Ағаш көшеттері отырғызылды
52 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Редакциядан: Біздің ұжымның басым бөлігі спортқа қызығатын жандардан құралған. Оның ішінде футболды сүйіп көретіндер өте көп. Сондықтан болар, Катарда бір ай бұрын басталып, күні кеше мәресіне жеткен дүбірлі доданы әбден талқыладық. Сондай пікір алмасу кезінде оқыған мақалаларымызды, қызықты деректерді ортаға саламыз. Соның бірі – «Мұсылмандар дұғасымен жеңді» деген тақырыптағы Ерсін Әміренің әлеуметтік желідегі жазбасы. Мақаланың мазмұны ұжым мүшелерінің көңілінен шыққандықтан, назарларыңызға қазқалпында ұсынуды жөн көрдік.
Марокко құрамасының кешегі жеңісінен кейін әлеуметтік желіде көзім шалған бір-екі жазбаға қатысты пікір білдіргім келіп отыр.
Жазба иесі «Португалия құрамасын мұсылмандардың дұғасы сындырып тастады» депті. Бауырлар, дұғаның әсерін, дінді спортқа тықпыштауды доғарайық.
Ертең аргентиналықтардан немесе хорваттардан жеңіліп жатса «Марокко құрамасын христиандардың дұғасы сындырып тастады» деп пост жазамыз ба? Әлде Тунис, Сауд Арабия құрама командалары поляктардың, мексикалықтардың дұғасы басым келіп жеңіліс тапты ма? Түріктер бразилиялықтардан, саудтар немістерден жеңілгенде ше? Футболды діндер, құдайлар соғысына немесе жарысына айналдырудың қажеті жоқ.
Екіншіден, ойын болған соң екі мұсылман елі де ойын алаңында кездеседі. Ол кезде не дейсің? Мына мемлекеттің ақидасы мықтырақ, екінші мемлекетте биғдатшылар көп сол үшін жеңіп кетті дейсің бе? Бір елдің ішкі жарысында, клубаралық жарысында не дейсің?
Үшіншіден, «мұсылмандар дұғасымен жеңді» деп айтатындай қолыңда «мұсылмандардың дұғасы қабыл болды» деген анықтама бар ма? Алла Тағала біреудің дұғасымен жеңіс берді ме, әлде бір хикметпен тағдырда солай жазды ма біз білмейміз.
Дұға жасама демеймін. Шариғатта рұқсат етілген нәрсеге дұға жасауға да рұқсат. Бірақ «мұсылмандардың дұғасы сындырып тастады» деп айту артық. Тағы бір жазба иелері бұл жеңісті кезінде өзін отарлаған елдерге кеткен есені қайтарумен тең деген екен.
Біріншіден, спортпен кек алынбайды. ФИФА басшылығы «Футбол халықтарды біріктіреді» деп ұран тастауда. Оны кек алу алаңына айналдырудың қажеті жоқ.
Екіншіден, Алла Тағала Құранда: «Адам басқаның күнәсін арқаламайды», – деген. Алаңда жүрген ойыншылар отаршылардың өзі емес.
Үшіншіден, мұсылмандарды қозғайтын күш «кек алу» емес, әлемге ақиқаты, Ислам нұрын жеткізу принципі болу керек.
Төртіншіден, Марокко біраз елдерді кезінде отарлаған Франция мен Германия құрама командасымен жолықты делік. Аталмыш елдердің құрама командасында ойнап жүргенде Осман Дембеле, Месут Озил сияқты ойыншылардан қалай кек алады.
Бесіншіден, мұсылман елдеріндегі кез келген футбол ойыншысының арманы Англия, Франция, Германия, Испания сияқты елдердің әлемге танылған футбол клубтарында ойнау екендігін ұмытпайық!
Марокко ойыншыларының басым көпшілігі де сол «отаршыл елдердің» клубтарында ойын көрсетеді. Ертең мундиаль біткен соң олардың әрқайсысы өз клубына нанын тауып жеуге оралады және клубаралық кездесулерде бір-біріне қарсы ойнайды.
Негізінде, кез келген осындай ойындарда артық кетуіміздің, эмоциямызды игере алмай қалуымыздың, мұсылмандар жеңсе құдды Салахуддин Әюби крест жорықшыларынан Құдысты тартып алғандай сезімге бөленуіміздің артында ішкі комплекс жатыр.
Ақиқатына келгенде бір елдің екінші елден артық болуы ғылымда озық болуымен, техникалық дамуымен, елдің экономикалық жағдайымен, ішкі тұрақтылығымен, моральдық құндылықтарымен өлшенеді. Футболмен немесе бокспен емес.
Айта кететін дүние, марокколықтардың әрбір жеңісті ойынынан кейін іс-әрекеті, кей ойыншылардың анасына құрмет танытуы, сөзсіз, көз сүйсіндіреді.
Әлбетте, мұсылманның қуанышы біз үшін де қуаныш. Біз де мағрибтықтардың әлемдік мундиальда топ жаруына шын жүректен тілектес екенімізді білдіргім келеді.