Туберкулез және жүктілік

815 Views

Туберкулез – Кох таяқшасымен өкпені қыздыратын және басқа ағзаларды (сүйек, бүйрек, лимфа түйіндер) зақымдайтын жұқпалы инфекциялық ауру. Туберкулез бактериясы өте төзімділігімен ерекшеленеді. Күннің көзі жоқ табиғи жағдайда оның өміршеңдігі бірнеше айдан, жылға дейін сақталады. Күн сәулесі туберкулез таяқшаларын 5 минут ішінде өлтіреді.Туберкулезді кез келген жаста жұқтырып алуы мүмкін, әсіресе, ең кауіптісі – әйелдердің жүктілік кезі мен туғаннан кейінгі уақыты. Бұл кезде ағзалардың қайта құрылып, иммунды жүйесінің қорғаныш күші төмендейді. Дәл осы уақытта туберкулезбен ауыру қаупі өте жоғары.
Туберкулез қалай беріледі: Туберкулез қоздырғышы науқас адам сөйлегенде, гигиена құралдары, ыдыс арқылы, ауамен таралады.Туберкулезге шалдыққан мал да жұқтыру көзі болуы мүмкін.
Туберкулездің негізгі белгілері: 2 аптадан астам жөтел, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту, кеуде тұсының ауыруы, түнгі тершеңдік, дене қызуының көтерілуі. Жүкті әйелдер туберкулездің белгілерін көбінесе токсикозбен шатастырып, аурудың алғашқы белгілеріне мән бермейді. Туберкулез белгілері болған жағдайда тездетіп жергілікті медициналық мекемеге қаралу қажет.
Туберкулезді анықтаудың ең сенімді, тиімді және қауіпсіз әдісі – туберкулез бактериясын қақырықты микроскопиямен, молекулалық генетика тексеру арқылы анықтау. Жүкті әйел туберкулез жұқтырғанына күмәнданса, дәрігер кеуде қуысына рентген тексеруін тағайындайды. Құрсақтағы баланы арнайы қорғасынмен қапталған алжапқышпен қорғап жасайды.
Емделу кезінде жукті болуға бола ма?
– Туберкулезге қарсы емделу кезінде жүкті болмаған жөн. Дені сау баланы босану үшін дені сау ана қажет.
– Жүкті болмау үшін акушер-гинекологтардан жүктіліктен сақтайтын препараттар туралы кеңес алу керек.
Туберкулездің толық курс емі біткеннен, диспансерлік есептен шыққаннан, гинеколог кеңесінен өткеннен кейін жүктілікті жоспарлауға болады.
Туберкулезді дер кезінде анықтау мақсатында,сәби туылғаннан кейін босанған барлық әйелдер міндетті түрде 1 ай көлемінде перзентханада немесе жергілікті емханасында кеуде қуысының флюорографиялық тексеруінен өтуі қажет.

Г.Ихласова,
жоғары дәрежелі фтизиатр.

Поделиться ссылкой: