Ұлт ұстазы Ұлықталды

301 Views

Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, ақын, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің белді мүшесі. Осының бәрі тек қана бір адамның өмір өрнегі дегенге сенесіз бе? Сенбесеңіз… Амал жоқ. Бұл пайыммен еріксіз келісуге тура келеді. «Ол кім?» деген сауал тұрған болар санаңызда. Ендеше созбақтамай, сол сұраққа жауап іздеп көрейік. 

Мақаламыздың сөз басында жол­данған сауалдың жауабы – Ахмет. Иә, Байтұрсынұлы Ахмет. «Қазақ әліпбиінің атасы» атанған ұлы реформатор ел үшін көп еңбек етті. Саяси қуғын-сүргінге ұшырамағанында бұдан да жоғары жетістікке жететін бе еді… Кім білсін? Осыған сәйкес айғақтар мен дәлелдер өте көп-ақ. Алысқа барудың қажеті жоқ. Байтұрсын баласының жанында жүрген Сәкен Сейфуллин Ахмет жайында былай деген екен.
«…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» дейді.
Ал Абайды халыққа танытқан ұлы жазушы Мұхтар Әуезов:
«Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты» деп оябы бөлек ой айтып, өзіндік баға береді.
Расынмен де Ахаңның еңбегін бүгінгі ұрпақ еш ұмытпайды. Керісінше келешек ұрпақ мәңгі жадында сақтайтынына өз басым бек сенімдімін.
Жалпы биыл Ахаңның 150 жылдық мерейтойын кең көлемде тойлауға жүйелі жоспарлар тізбектелген. Соның ішіндегі ең ауқымдысы – ЮНЕСКО көлемінде тойлау. Ал республикалық деңгейде аталып өтілетін атаулы дата өкінішке орай Қостанайдағы жағдайға байланысты кейінге шегерілді. Дейтұрғанмен, жабырқаудың еш қажеті жоқ. Қазақ ақынының мерейтойы еліміздің барлық өңірінде ерекше серпінмен аталып өтуде. Соның бірі жуырда «Ахмет – қазақ руханиятының көсемі» атты тақырыппен біздің ауданда да өтті. Ақынның атын еншілеген Көкдөнендегі мектепке сол күні жұрт көп жиналды. Олардың қатарында тіл жанашырлары, филологтар, журналистер, білім саласының ардагерлері мен мамандары да бар. Кеш туралы мәліметті сәл кейінірек тарқатсақ. Алдыменен аудан әкімдігіндегі қабылдауды сөз етейік.
Нақтырақ айтсақ, дәл сол күні кеш қонақтарының бірін аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев арнайы қабылдады. Ол Ахмет Байтұрсынұлын кеңінен зерттеп жүрген жерлесіміз, академик Өмірхан Әбдиманұлы болатын. Шағын форматта өткен кездесуде қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым өз өмір жолын тізбектеп, шығармашылық жолында шыққан шыңды да әуезді әңгімесіне қосты. «Мен өмір бойы ғылыммен айналы­сып келемін. Өңірімізден шығып, ғылымға ден қойған азаматтар аз ғой жалпы. Аз болса да мен солардың бірі болғаныма қуаныштымын. Қазір қолымыз босады. Ойлана келе ел аралап, туған жердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуды жөн санадым. Ендігі мақсатым – Ахаңның шығармашылығын насихаттай жүріп, өзге де ойлап жүрген бастамаларыма тың серпін беру. Көкдөненде өтетін кездесуге арнайы шақырылғаныма шын қуаныштымын. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол мектепке Ахмет Байтұрсынұлының атын беруге өзіндік үлес қосып едім. Бүгін тау тұлғаның есімі берілген ғимаратты тағы да аттап отырмын. Үлкен құрмет көрсетіп қабылдағандарыңызға алғысым шексіз» деп өзі жазған бірнеше кітаптың данасын Әлібек Мамытжанұлына сыйға тартты. Өз кезегінде әкім орынбасары академиктің ауданға арнайы ат басын бұрғаны үшін ризашылығын білдіріп, сый-құрмет көрсетті.
Енді Көкдөнендегі кездесуге оралсақ. Кештің басты қонағы болған Өмірхан Әбдиманұлы аталмыш жиында да кеңінен көсілді. Ахмет Байтұрсынұлының өмірін бірнеше бөлікке бөліп, тың деректермен бөлісті. «Ахмет – ұлы реформатор. Қазақ даласына тың өзгерістер мен серпіліс әкелген біртуар азамат. Қай қырынан алсақ та, ол – үздік. Мәселен, ақынның шығармашылығы. Қай туындысын оқысаң да, жұмбақ. Шешімі қиын. Ал «Қырық мысалы» ше? Тұнып тұрған шедевр… Мен сіздерге айтайын, Ахаң осы «Қырық мысалды» аударғанда оны толықтай қазақ халқының менталитетіне негіздеген. Оны мұқият оқыған адам ғана түсінеді. Сондай-ақ, оның саясаткерлігін де жырлап айтуға болады. Біз Алаш қозғалысының мүшелерінің арасынан Әлиханды биік қойып жатамыз ғой. Бірақ сол ұлт көсемі саналған Әлихан қамауда отырған сәттерде Ахаңның бастамасымен бірқатар істер мәресіне жетіп отырған» деп ақынның елге деген жанашырлығын, тілшілігін, шығармашылығын кеңінен сөз етті. Кеш соңы мектеп мұғалімдері даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Тілші түйіні:
Иә, Ахмет Байтұрсынұлы әр­дайым халықты бірлікке, еңбек етуге шақырған ел жанашырла­рының бірі. Оны мына бір сөзінен-ақ анық аңғаруға болады. «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» дейді қоғам қайраткері. Саралап қараңыздаршы… Өткен ғасырда айтылған оймақтай ой дәл қазір де өзекті. Осыдан кейін қалайша Ахаңның ұлылығына қайран қалмайсың?…

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: