Құс тұмауы – жұғымтал ауру
Құстың тұмауы (Grippus avium, грипп птиц) – септицемия, домбығу, тыныс және ас қорыту мүшелерінің зақымдануымен ерекшеленетін жұғымтал ауру.
Індеттік ерекшеліктері. Құстың тұмауы эпизоотия (індет) және энзоотия түрінде байқалады. Тұмаумен барлық үй, синантроптық және жабайы 438 құстар ауырады. Вирустың көптеген штаммдары ауырмаған жыл құстарынан, әсіресе, ұя басатын жерлерінде, бөлініп алынады. Үй және жабайы құстардың арасында құстарға, адамға және жануарларға тән тұмау вирустарының штаммдары айналымда болады.
Дерттенуі. Вирус тыныс жолдарына енген соң жылдам көбейіп, қанға өтеді де, эритроциттерге жабысып бүкіл денеге тарайды. Көбейген вирус ішкі үлпершек ағзаларда шоғырланады. Қоздырушы денені жайлаған кезде лимфоидты ағзалар зақымданып, организмнің қорғаныс қабілеті тежеледі. Бұның өзі вирустың одан ары көбейіп, виремияның өрбуіне жағдай туғызады. Вирус көбейген кезде зиянды заттар пайда болып, құс организмі уланып, өлімге әкеп соғады.
Өтуі мен симптомдары. Жасырын кезеңінің ұзақтығы – 2-5 күн. Ауру басталғанда құс күйзеліп, тұмсығынан сора ағады. Экссудат алғашында серозды-қатарлы болып, кейіннен серозды іріңге айналады. Аққан сора тұмсық тесігінің айналасында тобарсып, кеуіп, құстың тынысы қиындайды. Синусит және синовит байқалады. Кей жағдайда көздің қабақтары экссудатпен жабысып, кілегейлі қабықтары қабынып, құстың басы ісінеді. Мекиен тауықтар жұмыртқалауын тоқтатады, бірақ жазылған соң қайтадан жұмыртқалай бастайды. Тыныс мүшелерінің зақымдануымен қатар ауырған кұстарда диареяның симптом комплексі байқалады. Саңғырығы сұйылып, түсі қоңыр-жасыл болады. Атаксия, невроз, құрыстану белгілерімен құс бір орында айналсоқтап, мойыны мен қанаттары дірілдейді. Аурудың клиникалық белгілері онша білінбей, жеңіл өтуі де мүмкін.
Емі. Аурудың емі табылған жоқ. Тұмауға шалдыққан құсты емдеу тиімсіз. Індеттің жайылып кету қаупінен сақтанып, ондай кұсты тез жойып, өртеп жібереді.
Ауру шыға қалғанда шаруашылыққа карантин қояды. Егер тұмау бір қорада байқалса, ондағы барлық ауырған және күдікті кұсты қан шығармай өлтіріп, жояды да, қалған сау құсты етке сояды. Қораны мұқият дезинфекциялайды. Егер ауру бірнеше қорада байқалса, күн сайын ауруға күдікті және әлсіреген құсты бөліп алып, сойып, патологоанатомиялық өзгерістер табылса, утильге жібереді. Өзгерістер болмаса ішкі ағзаларды утильдеп, етін пісіріп тағамға пайдалануға жібереді. Ауру шыққан құстың жұмыртқасын инкубаторға жіберуге болмайды, оны 10 минут қайнатып, тағамға жаратады. Барлық құсты сойған соң, мұқият дезинфекция жасап барып, карантинді алады.
Т.Рысқұлов аудандық ветеринариялық станциясы.