891 Views
Ұлттық қоғамдық кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан құнын жоғалтпайтынын айтқан еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Оқуға құштар мектеп» жобасы бекітілген болатын.
Жобаның мақсаты – балалар мен жастардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамытып, жас ұрпақтың бойында жоғары азаматтық және рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру.
Жоба аясында әр жыл сайын мектеп кітапхана қоры көркем әдеби кітаптармен толықтырылып, биылғы 2022-2023 оқу жылында мектебіміздің кітапхана қорына 273 дана әдеби кітаптар келіп түсті. Оларды оқырмандарымызға насихаттау, таныстыру мақсатында «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітапхана қорына келіп түскен жаңа көркем әдебиеттер – Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романы, Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі, М.Мақатаевтың «Үш бақытым», Т.Айбергеновтің «Бір тойым бар», «Атамекен», Ш.Мұртазаның «Соғыстың соңғы жесірі», «Ай мен Айша», «Бір кем дүние», М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы», Қ.Қайсеновтің «Жау тылындағы бала», Абайдың екі томдық шығармалар жинағы І, ІІ том, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы І, ІІ, ІІІ, ІV томдары, «Көксерек» әңгімесі, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Абайдың қара сөздері, А.Байтұрсыновтың «Тарту», С.Сейфуллиннің «Сыр-сандық», Ж.Баласағұнның «Құтты білік», О.Бөкейдің «Кербұғы», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» т.б. көптеген кітаптар насихатталды. Сонымен бірге балалардың ой-өрісін дамытатын түрлі суреттермен безендірілген Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ», «Даланың таза бұлағы», «Қазақ ертегілері» І, ІІ том, «Казахские сказки», «Жетім қонжық», «Бүркіттің балапаны», «Бал бұлақ», «Қырық өтірік», «Керқұла атты Кендебай», С.Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі және тағы басқа шығармалар бар.
Шетел әдебиетінен қазақ тіліне аударылған кітаптар да кітапхана қорын толықтырды. «Ағайынды Гриммдер», «Алиса ғажайыптар елінде», «Сүйкімді қыз бен сиқыршы шал», «Питер Пэн», «Көрінбейтін адам», «Садақшы» т.б. көптеген кітаптар оқырмандардың назарына ұсынылды.
Жаңадан әрленіп басылып шыққан рухани қазынамыз көздің жауын алады. Кітап көрмесіне 50-ден аса кітап қойылып, оқырмандарымыз көрмеге қойылған әдебиеттермен танысып, тамашалады. «Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» деген екен Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. Олай болса, кітаппен дос болайық, кітапхана оқырмандары көбейе берсін.
Г.Мамбетова,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің кітапхана меңгерушісі.
Поделиться ссылкой: