Тіл – ұлттың ұйытқысы

417 Views

Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген еді. Жер бетінде тарыдай шашылып, ұсақталып кеткен ұлттардың тарихына қарап, алаш арысының сөзі өмірден алынғанын аңғару қиын емес. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Осы уақыт аралығында тілімізді өз тұғырына қондыра алдық па? Осы сауалға жауап іздеген тіл мамандары әлі де қазақ тілінің қолданысына көңілдері толмайды. «Неге?» деген заңды сұрақ тағы туындайды.
Мәселен,1-3 жас аралығында бүлдіршіндер санасына сәуле сіңіреді екен. Дәлірек айтсақ, тілді танып, білуге деген ынтасы артады. Дәл сол аралықта кішкентай балдырғандарға қазіргі ата-аналар не үйретіп жатыр? Көпке топырақ шашудан аулақпыз әрине, бірақ техникаға телміртіп қоятындар көп. Қазақ тілінде қызықты көріністер аз болғандықтан, өзгенің тартымды туындылары сұранысқа ие болып шыға келеді. Міне, соны қызықтаған баланың тілі қазақша шығады деп айту мүмкін бе? Мамандардың айтуынша, бала екі тілді бойына қатар сіңіреді. Яғни отбасыдағы қарым-қатынас тілі қазақ тілі болса, телефонда өзге тіл. Салдарынан сөйлей бастағанда бүлдіршіннің тілі бұралып, ойын жеткізуі қиындай түседі. Сондықтан осы мәселеге мән берілу керек-ақ. Әуелгі әрі негізгі түйткіл осы деген пікірлер бар.
Тіл – ұлттың ұйытқысы екені әмбеге аян. Тілі бірдің ойы бір, ойы бірдің мақсаты да ортақ болатыны анық. Сондықтан тіл туралы сөз айтылғанда әуелі осы ортақ Отанымыздың мүддесі де көрініс береді. Сондықтан болса керек, қазір елімізде қазақ тілді балабақшалар мен мектептер көбейіп келеді. Бұл да – көңілге демеу береді. Атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға қарап, тіл үшін күресіп, қазақ тілін қызғыштай қорыған зиялылардың еңбегі ақталып келе жатқандай көрінеді. Сол жұмыстар жандана түсу үшін әрбір жас барынша қазақ тілінің тартымдылығын арттырып, сол жолда насихат жасаса деген тілек бар.

Ұлан Сейтхан,
Абылай хан атындағы Қазақ Ұлттық Қатынастар және Әлем Тілдері университеті журналистика факультетінің І курс студенті.

Поделиться ссылкой: