Ауыр күнәні арқаламаңыз…
Жаратушымыз адам баласына көптеген нығметтер берген. Егер оларды тізбектеп санайтын болсақ, есебіне еш жете алмайды екенбіз. Солардың ішінде ең қымбаттысы да, ардақтысы болып саналатын нәрсе, ол – өмір тіршілігі. Діни мағынамен айтар болсақ, өмір – үлкен нығмет болып саналады. Құран Кәрімнің 200-ден астам жерінде «халқ» яғни «жарату» деген мағыналар арқылы көптеп келтіріледі. Демек, Құран біздерге нені меңзеуде?
Адам болып жаратылуымыздың өзі үлкен нығмет екенін білдіруде.
Бүгінгі қысқаша түрде келтіріп отырған тақырыбымызда «Суицид», яғни адамның өз-өзіне қол жұмсауының зияндары жайлы сөз еткенді жөн санадық. Жалпы бұл тақырып үнемі қозғалып та, кеңінен насихатталып та жүргендігі белгілі. Мақсатымыз – қайтсек адам өміріне араша боларлықтай мүмкіндіктер табамыз, қайтсек оның зиян тұстарын жұртшылыққа жеткізуге тырысып-ақ бағамыз деген оймен қағаз бетіне түсірудеміз.
Сонымен, «Суицид» дегеніміз не?
Суицид деп өз-өзіне қол жұмсауды айтады.
Жаратушымыз Қасиетті Құран Кәрімде Ниса сүресінің 29-шы аятында: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Алла үшін оңай», – дейді.
Суицидке баратын адамдарды өте әлсіз, азғырылған, нашар жандар санатына жатқызуымызға болады. Өйткені, өмір лоторея емес. Алла Тағала өмірді біздерге түңілу үшін бермеген. Өмір – Алланың тарапынан біздерге берілген ең бір үлкен нығметі. Өз жанына қол сұққанды дініміз де қаралайды. Тіпті оларға жаназа да оқылмауы керек екен. Өйткені, олардың барар жері тозақ деп белгіленген. Өмір үшін күресуіміз керек. Уақыты келе бәрі шешіледі. Әр күніміз бұлттанып тұрмайды.
Бір сұрақ туындайды, суицидке байлар көп ұшырайды ма, әлде кедейлер ме? Суицид бай немесе кедей деп таңдамайды. Тіпті дамыған елдерде де орын ала береді.
Мысалы, Германияда 1 млрд евроға зиян (шығын) көрген бір кәсіпкер өзін-өзі пойыздың жолына түсіп өлтірген. Бұдан да көп есе зарар көрген небір байлар бар емес пе?
Неге олар өздеріне қол жұмсамайды? Демек, суицид адамның жеке өзіне кері әсер беретін теріс реакция екен.
Өз жанына қол жұмсамақшы болып жүрген адамды алдын ала сыртынан байқауымызға да болады екен. Мұның 2 түрлі жолдары бар:
1. Өзіне қол жұмсауды әшкере етіп жүретіндер.
2. Ешкімге білдірместен жасырып, жасырын жүретіндер.
Әшкере, ашық-айқын жүретіндер көбінесе жасөспірімдерде кездеседі. Мысалы, ата-анасымен ұрысып қалса, «Менен де құтыларсыздар», «Көздеріңізге күйік болған екенмін» деген сияқты сөздерінен байқауымызға болады.
Жасырын түрі, көбінесе, жасы үлкендерде кездеседі.
Жасөспірімдер арасында да суицидке ұшырағандар көп кездеседі. Неге?
Жалпы алғанда, өзіне-өзі қол жұмсаушылардың баршасы өмірдің не екендігін білмейді. Білсе бұлай жасамас та еді…
Әлем бойынша әр жылы 1 млн адам суицидтен көз жұмады екен. (2016 жылғы дерек бойынша).
Ең бірінші орында Ресей (26,5), сосын Литва (25,7), Қазақстан (22,8) үштікті түйіндейді. Суицидтің алдын алу үшін әуелі медициналық психологтар керек. Сосын социологтар, психиатрлар шұғылданады. Олар депрессияны емдеп, характердің өзгеруіне коррекция жасап, суицидке әкеліп соқтырушы кеселдің алдын алады.
Өз жанына қастандық жасаушылар өздеріне әртүрлі жолдармен қол жұмсайды.
Мысалы: асылу, уксус ішу, көп дәрілер ішу секілді жолдарды таңдайды. Себебі неде? Қиын сұрақ. Ерлердің көбісі асылса, әйелдердің көбісі дәрі-дәрмектермен қол жұмсайды. Қалалық жерлерде тұратындар өздерін биік қабаттардан лақтырып жатады.
Мысалы, Жапон елінде теңіз бойында үлкен биік құз бар.Оны олар: «Өз-өздеріне қол жұмсаушылар шыңы» деп атайды. Өйткені, осы жерден талай адам өздерін лақтырып қайтыс болған. 2009 жылы олардың сандары көбейіп кеткендігі үшін, адамдардың өмірлерін сақтап қалу үшін бір қария келіп отырып алған. Және өмірден түңіліп келгендерге насихат айтып, райларынан қайтарған екен. Бұл жайында «Evronews» телеарнасы арнайы бағдарлама жасап көрсеткен.
Қорыта айтар болсақ, құрметті оқырман! Өмірімізді бағалай білейік, соның ішінде әсіресе перзенттерімізге діннің негіздерін үйретіп, ненің күнә, ненің сауапты екендігін, және өмірге деген көзқарастарын үйрете жүруіміз керек екен. Олардың алдарына зор мақсаттар қойып, керекті жәрдемдерімізді бергеніміз жөн. Ұзын сөздің қысқасы, Алланың азабынан қорқуды үйрете білсек, оларды тақырыбымызға арқау болған суицидтің зардабын толығымен түсіндіргеніміз болып саналар еді.
Ү.Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.