978 Views
Педагогтер үшін біліктілік арттыру – оқыту және оқу сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ, бұрын алған кәсіби білімдерін, біліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін оқу түрі.Ағымдағы жылдың 26 қыркүйек пен 7 қазаны аралығында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов ауданының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің 30 мұғалімі жаңа бағдарлама бойынша біліктілік арттыру курсынан өтті. Бұл курс бұрынғы курстан өзгерек, өйткені бүгінгі күнде орта білім беру саласындағы сұранысқа сәйкес ұйымдастырылған, нақты айтқанда, курс бағдарламасы мұғалімдердің пәндік және базалық білімдерін дамытуға бағытталған.
Білім беру бағдарламасының өзектілігіне тоқталатын болсам, оқу үдерісінде 10-11-сыныптардағы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері мұғалімдері өз пәндері бойынша оқушыларға белгілі бір тақырыптарды оқытуда қиындықтарға кезігуде. Пән мұғалімдері арасында өткізілген фокус топтың диагностикалық зерттеуі бойынша «Тыңдалым бойынша әртүрлі мәтіндерді (дәріс, интервью, пікірталас, мақала, т.б.) талдау», «Шешендік өнер және сөйлеу мәдениеті (айтылым)», «Стилистика және мәтін талдау (тыңдалым/оқылым)», «Әртүрлі жанрда мәтіндер құрастыру, эссе және креативті жазылым», «Қазақ тіл білімі салалары мен әдеби тіл нормаларын оқытудың ерекшеліктері», «Әдебиет теориясы: көркем шығармаларды оқыту», «Шығармашылық жазба жұмыстарын (сыни мақала, сыни пікір, әдеби эссе) құрылымдау ерекшеліктері» тақырыптарына қатысты педагогтердің теориялық және әдістемелік құзіреттілігін арттыру қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар, соңғы жылдардағы қорытынды аттестаттау нәтижелеріне жасалған талдаулар 11-сынып бітірушілерінің эссе түрлерін жазуда, мәтінмен жұмыс жасауда түсіндіру, рефлексия және бағалау деңгейлеріндегі қиындықтарды айқын көрсетіп отыр. Күрделі тақырыптарды анықтау мақсатында жүргізілген мұғалімдердің сұхбаттарын талдау және соңғы жылдардағы 11-сыныптың қорытынды аттестаттау нәтижелері бойынша курс бағдарламасына 8 күрделі тақырып іріктеліп алынған.
Екі апта ішінде ауданымыздың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері 10-11-сыныптардағы «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерін оқытудың теориялық, практикалық және әдістемелік негіздері тұрғысынан пәндік құзыреттіліктерін жетілдірді. Курстың басында алынған мұғалімнің бастапқы білімі диагностикалық тестпен, ал пәндік және базалық біліктілігінің артуы қорытынды тестілеу арқылы бақыланды. Аудан мұғалімдері біліктілік арттыру курсының теориялық және практикалық мазмұнының тиімділігін жоғары бағалады. Курсқа қатысушылардың біліктілік көрсеткіштері де жоғары болды. Курс соңында мұғалімдер сертификатталды. Біліктіліктерін арттырған педагогтер білім сапасына қол жеткізу мақсатында тәжірибелерін табысты жалғастыратын болады.
Гүлнара Садықбекова,
Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Поделиться ссылкой: