«ЖЕТІСУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІНЕ» КЕЛІП ҚОСЫЛҒАН ТЫҢ ТҰЛҒА немесе күйші әрі жыршы Төребек Әбдікерімнің тұңғыш кітабы жарық көрді
Иә, бұл біздің Тұрар Рысқұлов ауданы ғана емес, бүкіл Жамбыл жұртшылығы үшін айпара жаңалық. Енді өнер сүйер қауым Байсерке, Кенен Әзірбаев, Әбдімомын Желдібаев, Садыхан Әубәкіров, Әшірәлі Шыңқожаев, Мәді Шәутиев, Тұраш Әбуов, Боранқұл Көшмағамбетов, Аман Малдыбаев, Мұхтарбай Рахманқұловтардың есімімен бірге жерлесіміз, дарынды талант иесі Төребек Әбдікерімнің де есімін қатар атайтын болады.
Оған жақында Алматының «Жания-Полиграф» баспаханасында басылып шыққан «Жыр тербеп, күй шертемін» атты Т.Әбдікерімнің кітабы (оқу құралы) ілік бола алады деп ойлаймын. Тың туындының жарық көруіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, дәлірек айтқанда, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыкасы факультеті ұйытқы болып, кітап осы оқу орнының «Домбыра» кафедрасының жиналысында талқыланып, баспаға ұсынылды. Оқу құралын баспаға білікті музыка мамандары Дулат Байзілдаев пен Ерболат Әлімқұл әзірлеп, күйшінің сегіз күйін нотаға түсіріп, партитурасын қоса өткізді. Кітапқа елімізге танымал Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткерлер: Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, Халық музыкасы факультетінің деканы Т. Тоқжанов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Е.Рысметов пен М.Рахманқұловтар пікір жазды.
Кітапқа Жетісу күйшілік дәстүрінің жаңа өкілі Т.Әбдікерімнің «Еске алу», «Сонарда», «Жайлау», «Қазақстан», «Қарындасым, қайдасың?», «Шаттық», «Сағыныш», «Барат құда» атты күйлері мен «Жастар маршы», «Кім едің, сен?», «Хат жазасың қалқашым», «Еркем-ай» сияқты әндері енген. Оқу құралындағы күйлер қазақ оркестріне өңделіп, партитураға түсірілген. Мәселен, автордың айтуынша, «Еске алу» күйі Құрманғазы Сағырбайұлының күйін тыңдаған соң жазылған туынды екен.
Жақында күйші, сазгер, ақын Төребек Әбдікерім өзінің 85 жасқа толған мерейлі мерекесін өзі туып өскен «Қарабұлақ» басында, «Тауқымыз» саяжайында атап өтті. Осынау мерекеге кітапты құрастырушылар Д.Байзілдаев пен Е.Әлімқұл да келді. Жұрт алдында Т.Әбдікерімнің кітабының тұсауы кесілді. Алматыдан келген Құрманғазы оркестрінің шағын квартеті Төкеңнің күйлерін Ақыртөбе, Құлан, Өрнек, Жарлысу, Әбжапар өңірлерінен келген халыққа тұңғыш рет орындап берді.
Иә, бұл өзі қоңыржәй, қоңыртөбел кеш болды. Жыршының: «Бір кітабымды шығарсам» деген арманы орындалды. Оған әрине, Төкеңнің өз ізін басып келе жатқан күйші ұлы Қаршығаның қосқан үлесі зор деп айтқан болар едік. «Қарабұлақ» басында өткен көзәйім кештің жалғасын Жамбыл жұртшылығы енді осы қазан айында «Баласағұн» орталық концерт залынан тамашалайтын болады. Онда автордың шығармаларына арналған үлкен концерт болады.
Т.Әбдікерімнің 300-ден аса өлең-жыры мен дастаны, толғаулары мен арнаулары жазылған өлеңдер жинағы да жарық көріп қалатын шығар. Осынау ағаштан түйін түйе білетін шебер, жанынан күй шығара білетін асқан дарын иесін әрі шын шайырды халыққа таныстыру аудан мен облыстың мәдениет бөлімдері басшыларының төл борышы деп білемін. Өйткені ерекше дарын иесі арамызда көп емес қой.
С.Қожеке.
Суретте: автордың тың туындысы.
Әбжапар ауылы.