Ахаңның асыл жары

546 Views

(Соңы. Басы газетіміздің 98,99-шы нөмірлерінде).

2009 жылы Ахаң елін 10 күндей аралап, туған жер, өскен ортасымен әбден танысып, көптеген адамдармен сұхбаттасқан жағдай болды. Сонда біз Бадрисафа анамызға да қатысты ел арасындағы тың деректерге қанықтық. Бұл туралы мен ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлының жазбасына сүйенейін, сол дұрыс болар. «Торғайлықтардың арасына түскелі, Торғай даласына келгеннен бері ресми сөйлегендерді былай қойғанда дастархан басында, сұхбаттасқан сәттерде лауазымсыз еркек-әйелдің сөздері толымды бола бермегенімен жүйелеп, келістіріп айтатындарына қайран қалғандайсың. Өзім әдебиеттен жақсы-жаманды сабақ беріп жүргендіктен шамалайтын шығармын деп ойлаймын, ал торғай­лықтардың сөйлеу мәнері мен әуеніне өте қызығып келемін. Шынында өз ойын дөңгелетіп жеткізуге келгенде көп адамға қарасын көрсетпей кететін Өмірхан да торғайлықтардың жақсы мағынадағы сөзуарлықтарына қол қоятынын айтып, басын шайқап келеді.
Соның нақты бір көрінісі ретінде Амантоғайдың жол айрығындағы «Арғын» шайханасын ұстап, күн көріп отырған жетпіс жастағы Бөпіш Тоқсейітованы мысалға келтірмекпін… Біздің мінген машинамыз әрі жайлы, әрі жүрдек болған соң аялдар тұсқа ертерек жетеміз. Екінші көлік келгенше бірден үстелге отыра кетпей, бой жазатын да сәтіміз болады. Арқалыққа өтерде шай ішіп кеткен шайханамыздың іші тарлау екенін біліп, жолдастарымыздың жетуін тосып, ауланың астына кіре бергенде өңін қатпар-қатпар әжім басқан бір кемпір жанаса берді де, «жол болсын» айтты. Серік Тұрғынбековті бірден танып, «Сені кеше теледидардан көріп, оқыған өлеңдеріңді тыңдағам. Кейкі мен Сәкенге арнаған дастандарыңды оқып, риза болып жүруші ем. Аман болып, еліңнің абыройын көтере бер жарығым» деп әкетіп барады. Серік алдымен Өмірханды таныстыра бастап еді, «ертеде «Қазақ» газеті туралы зерттеуді оқып, Ахаңның азаматтығын айрықша ардақтайтынын танытқан кітапты оқып ем. Сол бала емес пе?» дегенде, Серік «Ахаң жөнінде осыдан екі жыл бұрын шыққан ғұмырбаяндық кітабы көзіңізге түскен жоқ па?» деп еді, «ондай кітаптар Алматы мен Астанадан аспайтын ауруға душар болдық қой. Көзіме түскен жоқ. Ал, Ахаң жайында жазуға дайындығы барлығын мен ана «Қазақ» жайындағысынан аңғарғанмын. Жеміс берген өсімдігін айтқанда, оның бағбаны ескерусіз қалмауы керек қой» деп екпін басты да, маған көз қиығын тастады. Оны сезген Серік «бұл кісі Тұрсынбек Кәкішев деген ағаңыз болады» дегенінде төменнен жалтырай қараған, әлі нұры таймаған оймақ көзіне күлкі оралғандай болды. «Сәкенді насихаттап жүрген азаматымыз осы кісі екен ғой. Мен «Сәкен сүйген сұлуларын», «Дала дауылпазын» ғана емес, «Сандалтқан Садағын» да оқыдым», – дегенде басымды шұлғи бердім…
Аттана бергенде шыр ете қалған қалта телефоны:
– Сіздерді Әулиекөлдегі жол айрығында Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхметов, Серік ақынның жары Жанна тосып алады. Олар Қостанайдан шықты, ендігі жетіп те қалған шығар, – деп, Нағашыбайға соңғы үкімін жет­кізді Темірхан.
Әулиекөл дегенге кұлағым елең ете қалды. Баяғыда Ахаң осы ауылда бала оқытып жүргенде, орманшының қызы Александра апа­мыз­ға көзі түсіп, көңіл қосқаннан кейін өзі­нің дініне кіргізіп, мұсылманға айнал­дырғаны, өмірінің соңғы күніне дейін бірге болғаны белгілі ғой. Енді, осында кел­геннен бері қазақ арасында жатпайтын шындықты естіп келеміз. Оған, әсіресе Өмірхан мән беруде. 1937 жылы Ахаңды үшінші рет ұстап әкеткен соң, үн-түнсіз осы Торғай даласында Ахаңның бір жақын туысқанына Бадри­сафа келіп, аты-жөнін, кім екенін айтпай, соғыс басталған жылы дүниеден өтіпті. Оны паналатқан адамның аты-жөні де, қайтыс болған ауылы да Өмірханның қойын дәптеріне түсті. Кезі келгенде жария бо­лар».
Бадрисафа анамыз туралы тың деректерді мен Торғай келген алғашқы күні-ақ естідім. Біздерді кезінде ҚазМУ-де ол журналистика мен филология факультеттерінде қатарлас бірге оқыған, сол кездегі Торғай аудандық мәслихатының хатшысы Таңатқан Дәркенов бастаған қарсы алушылар күтіп алған болатын. Кездесу сәттерінде менің «Ахмет Байтұрсынұлы» атты кітабымды көрген соң, Таңатқан екеуіміз біраз пікірлесіп қалдық. Сонда ол ел аузында жүрген Бадрисафа туралы тың деректерді жеткізген еді. Ол айтқан әңгіменің ұзын-ырғасы қысқартып айтқанда, мынадай: «Меңдіқара ауданында ағайынгершілік жағдайлармен болғанымда, Бадрисафа ана­мыз­дың зираты табылып қалар деген әңгіме естідім. Ұлы Отан соғысы жылдарында ақын Қасым Тоғызақов Меңдіқара ауданына қарасты Екпінді деген ауылындағы бір жақын жеңгесіне саған ғана сеніп әкеліп отырмын деп, Александра атты бір орыс әйелді табыстап кетіпті. Бүгінде ауыл адамдары сол әйел Бадрисафа болса керек деген жорамал жасап отыр. Ол кісі сол ауылда жүріп қайтыс болыпты. Ауыл үлкендері сондағы мұсылман бейітінің қасына жерлеген болса керек. Жерленген жерін білетін адам­дар бар екен». Бұл әңгіменің шындығын мен Алматыға қайтарда Ағытаев Ибраһим ақса­қалдан да, сол елдегі белгілі кәсіпкер, кезінде совхоз дирек­торы болған, білімді де білікті азамат, руханияттық дүниелерге зиятты қарайтын марқұм Темірхан Үндемесовтен естідім. Ибраһим ақсақал маған: «Бәдрисафа апаның Қостанайда тұрақтағандығы, Қостанайда бір­неше рет болғандығы ол айқын дәлел. Ал, енді Бәдрисафаның мынау Қасқат ауылында, Екпінді ауылында жерленді деген көзі көрген адамдардың дәлелдері міне, осыған әкеп соғады. Екпіндіде жерленген сол Бәдрисафа, оған талас жоқ», – деп қайта-қайта ескерте берді.
Біз Алматыға қайтып келген тұста, баспасөзде «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетованың осы әңгіменің шындығын жан-жақты деректеген мақаласы жарық көрді («Егемен Қазақстан» 30 мамыр, 2009 жыл). Енді ұзақтау болса да сол мақаладан үзінді келтірейік. Мақалаға біз жоғарыда Бадрисафа анамызды бала кезінде көрді деген Есім­хан қарияның әңгімесі арқау болған. «Сонау 1947 жылдан бері бұл әңгіме Қасқат ауылы­ның сыртына шықпаған екен. …Осыдан екі жыл бұрын көз жұмған Қарипа әже өзінің күйеу баласы, ақкөлдік, Ахаң­мен жерлес, ағайын Абылай Жаулыбаевтың Ахмет Бай­тұр­сынов туралы айтқан әңгі­мелерін қызығып тыңдайды екен. …Иманды болғыр Қарипа әже: «Есімхан қайнымның әкесінің үйінде бір Александра деген қуғындағы әйел жүріп еді», – деп айтып қалады екен. Ол ИбраҺим ағайдың құлағына шалынады ғой. Сонымен біз де осы әңгіменің соңына түс­тік. Сол Қарипа әжейдің Есімхан қайнысы – 75 жастағы Есім­хан Тұрлыбеков қария бүгінде Қостанай қаласында балаларының қолында тұрады. Іздеп келгеніміз осы дерек бол­ған­нан кейін алдымен атайдың сөзін бөлмей тыңдадық.
– 1945 жылдың аяғы ма екен, әлде 1946 жылдың басы ма екен, әйтеуір, қыс айында өзіміз Кәшу деп атап кеткен ағам, кәдімгі ақын, аудармашы Қасым Тоғызақов біздің үйге кешке, қас қарайып кеткенде жүдеп-жадаған орыс әйелін ертіп әкелді де менің шешеме қатты тапсырды. «Қапиза, бұл өз бетімен көшеде жүрген әйел емес, қуғында қашып жүрген кісі, үлкен кісінің, өзіміздің аға­мыздың әйелі. Осыны пана­лата тұрыңдар. Сенің етің тірі ғой, Қапиза, тек саған сеніп әкеліп отырмын. Біреу тиісіп немесе ұстап әкетіп жүрмесін, қазір аямайды. Не айдап жі­береді, не атып тастайды. Алда ептеп жеңілдік заман болса, жөнін табады ғой. Ешкім білмесін. Өзіңе сенемін», – деді де, өзі түнделетіп кетіп қалды. Қа­сым Тоғызақов өзіміздің ауыл­­­дың адамы, бізбен рулас ағайын болатын, сосын менің шешеммен нағашылы-жиендігі бар еді. Сол кезде ол Қостанайда газетте істейді деп еститінбіз. …Қасымды сыйлағандықтан, әлгі әйелді екі сөзге келмей алып қалды. …Мен сол кезде 12-ден 13-ке қараған баламын. Таңертең тұрысымен шешем маған: «Әй, жетпегір, Кәшудің келгені, Александраны әкелгені туралы тісіңнен шықпасын, айдалып кетеміз!» – деді. Қор­қы­ныштан денем дірілдеді. Со­дан Александра қыстай, көк­темде күн жылынғанша үйде ше­шемнің қасында болды. Үйге қонақ келсе, жиын болса шешем оны жартылай жерден қазылып, жартылай қыртыстан со­ғылған моншаға тығып тас­­­­тайды. Байғұс талай рет мон­ша­ға қонып шықты ғой. Күн жылынып, өзенде су жүрген соң Александра жылқының құйрық қылынан үш қармақ жасап алды. Үйде тұрмайды, ертемен кетіп, кешке дейін өзен жағасындағы талдардың арасында қармақ салып отырады. Мен баламын ғой, ілесіп жанынан қалмаймын. Мектепте жүргенде сабақтан келемін де, Александраға жүгіремін, өзен жағалап жүріп тауып аламын.
– Александрамен не сөйле­сетін едіңіздер?
– Ол кісі негізі өте аз сөй­лейтін. Маған ештеңе айтпай­тын, екеуміз үндемей жүріп қармақ саламыз. Қазақша бі­­ле­ді, бәрін де түсінеді. Ме­нің шешем орысшаңды да қаты­ратын. Александра екеуі түнде күбірлесіп әңгімелесетін. Олар­дың жанына жолап кетсем-ақ, шешем «жетпегірлеп» мені қуып жіберетін. Тек бір рет Александраның шешеме «Біз қуғындағы адамбыз ғой» дегенін естіп қалдым. …Өзінің Александрадан басқа тағы бір аты болды, шешем кейде сол атымен атайтын.
1947 жылдың күзінде бір күні Александра кешке үйге келмей қалды. Оның сол күні өзенге барғаны не бармағаны есімде жоқ. Түнде үйге келмеді. Өзенді жағалап, ауылдың маңын айнала іздеп таппай қойдық. Ертеңіне түстен кейін балалармен ойнап жүріп, үйден 400-500 қадамдай жерде Молдағали деген атамыздың тастап кеткен ескі үйінде Александраның өліп жатқан үстінен шықтық. Дереу апамды алып келдік. …Апам келіп бетіне үстіндегі күртесін жауып кетті. Ешкімге айтқан жоқ, кешке жұмыстан өгей әкем Төлеубайдың келуін күттік. Ертеңіне әкем совхоздың атын, арбасын әкелді де, соған екеулеп Александраның мәйітін салып, Ұзын Қыпшақтың Науша руы бейітінің етек жағына бөлектеу жерге апарып бетін жасырдық. Әкем құмдақ жер болғанмен, тоңдап қалған топырақты тізеден ғана қаза алды. Қолындағы күрегі де кішкентай әлсіз еді, оның үстіне Колымада он алты жыл айдауда болып келген ол кісінің шамасы да осыған жеткен шығар. …Есімхан атай әңгімесін осылай аяқтады. Қыр басындағы мұсылман бейітінің етегін бір жылдары қардың суы орып кетіп, сүйектер ашылып қалыпты. Оны ауыл адамдары да көреді. Есімхан қарияның сондай сүйектерді жинап, қайта жерлеген кезі де болыпты. Әлі тың, сөзі анық ақсақал Александраны жерлеген жерді көрсете аламын деп отыр.
…Есімхан қария ол кезде бала болса да, Қасым Тоғызақовтың Александраны ертіп келгенде «Мені танитын әйел, үлкен кісінің, бір ағамыздың әйелі», деген сөздерін есінде анық сақтапты. Және қария бір сөзінде Александраның тағы бір аты болғанын айтып еді.
– Сіз жаңа Александраның тағы бір аты болды дедіңіз ғой? – деп қайта сұрадық.
– Иә, Пелагея ма, Перия ма, әйтеуір шешем атайтын. Есімде анық қалмапты.
– Падриса деген атқа ұқ­сайтын ба еді?
– Болса болар, ұқсайды. Әй­теуір «П» әрпінен басталатын сияқты еді».
Осынау жазбаға қарап оты­­рып, Есімхан ақсақалдың айтқанына сенбеске бол­май­тындай. Қасым Тоғызақовтың белгілі бір себептерсіз кез келген орыс әйелін ертіп әкелмейтіні және ол әйелдің аты Александра болуы кездейсоқтық емес. Құжат бойынша белгілі есімін жасырып, әйтеуір аман жүрсін деп, ешкім білмейтін, әсіресе, жоғарғы құзырға таныс емес қыз күніндегі атын айтып, жасырын алып келгені белгілі болып тұр. Қажетті түрлі құжаттарда ол кісінің ұлтының татар болып жүруі де өзі де қудалаудың талай сынынан өткен Қасым ақынды осындай бір оңтайлы тәсілді қолдануға итермелесе керек.
1912 жылы ИбраҺим Ағыта­­ұлының бастамасымен, оны торғайлықтардың қол­дауы­мен Меңдіғара ауда­нын­­дағы бұрынғы Екпінді ауылы­ның жанындағы мұсыл­мандар зиратының кіре берсіне Бадрисафа анамызға арналған ес­керткіш-белгі қойылды. Бұл қазіргі Қасқат ауылының ма­ңайында.
Бұл туралы «Baq.kz сай­тында» жарияланған мақа­ласында Нәзира Жәрім­бе­това былай деп жа­зады: «Қос­та­найда педагогика ғылым­дарының докторы, бүгінде «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық фи­лиалы төрағасының орынбасары қыз­метін атқарып отырған Римма Бектұр­ға­но­ваның бастамасымен құрылған «Бадрисафа» тарихи-танымдық экспе­ди­циясы мүшелері Бадри­сафаның өмір деректерін із­дес­­тіруге, осы траге­диялық тұл­ғаның рухын құрмет­теуге байланысты біршама істер атқарды. Оның жоспарында Александра-Бадрисафа жер­ленген мұсылмандар зиратына ке­йінгі ұрпақ анамызды есіне алып, рухына тәу етіп жүре­тін ескерткіш-белгі ор­нату да бар болатын. Оған экспе­ди­ция мүшесі, Ибрагим Ағы­тай­ұлының бел­сене кірі­сіп, ұйымдастыруымен Ахаң­ның ағайын, туыс, ауыл­дастары ат­са­­лысты. Сон­дықтан, ес­керткіш-бел­гінің тақ­тай­ша­­сына: «Ардақты ана, адал жар, сенімді серік, тағ­дыры-тағылым Бадрисафа (Александра) Мұхамед­садық­қызы Байтұрсыноваға Үмбетей ұрпақ­тары» деп жазыпты. Белгінің ашылуына облыс, аудан басшылары, Ахмет туған топырақтың перзенті акаде­мик Кенжеғали Сағадиев, жұртшылық өкілдері, Ахаңның туыстары және Алматыдан ат арытып Ахаңның жиендері Айман Байсалова мен Меруерт Тыныбекова келіп қатысты.
…Ескерткіш-белгі үш қырлы, биіктігі 4 метр, 60 сантиметр етіп, кірпіштен өрілген. Екі жағына Ахаңның жарына арнаған әлгі өлеңінің соңғы екі жолы және «Рух – халықтың жаны. Рухты жан – азамат адам, рухсыз жан – надан, есалаң» деген сөздері жазылған.
– Ахаңмен бірге Бадрисафа анамыз да қазаққа ортақ тұлға. Алайда, біз мына шағын ескерт­кіш-белгіні анамызға Ахметтің атасы Үмбетей ұрпақтарының атынан қойдық. Себебі заманның аласапыранынан Бадрисафа келін болып түскен алтын босағасынан әйел бақытын көре алмады, ақырғы сапарына да қайын жұрты арулап шығарып сала алмады. Мына белгі ақ босағаның келінге деген құрметі деп білеміз. Сонымен қатар анамыздың жамбасы жерге тиген Меңдіғара жері азаматтарының да көмегіне көп рахмет,–дейді Ибрагим Ағытай. Бадрисафаның ақ жаулығындай ескерткіш белгінің ақ жамылғысын Облыстық мәслихаттың хат­шы­сы Сайлаубек Есжанов, академик Кенжеғали Сағадиев және Александра-Бадрисафаның көзін көрген, бұрынғы Екпінді-Алтыбас ауылының тұрғыны, Дәмежан Ерғалиева әжей түсірді.
Ескерткіш-белгінің ашы­луы­­­нан кейін Бад­ри­са­фа аруағына арнап ас берілді. Әдетте, ас та төк, тек ішіп-жеп тарасатын ас беру әр жерден табылады. Ал бұл астың өзгерек болғанын айтқымыз келеді. Оған үлкен де, кіші де, алыс-жақын – бәрі жиналды. Аруақтарға құран бағышталды, танымы, тағлымы мол естелік әңгімелер айтылды.
– Мен Қасым Тоғызақовты 1957 жылдан бері білемін. Өзі де содыр саясаттан жәбір кө­ріп жүрген ақын Ахаңды біл­ген­дік­тен осындай үлкен қадамға ба­рып, шешемізді Тобылдың қой­науындағы елеусіз ауылына әкеп жасырған, – деді Кенжеғали Сағадиев.
Күздің құбылған райына қарамай, сол күнгі тамылжыған шуақты айтыңыз. Қызылды-жасылды мың түске боялған тал-қайың, ақ шулан бұлт көшкен зеңгір көк аспан адамдардың рухани байлыққа кенелген көңілін өсіргендей болды. Бадрисафа шешеміз де бір аунап түскен шығар, жарықтық».
Осындайда қу тағдыр-ай дейтiн өксiктi өкiнiш өзегiңдi өртейдi. Алаңсыз жүрген ару қызға Ахметтей ай маңдайды кездестiрiп, бағын ашып, бақыттың бесiгiне бөлеп, аз күнгі қызығын, мың күнгі copғa айналдырғанына не демексiң?!!!
Фәни жалғанның бар қызығын тәрк етiп, ұлтын, тiлiн, нaным-сенiмiн махаббат aтты құдiреттiң құрбанына шалып, сүйген жүректiң құлы болғандағы тiр­лiктiң баяны қане?!.. Өкiнiштi! Ақыры жүйке ауруларына арналған мүгедектер үйiнде өмipiнiң соңғы кездерін күңi­ренiп өткiздi. «Әттең!» дейсің!… «Қыранның қияғы, тұлпардың тұяғы талатын» алыстағы елеусіз ауылда белгісіз болып жүріп, қанша қиыншылық көрсе де, асыл азаматын бір сәтте, есінен шығармай, «пәни жалғанмен» мәңгілікке қоштасты… Жо-Жоқ!.. Назалана бермейiк!.. Данышпан қазақтың айтқаны бар емес пе?!.. «Жаманның жанында жатқанша, жақсының қасында жүрген артық!». Ахаңдай арыс азаматтың асыл жары, адал cepiгі болған Бадрисафадай анамыз ұлы махаббаттың мәңгiлiк ел жадында сақталар перiштесiне айналды. Халық тарихында, ел есiнде жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып атың қалса, тiрлiктегi болмысыңның босқа өтпегенi де! Фәнидің жалғандығы мен бақидың мәңгiлiгiнiң мәні осында болса керек.
Ұрпағыңның өзiңдi аялай еске алар «әнi» үзiлмесiн, Әз ана! Бақытыңа бағалаған «төреңнiң» тарихта «хаты» қалса, ceнің «атың» қаларына мен имандай ceнeмiн!

Өмірхан Әбдиманұлы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Айтматов академиясының, ҚР Журналистика
академиясының академигі.

Поделиться ссылкой: