Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
23 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді.
Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді.
Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым.
Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью- Йоркта
болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл
оқыдым – оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық
шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді.
Түсімде Ақсу- Жабағылыны көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді.
Анамның аты — Айша еді.
(“Ай мен Айша” романынан үзінді).
Жауар да жауар, жауар бұлт,
Түйдектеліп теріскейге ауар бұлт.
Қан жұқпаған қылыштайын түнеріп,
Кенезесі кепкен белге тамар бұлт.
Үміт кешіп алақұйын ғасырдан,
Түн көз ілмей қаламына бас ұрған.
Аспантекті армандары айға ұлып,
Жұлдызды ойы шексіздікке шашылған.
Оқ жыландай ысылдаған сөз-жебе,
Езулері желімделген ездерді.
Сатқындыққа сәжде қылған кездерді,
Көктей өтіп жасындайын жайраттың.
Қарағайға қарсы біткен қалпың бұл —
Тас түнекті тіліп түскен жалқын нұр!
Сол сәуленің сөнбесіне серт байлап,
Көкірегімде булығады толқын жыр.
Уай, даланың рухы есілген Абыз-жұрт,
Мойныңа бұршақ салдырып,
Талапайлы тағдыр жолын шам қылып,
Үнсіз сен де дұға еткейсің ұлыңа!..
Шерхан Талап,
жас ақын.
Белгілі жазушы, қазақ журналистикасына өзіндік қолтаңба қалдырған Шерхан Мұртазаұлының «Бір кем дүние» атты кітабы менің сүйікті шығармаларымның бірі.Тек бұл ғана емес, жалпы Шерағаң жазған әрбір туынды мен үшін алтыннан да қымбат дер едім.
Қазақ қарасөзінің Кербұғысы, журналистиканың жампозы атанған Шерағаңның бір кездері еліне келіп, сайлаушылар алдында сөйлеген мына бір сөзі менің өмірлік қағидаларымның бірі болып қалды. Сонда ол «Құдай сатып алған атақ-абыройдан, өтірік айтып бедел жинағаннан сақтасын! Ешкімнің алдына барып алақан жаймаймын. Халық өзі біледі кімнің кім екенін. Депутат болмасақ өліп қалмаймыз. Қолымыздағы қаламымызды ешкім тартып алмайды» деген екен. Айтар ойын бүгіп қалмай, ақиқаттың айбалтасын асқақ рухпен ұстаған қайран Шерағаң-ай…
Әрине, бүгінгі таңда «кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып жүрген» журналистер жоқ емес, бар. Осындай жандармен сөз қағыстырып қалған кезде Шерағаңның өнегелі ұстанымын еске аламын өз басым. Ол журналистиканы бітіріп, жазушылықтың биік шыңына шыққан тұлға. Ол журналист болды – жасқаншақ болмады, жазушы болды — мақтаншақ болмады.
Сөз басында «Бір кем дүниені» текке жазбадық. Туындыда «Ұрпақсыздар ұмытылады. Өмір заңы солай. Ал менен кітаптар қалар. Олар ұрпақты жалғастыра ала ма?» дейтін сөздер бар. Халық жазушысының бұлай алаңдауы орынды. Себебі, қазір кітап оқымайтын жастар жетерлік. Дегенмен, біз секілді кітапсүйгіш жастар барда, қаймана қазақ жұрты барда шыңдағы Шерағаңның ұлағатты сөздері ұрпақ жадында мәңгіге сақталып қалады деген ойдамын.
Қайбір жылдары Иманғали Тасмағамбетов Алматыда әкім болып тұрғанда Шерағаңның «Сенің Алматың Авгийдің ат қорасына айналған. Ал, Тасмағамбетов соны тазартуға келген батыр – Геракл» деген сөз айтқан. Өзінің сөзімен айтар болсақ, Шерхан Мұртазаұлы қазақ журналистикасының да Гераклы болып тарих жылнамасына жазылды. Бұл сөзіміздің шығар күндей шындық екеніне ешкім күмән келтірмейді.
Қош, ардақты да аяулы өр рухтың ақтаңгері!
Марат ДИХАНБАЙ.