Қорағатылықтар қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алмай отыр. Неге?

292 Views

Сәрсенбі күні аудан басшысы Ернар Есіркепов бекітілген кестеге сәйкес Абай және Қорағаты ауылдық округтеріне ат басын тіреп, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Айта кетейік, бұл биылғы жылға жоспарлаған 45-ші кездесу болатын. Оның ішінде 32-сі маусым айының соңында аудан тізгінін ұстаған
Ернар Серікәліұлының қатысуымен өткен.

Президент пәрменімен жарыққа шыққан №826 Жарлық жергілікті жерлерде тиімді жүзеге асуда. Әрбір үш ай сайын аудан әкімімен кездесудің әсерінен болар, әйтеуір, халық тарапынан көтерілетін мәселелер мен ұсыныс-тілектердің саны уақыт өте келе азайып келеді. Оған біз биыл пилоттық жобаны жүзеге асыратын Абай ауылдық округінде өткен кездесуде көз жеткіздік.
Жалпы абайлықтар жиында көп мәселе көтерген жоқ. Олар тек Самал мен Жастар көшесіне жол салу, меншіктегі жердің мақсатын өзгертіп беру сынды бір-екілі проблеманы аудан әкімінің назарына ұсынды. Аталмыш мәселелерге дәл сол жерде бөлім басшылары мен жауапты мамандар нақты жауаптар қайтарды. Яғни, Самал мен Жастар көшесіне жол салу келер жылдың жоспарында тұрса, жерді пайдалану мақсатын өзгерту үшін қажетті құжаттар жинақталып, өтініш жазылу керек екен.
Ынтымақ пен тыныштықты ту еткен абайлықтар ауылға пилоттық жобаның келгеніне дән риза. Оны жиындағы жастардың ынтасынан, ақсақалдардың берген ақ батасынан анық аңғардық. «Батамен ел көгереді» деген тәмсілді мысал еткен аудан басшысы өз сөзінде пилоттық жоба абайлықтардың басына бұйырған бақ деп бағалады.
– Біз мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану керекпіз. Шыны керек, абайлықтар бірлігі бекем, тірлігі көркем ауыл екенін осы тұста дәлелдеп отыр. Қазіргі таңда жоба құжаттарын жинастыру бойынша Абай ауылы алдыңғы қатарда тұр. Осы тұста ауылшаруашылығы саласына жауапты орынбасарым Ерғазы Жұмабекұлының жұмысын жоғары бағалауымыз қажет, – деп Ерғазы Еспеновтың бастамасымен қолға алынған жоба «Қарақат» каналы туралы сөз етті. Алдағы уақытта аталмыш каналды толық қалыпқа келтіру жоспарда бар екенін айтып, жергілікті жұртты қуантты. – Пилоттық жобаның бар әлеуетін қолдану – аса маңызды. Жоба аясында біз ауылдағы 10-ға жуық құдықты қайта қалпына келтіреміз. Бұл ауылда жобаның екінші бағытын жүзеге асыруға, су тапшылығын азайтуға өз септігін тигізетін болады, – деп бө­лін­ген қомақты қаражатты мақсатты әрі тиімді түрде жұмсау керектігін айтты.
Түс ауа дәл осындай жиын Қорағаты ауылында өз жалғасын тапты. Қора­ғатылықтар да көп мәселе көтерген жоқ. Тек ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Берікқазы Өсербаев ауылда жөндеусіз қалған Ғани Мұратбаев, Құрманғазы, Сейдалы көшелеріне асфальт төсеп беруді өтінді. Сонымен қатар, ақсақал ауылдық округте ор­на­ласқан медпунктке жаңа жедел жәр­­дем көлігін беруді сұрады. Ауыл ақса­қалының өтініші хаттамаға тіркелді.
Ауыл тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірін округ әкімі Бақытбек Жақсымбетұлы көтерді.
– Біздің әкімдікке әртүрлі мәселе­­мен қайырылатын тұрғындар көп. Соның басым бөлігі «қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алмаймыз» деген уәжбен келеді. Ернар Серікәліұлы осы мәселені назарда ұстауыңызды өтінемін. Себебі, биыл біздің ауылдан бірде-бір адам бағдарлама шапағатына бөленген жоқ, – деп өзекті мәселенің бірін қозғады.
Аудан әкімі де аталмыш мәселе өзге ауылда да көп қозғалатынын айтып, шешу жолдарын қарау керектігін жеткізді.
– Біріншіден, грантты үлестіре­тін комиссия мүшелігінде бірде-бір әкімдік қызметкері жоқ. Екіншіден, грант саны аз. Ендігі менің ұсынысым – ауылдық округтердің тұрғындар саны­на қарай грантты бөлу керек секілді. Сонда ғана грантқа Қорағаты секілді шалғайда жатқан ауылдардың тұрғындары да қол жеткізе алатын болады, – деп жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Жиындар соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке де мәселемен қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: