Келешегі кемел колледж

1 015 Views

Келешегі кемел колледж

 

Бүгінде 90 жылдан астам тарихы бар Құлан ауылшаруашылығы колледжін басқарып отырған Жұмакүл Оңғарбайқызы БҮКІРОВА ҚР білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінен бөлек, мемлекетіміздің экономикалық-мәдени дамуына әрі білім беру саласына сүбелі үлес қосқаны үшін ел Президентінің Құрмет грамотасымен және «Ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталған. Ұстаздар мерекесіне орай газетіміздің тілшісі тәжірибесі мол парасатты педагогпен аталған колледждің тарихы мен жеткен жетістіктері турасында тілдесіп қайтқан еді.

– Жұмакүл Оңғарбайқызы, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына арналған Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Жалпы, Жолдауда айтылған меже бойынша өзіңіз басқарып отырған ұжымда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Сұрағыңыз түсінікті. Дегенмен, бұл сұраққа жауап бермес бұрын мен мына нәрсеге тоқтала кетейін. Өз басым Елбасының жыл сайынғы ел халқына арнаған Жолдауларын қалт жібермей оқитын қазақтың бірімін. Ал енді негізгі тақырыбымыз жөнінде сөйлейтін болсақ, расымен де Мемлекет басшысы елімізде білімнің салтанат құруы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Тек қана оқу керек біздің жастарымызға. Жаңа өзіңіз атап өткен Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы «Кәсіптік білім беру жүйесінде экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қоюды да» межелі міндеттің біріне балады. Өзге оқу ордалары секілді Құлан ауылшаруашылығы колледжінің ұжымы да Елбасы діттеген межені орындауға қомақты күш жұмсауда. Қазіргі таңда колледжімізде ветеринария, агрономия, ақпараттық жүйелер, ферма шаруашылығы, модельер-конструктор, дәнекерлеу ісі, жеміс-көкөніс өсіруші, аспазшы, электр жабдықтарына қызмет көрсетуші сынды мамандықтар бойынша 716 білімгер тәлім алу үстінде.

– Білуімізше, қырғыз елінің халық жазушысы Шыңғыс Айтматов осы колледжде білім алған екен. Осының өзі Құлан ауылшаруашылығы колледжінің облысымыздағы шоқтығы биік оқу ордаларының бірегейі екенін айғақтайтын секілді. Колледж тарихы жөнінде толығырақ мағлұмат айтып өтсеңіз?

– Құлан ауылшаруашылығы колледжінің тарихы тереңде жатыр. Осы ретте, мынадай ой туындап отыр. Шыңғыс Айтматовты бауырлас қырғыз ағайындардың ғана емес, әлемге ортақ феномен деп қарастырған жөн шығар. Сондықтан Шыңғыс Төреқұлұлы секілді заңғар жазушының осында білім алуы біз үшін зор мәртебе деп білемін. Негізінде, бұл колледждің іргетасы 1923 жылы заманында қазақ жерінің астанасы болған Орынбор қаласында қаланып, ең алғаш Орынбор өлкелік малдәрігерлік техникумы деп аталған. 1926 жылы ару қала Алматыға ауыстырылып, Алматы ветеринарлық жер қатынастары техникумы болып өзгертіледі. 1930 жылдары колледж белгілі бір себептермен Тараз шаһарына көшіріліп, Әулиета зоотехникалық-ветеринарлық техникумы атанады. Техникум киелі Құлан жеріне 1963 жылы ауыстырылады. 1995 жылдан Құлан ауылшаруашылығы колледжі деген атауға ие болып келеді. Бүгінгі таңда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен білім мекемесі ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын облыстық базалық колледж ретінде бекітілді. Аймақта ауылшаруашылығы мамандарына сұранысты зерделей келе, біз алдағы уақытта орман шаруашылығы, ет және сүт өнімдерінің өндірісі, ара өсіру шаруашылығы секілді мамандықтарды колледж іргесінде ашсақ деген ойда отырмыз.

– «Адамзаттың Айтматовы» атанған белгілі қаламгер Шыңғыс Төреқұлұлының дәл осы оқу ордасында оқығанын айттық. Естуімізше, аталмыш колледжде бұдан өзге де елімізге белгілі тұлғалар оқыған екен…

– Дұрыс айтасыз. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әбдіманап Көпберген, облыстық қоғамдық Кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев біздің колледжден білім алған. Одан өзге, Социолистік Еңбек Ері атанған Рахым Сәбденов, Нәдір Биғазиевті де бұл тізімге қосуға болады. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Құлан ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы болған марқұм Әбіш Базарқұлов, Сырғатай Махамбетов секілді абзал ағаларымыз колледжіміздің төл шәкірттері болып есептеледі.

– Колледж ұстаздарының біліктілігі жөнінде нендей сөз қозғайсыз?

– Құлан ауылшаруашылығы колледжінде жоғары санатты – 15, бірінші санатты – 14, екінші санатты – 27 оқытушы еңбек етеді. Барлығын да жоғары білімді деп айта аламын. Бір ғана басшымен ешқашан жұмыс алға баспайды. Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Сол айтқандай, ұжым болып, жүйелі жұмыстар атқарудамыз. Менің орынбасарларым – Ержан Әлібаев, Махаббат Сраилова, Гүлмира Махамбетова, Мая Бағылбекова, Әсел Керімбекова, Райхан Ташыбаева, Лаура Кәдірсізовалар ұлт келешегі жолында аянбай еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, Бірлік Сраилов, Серік Күмісов, Венера Майтанова, Рашид Сәрсенбиев, Ұлбосын Акишева, Еркебұлан Ертаев, Мәди Исақұлов, Тұрарбек Баймұратов секілді оқытушылар өз ісінің кәсіби мамандары десем, артық айтпаған болар едім.

– Колледж студенттерінің де жан-жақты екендігін аудан деңгейіндегі іс-шараларда көріп жүрміз..

– Байқаған екенсіз ғой. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Жамбыл өңіріне ресми іссапармен келген болатын. Сонда ел халқының бірлігі мен татулығын мақсат еткен «Достық үйінің» жаңа ғимаратын аралау барысында Құлан ауылшаруашылығы колледжінің «Баламалы энергия көздері негізіндегі агрономия мамандығының тәжірибелік алаңы» атты макетімен танысқан еді. Макетті агрономия мамандығын тәмамдаған колледж түлегі Жандарбек Даулетов таныстырды. Бұл біздің ұжым үшін үлкен жетістік деп білемін. Бұдан өзге колледж студенттері көптеген республикалық байқауларда да тыңнан түрен салып жүр. Мәселен, Қарағанды облысында «Үздік ветеринарлық фельдшер маманы» атты аграрлық колледж студенттері арасында өткізілген республикалық байқауда Тілек Қысық және Ерлан Аселов есімді білімгерлеріміз жүлдегер атанды. Облыстық «Еркіндігім – елдігім, Тәуелсіздігім – тірегім» атты жас ақындар мүшайрасында Санжар Сраил жүлделі III орын иеленді. Олег Черноусов есімді студентіміз өткен жылы EXPO көрмесі аясында ұйымдастырылған облыстық «Инновациялық идеялар» атты байқаудан жүлделі III орын жеңіп алды. «Worldskills 2018» өңірлік чемпионатында пісіру технологиялары, аспаздық ісі құзіреттіліктері бойынша сынға түскен Тимур Кочиев пен Қарлығаш Жарқынбекова жоғары нәтижеге қол жеткізді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: