Жаныма жалғыздықта кітап – сыңар
Қазақта «Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмассың» деген сөз бар. Мен бүгін 10 баласын ел қатарына қосқан, қарапайым ана, отбасы ошақ қасынан шығып көрмеген, танылмаған, жергілікті ақын апам туралы толғанамын.
Төле би атамыз «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды», – деген екен.
Иә, бұл сөздің мағынасына бұрын-соңды жете көңіл бөлмейді екенбіз.
Апамыздың көзілдірік киіп алып, өзімен-өзі өлең жазып отырғанына алғаш мән бермедік. Кейін тойларда, отбасылық қуаныштарда өлең жолдарын арнап жатқанда өлеңдерінің мағыналы ерекшеліктеріне көзіміз жете бастады. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, 3-4 қалың дәптерді толтырып тастағанда, көңілімізді үлкен ой мазалады. Апамыздың өлеңдерінің ішінде:
Елеусіз кеш табылған мен бір бұлақ,
Қатарға қоссам деймін сипап-сылап.
Елімнің қажетіне жарайтындай,
Жинағым шықса деймін болып кітап, – деген жолдары бар. Ойлана келе, апамыз жанымызда жүргенде апамызды бір қуантып, ізгілікті іс жасайық деген ойға келдім. Апамыздың өлеңдерін кітап етіп шығаруды қолға алдым. Осылайша апамыздың өлең дәптерлерін ретке келтіріп, түзету жұмыстарын жасауға зейнеткер ұстаз Хамитова Жібек әпкейден көмек сұрадым. Апамыздың өмір тарихын, болмысын, табиғатын жақсы білетін Жібек әпкей апамыздың өлеңдерін оқи отырып, кітапқа алғы сөзін жазып, түзету жұмыстарын жүргізіп берді. Апамыздың кітабы үшін жүргізген жұмыстарына Жібек әпкейге алғысым шексіз!
Қорқыт бабамыз «Адамның өмірі қамшының сабындай қысқа екен: досы көп, ұрпақ тәрбиелеген ұтады екен» деген екен. Апамыздың кітабын шығарып беріп, теңізге тамызған тамшыдай болсын, апамыздың алдындағы перзенттік парызымызды өтесек деген ойда едік.
Өкініштісі, әттегенайы – апамыздың кітабы баспаға беріліп 3-4 күнде дайын болуын күтіп отырғанымызда, апамыздың өмірден өтіп кеткендігі. Өкінтті, қынжылтты.
Әйтсе де бұл күнде апамыздан тараған 10 ұрпақтың, немерелері, шөберелері болып бір қауым ел апамыздың көшін жалғап, өнерін, өлеңін жалғастырып жатқандығы көңілге медет.
Мақала жаза отырып, жолдасым Нұрдәулет екеуміздің мақсатымыз апамыздың өлеңдерін өскелең ұрпаққа өнеге етсек деген ниетте болғанымызды жеткізгім келеді.
Кітапқа жас күнімнен болдым құмар,
Жаныма жалғыздықта кітап-сыңар.
Оқимын қартайсам да көзәйнекпен,
Өйткені, ол – нағыз дос ақыл сұрар.
Иә, дәл осы өлең шумақтарының ішінен кітаптың атауын қойдық. Апамыздың «Өзім туралы» деген өлеңінің бір шумағы. Кітап дайын болғаннан кейін кітапқа лайықты ат қоя алмай біраз қиналып қалдық. Тіл мамандарымен ақылдаса отырып, Гүлбарам Ештайқызының ұсынысын апама жеткізген едім, «Жаныма жалғыздықта кітап – сыңар» атты тақырып апама да ұнап рұқсатын берген еді. Дәл осы тақырып әдеби кештің де тақырыбы болды.
Әдеби кешке оралсақ. Апамыздың кітабының ашылуына арналған кештің бет пердесін апамыздың немересі Тоқтар Досболұлы «Отаным Қазақстан» әнімен ашты. Кеш апамыздың өлеңдерін жатқа айтумен жалғасты. Бірде лирика болып шертіліп, бірде трагедия болып төгіліп, апамыздың өмір жолын, сәби кезінен, бүкіл өткен өмірі, өлеңдері арқылы динамикалық құбылысқа түсті. Өлеңмен бірге образға кіріп 7-8 сынып оқушылары нақышына келтіріп, өлеңдерді көпшілік қауымға әсерлі етіп жеткізе білді.
Жұмағұл Ерболаттың саңқылдаған, екпінді даусыменен басталған өлең шумақтары, Нұрманалы Ақбөпенің күңіренткен поэзиясына ұласып, көрермендердің көзіне жас үйірілді. Шәкірттерімнің апамыздың өлеңін мәнер сазына келтіріп, жатқа айтулары кеш қонақтары мен көрермендерін тәнті етті. Ақсезімнің «Есім биге», Анель қыздың «Сайранбай ініме», Ақботаның «Бауырларыма», Ануардың «Қарттар күніне» Аминаның «Ұстазыма», Мейірімнің «Туған өлкеме», Аминаның «Нұрсұлтанға», Бағиланың «Кітап рухани азық» атты апамыздың өлеңдерін орындаулары алғаш рет сахна төрінен саңқылдай шығып, өз тыңдармандарын үнсіз, ұйытып тыңдатты.
Кеш барысында апамыздың тұңғыш ұлы Ерлан аға мен Бибінұр әпкемізге сөз кезегі берілді. Бибінұр әпке кітаптың жарыққа шыққанына өз қуанышын білдіріп, апамыз бен атамыз туралы естеліктерден көзіне жас келе отырып үзінді айтып өтті.
Кеш Сәуле Нәметқұлқызының өлеңдерін жатқа айтуыменен ұласты. Апамыздың «1 маусым – Балаларды қорғау күніне» арнаған өлеңін жатқа айтқан немерелерінің ішінде ерекше көзге түскен 1 сынып оқушылары Әшірәлі Әлихан мен Әшірәлі Абылайханды атап өткім келеді. Егіз қыздар Гүлназ бен Дилназ апамыздың өлеңін көздеріне жас ала отырып, апамызға деген махаббаттары мен сағыныштарын қоса жеткізгендей болды. Кішіпейіл Лашын қыздың апасының өлеңін сүйіп оқитындығы көпшілікті сүйсіндірді. Бір топ немерелерінің ішінен Нұрдаулетұлы Нұрперзенттің апасының «Тегіңді біл» өлеңін жатқа айтуы кештің көркемдігін аша түскендей.
Әдеби кештің ең өзекті тұсы апамыздың кенже ұлы Кенжебектің дайындаған апамыздың өмірінен алынған бейнебаяны болды.Көріп отырып, көңілі толқымаған жан қалмаған шығар. Апамыздың сабырлы, ақылды мінезін суреттей келе, ананың баласы үшін мейірімі мен махаббатының шексіздігін бейнелейтін бұл бейнебаян кім-кімнің болса да жүрегін қарып кетердей әсер қалдырды.
Кешті ардагер ұстаздар мен апамыздың бауырлары өз естеліктері мен кеш туралы өз пікірлерімен жалғады.
Кешті жүргізген апамыздың немересі Бексұлтан мен жұбайы Алтынайдың дауысынан апамызға деген сағыныш пен құрметтің дірілі құйылып тұрғандай сезілді. Кеш барысын шөберелердің апасына арнаған тақпақтары жалғап, кіп-кішкентай шөберелердің әсем киімдерімен, тақылдап айтқан тақпақтары жалғады.Апамыздың шөбересі Аяла қыздың ұршықтай иіріліп билеген биі көңілі толқып отырған көрерменді еріксіз өзіне тартып алып кеткендей әсер қалдырды. Апамыздың шөбересі Тоқтарұлы Дамирдың әжесіне арнап айтқан тақпағынан әжесінің ақындық қасиеттерінің тамшылары себелеп тұрғанын сезіндік. Көңіл толқытарлық әсерлі кеш көрермендер қауымының көңілін толқытып, ұйытып тыңдатқызып, жіпсіз байлағандай әсер қалдырды.
Әдеби кештің мәресі кітаптың қызыл лентасын кесу апамыздың ағасы Тілеу ата мен ардагер ұстаз Қадірбек ағайға бұйырды.
Нұрғайша жеңгеміздің шашқан шашуыменен, апамыздың шөберелері Ескендір, Аяла, Дамир, Наримандардың тәтті нан, яғни «торт» тартулары, көңілі толқып отырған қауымды бір сергітіп қойғандай әсер қалдырды.
Кештің өзіндік реңін, өзіндік бояуын Ақжол Түненбаевтың сөзіне жазылған Мелдебек Ардақтың орындауындағы «Бозторғай Ана» әні аша түсті.
Сөздің қадірін білетін, тойларда асаба болып жүрген Нұрдәулеттің отты сөздері жүректі осып түскендей әсер қалдырды. Нұрдәулеттің апамызға деген сағынышы, құрметі, өкініші, адалдығы жыр шумағы болып құйылып, өксікке толы жыр, отты өлеңмен аяқталды.
Апамыз кітабын көрмесе де, баспаға берілгеніне рақметін айтып, қуанышты еді. Апамыздың кітабын шығарып, әдеби кеш жасап, апамызға арнап құран оқытып, құдайы тамақ бере отырып, жолдасым Нұрдәулет екеуміз апамызға арналған кешті жыл сайынғы дәстүрге айналдырсақ деген ойға келдік. Апамыздың өлеңдері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жастарға өнеге болады деп сенемін.
Ақын апамыздың келіні,
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Ұлту Бегімбетова.