Эхинококкоз – қауіпті дерт

486 Views

Эхинококкоз – қоздырғышы Echinococcus granulosus, ауыл­ша­руашылығы малдары мен адамдардың ауруы. Эхинококкоздың қоздырғышы көбінесе өкпе мен бауырды зақымдайды. Соның салдарынан ауылшаруашылық малдары мен адамдар ауруға шал­дығады. Эхинококкозбен ауырған адамдарға хирургиялық операция жасалады, дер кезінде операция жасалмаса көз жұмуы мүмкін. Аурудың алдын алу үшін адамдар жеке гигиена ережелерін сақтау және иттерді әр 45-50 күн сайын дегельминтизациялау қажет.
Қой және сиыр өсіретін шаруа­шылықтар тек қажетті иттерді ғана ұстап, оларды есепке алу, арнаулы кітапшаға тіркеу, санын азайту сияқ­ты жұмыстар жүргізіледі. Ветери­нария мамандарына иттердің дегель­минтизациясын топтастырып жүргізу (10-15 итті) әдісі өте қолайлы, мұндайда тек жұмыс істеген жер ғана залалданады және уақыт үнемделеді.
Аталған шараны жүзеге асыру үшін иттерді жері тегіс, тақыр, елді мекеннен, жолдан, суаттан алыстау, шеткерілеу орналасқан алаңға жинау керек. Иттерді дәрілеу алдында шынжырмен темір немесе ағаш қазыққа мықтап байлаған жөн. Дәрі берерде тұмсығын арнаулы қысқышпен, басын ұстап отырады. Иттердің ішек цестодаларына қарсы, тиімділігі антгельминтиктер пайдаланылады.
Қолданылатын дәрмектер: құра­мында празиквантел антигельминтігі бар препараттар: дронцит, дронтал плюс, азинокс, празив-К, альбен С, т.б.
Иесіз, қаңғыбас бұралқы иттердің барлығын жүйелі түрде жою.
Бүкіл дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша эхинококкозбен 10-15 жыл бойы ауырған әр адамнан мемлекетке келетін шығынның мөлшері 10 мың АҚШ доллары болады екен. Эхинококкозбен ауырған әр қой орташа есеппен жүнді 9,5%, сүтті 7%, етті 8,1%, іш майды 18,5%, бауырды 84,2%, өкпені 76,1% кем береді.

А.Самарханова,
«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» Жамбыл облысы филиалының ғылыми қызметкері.

Поделиться ссылкой: