Кеңейтілген отырыс өтті
13 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
Қазақ халқы адалдықтың туын желбіреткен айтулы азаматынан айырылды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Шерхан Мұртаза 86 жасында дүние салды.
Шерхан Мұртаза әр жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» сынды басылымдарда редактор болды. Ол басқарған мерзімді баспасөздің қай кезде де беделі биіктей түсетін. Неге? Өйткені, Шерағаң барлық қызметте қара бастың қамын емес, әуелі ұлттың қамын ойлады. Осындай ақиқаттың қызыл шоғын ақ арымен көсеген асқақ рухты жазушының келмеске кеткені жанға қатты батады. Әттең, амал қанша?..
Жаныңыз жәннатта болсын, қазақтың шыншыл Шерханы!
Қазіргі Өрнек ауылдық аймағында кеңестік кезеңде «Алғабас» атты іргелі шаруашылық бар еді. Осы кеңшарда Ордан Рәсілов деген ағамыз қой бақты. Өзі қаражаяу адам емес оқта-текте өлең жазып, онысын біздің аудандық газетке жіберіп тұратын. Совхоздың әктіптері мал аралап жүргенде ол кісінің шаңырағына бас сұқпай өтпейтін. Бір күні олар Орекеңнің құтты қонысына баса көктеп кіріп келсе, атан жілікті ақын ағамыз атадан қалған қасқыр ішігін жамылып алып дәл үйінің төрінде дөңкиіп жатыр екен: «Әй, кейін қайта беріңдер, бүгін маған траур» депті төсектен басын көтермеген бойы ол. Аналар аң-таң болып, иықтарын көтерісіп тұрғанда Орекең жуан дауысымен: «Сендер қой санағаннан басқа нені білесіңдер, осы? Өмірден кім өткенін білесіңдер ме? Таудай тұлғасы бар Дінмұхамед Қонаев өтті…» деп әлгілерге арқасын беріп еңкілдеп жылай беріпті. Шер ағамның қазасы маған да солай әсер етті.
Шер ағам қадалған жерінен қан алмай қоймайтын бірбеткей кісі еді ғой. Алайда ол былайғы өмірде яғни, күнделікті тұрмыста мүлдем басқа, қарапайым жан болатын. Халықпен кездесуге келіп, сөз алғанда сол қазақы қалпын жоғалтпайтын, әр адамның мұңы мен мұқтажын өте мұқият тыңдайтын. Сайлау науқаны жүріп жатқан кез. Облыстық «Ақ жол» газетінің, облыстық телерадио компаниясының журналистері түгел атқа қондық, бәріміз де Шерағаңның сенімді өкіліміз. Сонда ғой деймін, жазушы әрі кандидатпен жұрттың кездесуін өткізу үшін Көгершін ауылына келдік. Шығып сөйлеушілердің ішінен жасы шау тартқан ақсақал мінбеге көтерілді. Келген бетте: «Уа, халқым! Сендер төрімізде кім отырғанын білесіңдер ме, осы? Білмесеңдер айтайын, төрімізде отырған Шерхан Мұртаза — Қазақтың паспорты! Осындай азаматымыз тұрғанда басқаларға қайтіп дауыс береміз? Шерхан депутат болуы керек! Шерханға дауыс берейік, ағайын!» деді жан түкпіріндегі жанайқайын айтып.
Ол кісі Парламент депутатының мандатын алған соң ұлттық құндылықтарымызды сонау Астана төрінен қорғауға, әсіресе, тіл мәселесі туралы жоғарғы органдарға, Үкіметке үлкен мәселе етіп қойды. Ахмет Байтұрсынұлының бастап кеткен ісін жалғастырып, тілімізге мемлекеттік мәртебе алып беруге, оның өмір жасын ұзартуға атсалысты.
Шер ағам бірде мені таң қалдырып: «Секе, сен осы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетін» дәлірек айтайын «Жанпидасын» оқыған шығарсың. Сондағы Жалпақсаз сенің ауданыңда емес пе? Ендеше жүр кеттік, мені сол Жалпақсазға апар» дейді ғой баяғы. Абыз ағам айтқан соң ол кісінің алдына түсіп алып, алдымен қазіргі Қарақыстақ ауылдық округіне келдік. Жол- жөнекей келе жатып: «Сонда Ерлік Омаров деген азаматты білесің бе?». Мен білетінімді айтып үлгергенше шопыр жігіт мәшинесін әлгі азаматтың үйінің алдына әкеліп тоқтатып та үлгерді. Үлкен дарбазаны айқара ашып, ар жағынан екі езуі екі құлағына жете күлген Ерекеңнің інісі (марқұм) Әлік тұр. Ол: «Өлә! сенейін бе, сенбейін бе? Тірі Шерханның өзі келіп тұр ғой!» деп таңданысын жасыра алмай абыз ағамыздың құшағына ене берді. Сөйтсек, Тұрар Рысқұловтай біртуар тұлғаны кітабына басты кейіпкер еткен Шерхан көкемнің де ішінде ашылмай жатқан бір сыр бар екен.
Ерлік Омаров ағамыз кезінде Талдықорған облысында білдей бір шаруашылықты сегіз жыл басқарған, айтса аузынан әні, тартса қолынан домбырасы түспейтін Сәкен Жүнісов, Кәкімбек Салықов сынды өңкей дөкей серілердің досы еді. Біз барғанда ол кісі өзінің Жалпақсаздағы қожалығында қойшысы кетіп қалып, қой бағып жүр екен. Шерағам салған жерден: «Жиен-ау, мұның қалай? Малыңды қырып, қалпағыңды жұлып апсың ғой…». Ерекең де: «Нағашым келсе көрсін деп, өлген қойды көмсін деп әдейі жүрмін қой бағып…» деді Шерағаңды қасқайып қарсы алып. Кейін білдік, Тұрар Рысқұловтың анасы осы Жалпақсаз ауылындағы Ақмырза деген бақуатты кісінің қызы екен. Ерліктің әкесі Шыңқожаға, атасы Омарға Тұрар кезінде кәдімгідей қамқорлық көрсетіпті. Шер ағамның айта алмай жүрген бір сыры осы болатын.
Шер ағамның аты өлмейді. Егер Күйік сияқты асуды асып бара жатсаңыз Жуалының Терісін де, Арысын да көресіз. Осындайда ойға мынадай ой шумағы еріксіз оралады:
Өзені Жуалының теріс аққан,
Қарашы, табиғатын түсіп аттан.
Ақсуға, Жабағылы көз тоймайды,
Көксеңгір Күйік жатыр мұзы қатқан.
Қоңыр жел күнде еседі асу жақтан,
Қазақ жүр ана қырда малын баққан.
Бауыржан, Шерхан, тағы Тұрар болып,
Үш Қоңыр көрінеді ақшаңдақтан.
Шыңдары тұрады ылғи қабақ шытып,
Қойғандай қара бұлтты түгел жұтып.
Мінезі үш арыстың дәл өзіндей,
Жауын боп, боран болып, алар күтіп.
Иә, бұл үш арыстың шыққан биігі екенінде дау жоқ. Өйткені олардың үшеуінің де мінездері бір-біріне ұқсас, бір ана, бір шешеден туғандай. Қазақ айтады ғой: «Баланы туасың, мінезін тумайсың» деп. Бәлкім, табиғат-Ана туған шығар үшеуінің мінезін. Қалай десеңіз де өмірден тағы бір алып өтті. Шер ағам расында да алып жүректі адам еді. Ол шындық үшін жан аямай күресті. Сондықтан ағамның ары таза, иманы түзу. Ол кейбіреулер сияқты алып теректің астына жасырынған жоқ, қайта қорғансыздарға пана болды. Оның рухы әлі де жадымызда тұрғандай болады маған.
Бақыл бол, аға! Жаның жаннатта шалқысын, саған пейіштің бағы бұйырсын!
Сейсен ҚОЖЕКЕ,
шәкірті, Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының иегері.