Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы
14 ViewsҚазақстанның батыс аймағындағы облыстар Көрісу мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл мерекеге оңтүстік өңірлердегі жұртшылықта ерекше ден қою үстінде. Онысы өте дұрыс деп…
Қызылшаруада қандай қауіпті жол бар? Екі мекемеде қызмет етіп, бір жалақы алатын кім? Қай мектептің асханасында қымбат тағам түрлері саудаланады? «ҚайнарАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ақбұлақтықтарға пай үлесін беруге неге асықпайды? Қыста Луговой ауылында көгілдір отын болмай қалуы мүмкін бе? Теміржолшы көшесі тұрғындарының талап-тілегі қандай? Су құбырының жарылуы неге жиілеп кетті? Аталмыш сұрақтардың барлығы Ақбұлақ және Луговой ауылдық округтерінде сәрсенбі күні өткен жиында көтерілді. Ендеше әдептен озбай, көп сөйлеп созбай тақырыпты тарқатсақ.
Халық – мемлекеттің тірегі. Ол болмаса мемлекетте құрылмайтыны әу бастан белгілі. Бір сөзбен айтқанда, халық – мемлекеттің асыл қазынасы. Сол үшін де қарапайым ел базынасы басты назарда әрдайым тұруы қажет. Соңғы кездері бұл тұрғыда көп сөз айтылып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарапынан тиісті тапсырмалар жауапты мамандарға жиі жүктеліп те жүр. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес әртүрлі деңгейдегі әкімдер тоқсанына бір рет тұрғындармен кездесуде. Олардың қатарында Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов те бар.
Сәрсенбі күні аудан басшысы екі бірдей округке барып, тұрғындармен тілдесті. Оның бірі – Ақбұлақ болса, екіншісі – Луговой.
Ақбұлақтық ағайындармен кездесу ерекше форматта өтті. Нақтырақ айтатын болсақ, ұйымдастырушылар келелі кездесуді бұрынғыдай бөлме ішінде емес, мәдениет үйінің ауласында өткізуді жөн санапты. Өзгені қайдам, дәл осындай форматтың таңдап алынуы өзіме қатты ұнады. Еркін, көсіле сұрақ қойған ауыл тұрғындарына қарағанда, оларға да кездесу түрі жақсы жағынан әсер еткен секілді. Қош… Тақырыптан ауытқымай, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге кезек берейік.
Ақбұлақ ауылдық округінің құрамына үш бірдей елді мекен кіреді. Олар: Р.Сәбденов, Қызылшаруа және Бәйтелі. Алғашқы аталған ауылға кейінірек орала жатармыз. Алдымен Қызылшаруа мен Бәйтеліге қатысты ортақ мәселені қаузай кетсек.
Өздеріңіз білетіндей, Қорағаты, Қызылшаруа, Бәйтелі, Р.Сәбденов ауылдарының тұрғындары ауданға облыстық мәндегі жолмен қатынайды. Тек олар емес, аталмыш жолды Шу, Қарағанды, Астана қаласына жол тартқан ауыр жүк көліктері де жиі қолданады. Неге? Себебі көрші Меркі ауданында ауыр көліктердің жүк салмағын өлшейтін арнайы құрылғы бар. Бәлкім содан қашатын болар, «Луговой – Тәтті» бағытындағы жол үлкен сұранысқа ие. Тұрғындардың пайымына қарағанда, бұл фактор жолдың тез бүлінуіне де әсер етеді екен. Дегенмен, жиылған жұрт облыстық мәндегі ортақ жолды қызғанбайтындықтарын жеткізді. Тек «жүргізушілер ауыл арасымен өткен сәтте сәл болса да жол ережесін сақтаса…» деген уәждері бар екенін жасырмады. Әсіресе, жиында осы тақырыпты Қызылшаруа ауылының тұрғындары көтерді. Неліктен? Себебі аталмыш жол ауыл мен мектеп арасын бөліп тұр. Кез келген көлік зуылдап өтетін жол қазіргі таңда «бүлдіршіндерге, оқушыларға үлкен қауіп төндіріп тұр» дейді тұрғындар. Халық базынасын мұқият тыңдаған аудан басшысы аталмыш мәселелерді шешу үшін тиісті шараларды қабылдайтынын жеткізді.
О заман да, бұ заман. Екі мекемеде жұмыс істеп, қос бірдей басшыға бағынатын, бір ғана жалақы алатын адамды көріп пе едіңіз? Сәрсенбі күні көрдік біз. Жиында өз проблемасын ашық айтқан Р.Сәбденов ауылының тұрғыны мектеп пен балабақшаны бірдей қарауылдап, бір ғана жалақы алатынын жеткізді. Аудан басшысы сауал иесіне заңдық тұрғыда кеңес беріп, жауаптыларға мәселені оң шешу үшін тиісті тапсырма берді. Мектеп демекші! Кездесуде Ақбұлақ орта мектебінің асханасы да сөз болды. Ата-аналардың сөзіне сенсек, ондағы саудаланатын тағам түрлерінің бағасы бүгінде қымбат екен. Соны сәл арзандатуды сұраған тұрғын қымбатшылық көпбалалы аналарға қиындық туғызып жатқанын айтты. Мектеп директоры мен білім бөлімінің өкіліне сол сәтте әкім тарапынан тапсырма беріліп, шешу жолдары айтылды.
Ақбұлақта пай үлескерлерінің де мазасы кеткен секілді. «ҚайнарАгро» ЖШС-ның үлескерлері әлі күнге дейін өздеріне тиесілі астықты ала алмай отырғандықтарын жеткізді. Соның бірі – Алтай Шайхиев.
– Менің 27 гектар жерім бар. Бірақ, әлі күнге дейін өзіме тиесілі пайды ала алмай отырмын. ЖШС басшысының сылтауы күн санап көбейіп барады. Тіпті, былтыр пай үлесін алуға «жер иесінің өзі келсін» деп, қырманға арбада отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтың барғанын да өз көзімізбен көрдік, — деп мәселені оң шешуді сұрады. Аудан басшысы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Д.Жанәділовке тапсырма беріп, ақпараттық-түсіндіру, зерделеу жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.
Жиында Аққайнар көшесіне жаңадан салынған асфальттың сапасы және балабақшаға ойын алаңын салу, ақылы жолдың тарифын арзандату сынды мәселелер көтерілді.
Дәл осындай кездесу түстен кейін Луговой ауылында да өтті. Мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасы қалың болды. Луговойлықтар сауал қоймас бұрын аудан басшысы Ернар Серікәліұлының сөзіне мұқият құлақ түрді.
– Ауылдарыңызда ең басты проблеманың бірі – қоғамдық көлік. Оны жақсы білемін. Біз жеке кәсіпкерлерге жүгіну үшін сатып алу ресурстарында байқау жарияладық. Байқау ойдағыдай өтсе, мәселе оң шешіледі. Біздің ойымызша жол ақысы 65-70 теңгеден аспауы қажет. Екіншіден, сіздер алдыңғы жиында қозғаған бұрынғы кеден қызметкерлеріне салынған үйлер ағымдағы жөндеуден өтуде. Оны да мұқтаж жандарға үлестіретін боламыз. Үшіншіден, ауылдарыңызда су тасқынын болдырмау үшін арықтар қайта қазылып, тиісті жұмыстар жасалуда, – деп өзекті мәселелерді өзі қозғап шықты.
Кездесу әкім сөзінен кейін «сұрақ-жауап» кезеңіне ұласты. Луговойлықтар «қыста газ болмай қала ма?» деп қауіптенеді екен. Бұл туралы ауыл тұрғыны, кәсіпкер Наурызбай Шуақбаев мәлімдеді. Тіпті, оған жауапты мамандар келіп, қысқа ерте қамдану керектігін айтып, көмірмен жағылатын пеш орнатуды ұсыныпты. Бірақ ауыл әкімі Мұрат Сванов аталмыш ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, дүрлігудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Ал Теміржолшы көшесінің тұрғындары көше бойына жаяу жүргінші жолы болса десе, Шаймерден Егембердіұлы, Саяқбай Әденұлы көшесінің тұрғындары қаңғыбас иттер мен қараусыз төрт түліктің көптігін айтып, аталмыш көшелерде жиі су құбырлары жарылатынын айтты. Аудан әкімі халық тарапынан көтерілетін бұл мәселелер ұдайы бақылауда болатынын жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі қос бірдей округ тұрғындарын жеке де қабылдап, көтерілген сауалдар заң тұрғысында шешілетінін айтты.
Жәнібек СҰЛТАН.