып, басталып та кетіпті. Бірақ тұрғындар сол мердігерге қаржы бөлу кезінде көп қиындықтар туындап жатқанын жасырмай, биыл тағы да шатырдан аққан су астында қалатынын айтып, шағымданды. Аудан басшысы бұл мәселемен жақсы таныс екенін айтып, мәселені бір күнге белгілеп, үш тарап біріге отырып шешуді ұсынды. Ұтымды ұсынысты көпқабатты тұрғын үй тұрғындары қуана құптады.
Жиында өзге мәселелер де қарал­ды. Атап айтар болсақ, Уколов көшесіне жарық орнату, қаңғыбас иттерді ау­лау мен қараусыз төрт түлікті тұсау, Абылай­хан көшесіне су құбырын тарту, Шөңгер ауылына медициналық пункт салу сынды мәселелер көтерілді.
Дәл осындай форматтағы жиын түс ауа Жаңатұрмыс және Қарақыс­тақ ауылдық округтерінде де өтті. Он­дағы жұрттың да ортақ мәселесі бар болып шықты. Мәселен, жаңатұрмыстық­тар жаңадан тартылған аула сыр­тын­дағы су құбырын үйге дейін жеткізіп беретін арнайы мекеме болса деп өтініш тастады. Сондай-ақ, ондағы жұрт жер мәселесін ұзақ қозғап, атал­мыш салада ақпарат­тандыру жұмыс­тары әлсіз жүріп жатқанын айтты. Ізін­ше дәл сондай сынға ауылшаруашылығы сала­сы да ілікті. Тұрғындардың пікірінше ауылшаруашылығы жерлері мен техниканы бөлу кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер орын алаты­нын айтып, өз пікірлерін жасыр­май жеткізді. Жиында жайы­лым, кәсіппен айналысу сынды мәсе­ле­лерді қозға­ған халық кездесу соңына қарай жас болса да, бас болып жүрген ауыл әкімі Ерсайын Қуандыққа қолдауды барынша арттыру керектігін айтып, барлық ақпараттандыру жұмыстары ауыл әкімі арқылы халыққа жетсе деген тілегін жеткізді.
Ал Оразалы Танкеев басшылық ететін Қарақыстақ ауылдық округінде өткен кездесу қызыққа әрі пікірталасқа толы өрбіді. Төрт бірдей елді мекеннен құралған округте де мәсе­ле­лер баршы­лық екенін тұрғындар тілегі­нен анық аңғардық. Жиында тұрғын­дар Тасшолақ ауылына тиісті деңгей­де көңіл бөлінбейтінін, ауылға балалар ойын алаңы мен жайылымдық жердің жетіспейтінін жеткізіп, кітапхана қасындағы көпір жөндеуді қажет ететінін ашық айтты. Ал Қазақ ауылының жастары бейітті қоршау, азық-түлік бағасына бақылау жасау, округ орталығына банкомат орнату, қоқыс полигонын салу сынды өтінішті жеткізді. Ал каменкалықтар көшеге жарық орнату, ауылға спорт кешенін салу сынды мәселелерді айтып, пікір бөлісті. Ең өзекті мәселенің бірін Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Мұратжан Мейманханов ортаға салды:
– Біздің мектепке екі ауылдан 160-қа жуық бала қатынап оқиды. Жалпақсаз бен Тасшолақ елді мекендері «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің бойында орналасқан­дық­тан, оқушылар­дың қауіпсіздігіне қатты алаңдаймын. Мәселені талай жылдан бері көтеріп келемін. Бірақ, оң шешілер емес. Ендігі ұсынысым – аудандық полиция бөлімі оқушылардың сабаққа барып-келуін арнайы қадағаласа… – деп ұсыныс тастады. Аудандық полиция бөлімі­нің өкілдері бұл өтінішке бірден жауап қатты. Нақты айтсақ, олар аудандық білім бөлімінен неме­се мек­­теп әкім­шілігінен қатынас хат болса, жол­серік болуға қарсы еместігін айтты.
Әр округтегі кездесулер соңында аудан әкімі Ернар Серікәліұлы ауыл тұр­ғын­дарын жеке сұрақтарымен қабыл­дап, қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында шешімін табатынын және қордаланған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілетінін жеткізді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: