Шоқ тілді Шона
15 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Биыл дүниеге келгеніне 125 толған қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов заманында осындай құдіретті сөз айтқан екен. Данышпан ғой. Жетер жеріне жеткізіп айтқан расымен де. Тәрбиенің, мәдениеттің көзі театрдан бастау алады. Ұлы Мұхаңның ұлағатты сөзінен сайып келгенде осыны аңғаруға болады.
Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай, Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері игі бастамаға себепші болды. Аталмыш мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұловтың қолдауымен аудандық Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымы сәрсенбі күні Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің қазақ драматургиясының алтын қорына айналған «Қарагөз» трагедиясын сахналады. Бардық. Көрдік.
Бұл трагедия еліміздің маңдайалды театр сахналарында сан мәрте қойылды. Спектакльдегі басты кейіпкер Қарагөз бен Сырым. Екеуі бір-біріне өлердей ғашық. Алайда, екеуінің туыстық түбірі жеті атаға жетпеген. Екеуінің жарасымды жұп атануына бұл – бірінші кедергі. Екінші кедергі – Қарагөз Нарша есімді жігітке атастырылып қойған. Қос ғашық Сырым мен Қарагөзге бәрі қарсы. Қарагөздің әжесі Мөржан да қызға теріс батасын береді.Трагедияға толы спектакль соңында Қарагөз дүние салады. Қысқаша айтқанда, пьесаның желілік мазмұны осындай.
Жалпы, спектакль қою – оңай шаруа емес. Оған көптеген ізденіс керек. «Ай-Қарагөз» деп аталған пьесаны сахналау үшін спектакльдің қоюшы режиссері Эльмира Асылбекова көп ізденген. Актерлық құрам да өз рөлдерін шебер сомдай білді. Ең бастысы, Қарагөз – Нұрсипат Құлмышева, Сырым – Мият Медетов, Нарша – Тұңғышбай Сәдуақас, Ақбала – Жадыра Ақшалова, Мөржан – Эльмира Асылбекованың актерлік шеберліктерінде шынайылық бар. Көпшілік сахнадағы әртістер Рысбек Қадірқұлов, Айша Жүнісова, Нұрлан Әмірбетов, Күлімкөз Пірімқұлова, Біржан Көпбаев, Аружан Оразалы, Ерасыл Аманбек, Ерболат Құлышев және «Әдемі-ау» бишілер тобының да көрсеткен өнерлері көңілімізден шықты. Режиссердің ассистенті Рысбек Қадірқұлов, спектакльдің музыкасын құрастырған Тыңжан Сайырманов, балетмейстер Гүлвира Төлеуіш пен жарық беруші Ермахан Сегізбаевтың да спектакльге қосқан үлесі зор. Спектакль соңында залға жиналған көрерменнің көзіне жас алып, тік тұрып қошемет көрсеткенін көрдік. Бұл деген – нағыз еңбектің көрінісі. Ал, еңбектің нәтижесі осындай ілтипатқа ұласып жатса, актерға одан басқа не керек?
Айта кетейік, аудандық Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымы облыстық «Театр – өмір айнасы» атты фестивальде «Ай-Қарагөз» трагедиясын қойып, жүлделі I орынды жеңіп алған болатын.
Марат Диханбай.