Қош бол, Құланның Қуандығы

458 Views

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ТҮРКСОЙ ұйымы төсбелгісінің иегері, ауданның «Құрметті азаматы» Шолақ Қуандық Абашұлы қараша айының соңғы күндерінің бірінде дүние салды.
Шығармашылық ортада «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген тәмсіл сөз жиі айтылады. Дегенмен, ақын Қуандықтың поэзиясы мен адами болмысына үңілсеңіз, басқаша ой ойлауыңыз кәдік. Себебі, ол – ауылда туып, өмірінің соңына дейін ауылда тұрды. Қалаға кеткен жоқ. Өлеңге жауапкершілікпен қарап, қаламына адал болды. Соны ой, өзгеше реңкпен туған жердің табиғатын жырлады. Сосын бәзбіреулер ұқсап, атақ қуып, ешкімнің соңына шам алып түскен жоқ. «Ақынның ақындығы атақ та емес, ақынның ақындығы арда ғана» деген ұстаныммен ғұмыр кешті. Содан да болу керек, қалың оқырман оған «Табиғат тамыршысы» деген теңеу айтты. Қалың елі қазағы қара өлеңде ешкімге дес бермеген Қуандығын осылай әлпештеп, әділ сөз айтып жатса, құрмет дегеніңіз осы емес пе? Қуандық ақынның өзі:
– Көтерер заман жүгін, уақыт жүгін,
Жыр, сенің жолыңда адал отықты үнім.
Таба алсам өз жолымды өр қиядан,
Сол үшін, сол үшін-ақ бақыттымын, – деп жырлайды. Осындай ойы өрісті, сөзі келісті теңеулерімен шығармашылық ортаға ол өзінің таудай тұлғалық болмысын мойындатқан ақын. Ал, таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні тағы бар. Ақын Қуандықтың есімі ел есінде мәңгіге қалалары анық. Себебі, ол – шын талант иесі.

Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ поэзиясының өркендеуіне, аудан­ның әлеуметтік-мәдени жақсаруына арнады. Қуандық Шолақ 1941 жылы 22 қарашада Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Қуандық Абашұлы 8-сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ өлең жаза бастаған. Ақынның «Атажұрт», «Кешіккен көктем», «Күзгі ырғақтар», «Көксеңгір», «Менің атам», «Қоңыр әуен» сияқты жыр жинақтары бар. Оның сыршыл да нәзік лирикалары оқырман қауымға көптен таныс. Ақын Қуандық Шолақтың «Тұрар туралы толғау», «Ақсақ қыз» өлеңдеріне ән жазылған. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, ағайындары мен дос-жарандарына қайғырып, көңіл айтамыз. Ақынның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Е.Есіркепов, Е.Әбутәліпов, Е.Еспенов, Б.Есеев, Ә.Терлікбаев, Қ.Бижанов.

Құланның құс таңдайлы ақыны еді…

«Бос кетуді өмірден күнә көрем,
Кейінгіге қалар ма мұра менен.
Маңдайыма әлемнің менікі дер,
Жазып кетсем өлмейтін бір-ақ өлең». Бұл – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ауданның «Құрметті азаматы» Шолақ Қуандық Абашұлының өлеңі. Тізе берсек, Қуандық ақынның поэзиясында бұл тақілеттес өлеңдер жетерлік. Менің айтайын дегенім, Ауылшаруашылығы институтын бітіріп, поэзияда өзіндік дара қолтаңбасын қалдыру көп жа­зарманның қолынан келе бермейді. Ол – ақын Қуандықтың қолынан келді. Ізденді, еңбектенді. Ауылда тұ­рып-ақ өндіре жазды. Есесіне, қазақ қара сөзінің майталмандары Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы секіл­ді қабырғалы жазушылар ақынның өлеңдеріне жоғары бағасын берді. Шерхан Мұртаза: «Қазақ руханиятын­да екі Шолақ бар. Бірі – Балуан Шолақ болса, екіншісі – Қуандық Шолақ» деген. Бұл енді нағыз биік деңгейде айтылған сөз. Құс таңдайлы Қуандық ақынның өлеңдері мәңгі жасай бермек. Жаныңыз пейіштің көгінде шал­­қысын, Ақын аға!

Тұрсынхан Жаманбаев,
Қазақ журналистикасының қайраткері.

Поделиться ссылкой: