Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы
14 ViewsҚазақстанның батыс аймағындағы облыстар Көрісу мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл мерекеге оңтүстік өңірлердегі жұртшылықта ерекше ден қою үстінде. Онысы өте дұрыс деп…
Еркін күрестен Словакияның Трнава қаласында жалауы желбіреген жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері әрі халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлішер Ерғали «Аламан» айдарының кейіпкері.
– Әлішер, сенің есіміңе сырттай қанық болғаныммен жүзбе-жүз алғаш рет көруім. Танысқаныма өте қуаныштымын. Балуан десе дегендей екенсің…
– «Құлан таңы» газетін мен бала кезімнен сүйіп оқитынмын. Сондықтан қуанышымды бөлісіп, сұхбат алып жатқаныңызға үлкен рахметімді айтқым келеді. Меніңше, бұған таңғалудың еш реті жоқ секілді. Балуандардың көбісі ірі денелі болып келеді емес пе?.. Оның үстіне, спортпен кәсіби түрде айналысып жүргендіктен, күнделікті жаттығудың өзі дене бітіміңді қатайтады екен.
– Бұған дейінгі жетістіктеріңді қысқаша айтып өтсең?
– 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатынан күміс жүлде еншіледім. Сондай-ақ, биыл Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атандым. Санай берсек, көп қой негізі.
– Білуімше, Трнавада өткен әлем чемпионатында Алматы қаласының атынан сынға түсіпсің. Қай университетте білім алып жатырсың?
– Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дене шынықтыру факультетінің 3 курс студентімін. Негізінен, жаңағы айтқандарыңыз рас ақпарат. Осы орайда, балуан ретінде жеке пікірімді білдіргенім жөн болар. Жастар арасындағы әлем чемпионатында мен жалғыз Алматының ғана емес, мұқым қазақтың атынан белдестім. Жалпы, кез келген спортшы ел намысы сынға түскен айтулы жарыстарда ұлтының абыройы үшін аянып қалмайды деген пікірдемін.
– Енді сенің белдесулеріңе тоқталайықшы. Чемпионатта қай елдің балуандарымен күрестің әрі оларға нендей әдіс-тәсілдер қолдандың?
– Ең алғашқы қарсыласым Польша елінің үкілеген үміті Мэтью Вроблеский болды. Оны 10:4 есебімен ұтып, келесі айналымға өттім. Одан кейін, корей балуанын 10:0 есебімен жеңдім. Келесі жекпе-жекте мені өзімнің сыралғы қарсыластарымның бірі әзірбайжандық Асхаб Хамзатов күтіп тұр еді. Мойындау керек, белдесу өте тартысқа толы болды. Алайда, бұл жолы жеңіс менің қанжығамда кетті. Есеп 2:0. Жартылай финалда өзбек балуанын 11:2 есебімен жеңіп, ақтық сынға жолдама алдым. Өкінішке орай, финалда Иран елінің спортшысы Аббас Али Форутанрамиге есе жіберіп қойдым. Ештеңе етпес. Бұған мойымаймын. Әлі талай додаларда кездесетініміз анық. Сол кезде кеткен есемді қайтаруға тырысамын.
– Өзіңді еркін күреске баулыған алғашқы бапкерің туралы бірер ауыз сөз…
– Әуелі маған әркез қолдау көрсетіп отыратын әкем Ерғали Қалыбеков пен анам Эльмира Қабылбековаға зор алғыс. Ата-анамның арқасында тәрбиелі азамат болып жетілдік. Тәртіпсіздікке барған емеспін. Ал, еркін күреске баулыған алғашқы бапкерім – Асхат Жаманбаев. Қазіргі таңда Пернебек Беласар секілді білікті бапкерден тәлім алып жүрмін.
– Спорттағы кумиріңнің есімін білгіміз келеді…
– Ислам Байрамуков, Әділет Дауланбаев, Нұржігіт Сүйінбай секілді өзімнің жерлес ағаларымның өнерлеріне тәнті болып өстік. Солар секілді күрессек деп армандадық. Дегенмен, мен бұл сұрағыңызға 3 дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы ресейлік Бубайсар Сайтиевтің есімін атаған болар едім.
– Бізге уақыт бөліп, әсерлі әңгіме өрбіткенің үшін саған ризамыз. Жеңісті сәттерің көп болсын.
Сұхбаттасқан
М.ДИХАНБАЙ.