Жауынгер неге жабырқайды? Ол Карабах соғысында болған еді…

569 Views

Күні кеше ғана СССР-дің мызғымас Одағында болған елдер бүгінде бір-бірімен жауығып, біріне- бірі қару кезеніп, тіпті, тып-тыныш жатқан қалаларды зымырандармен атқылап, бейбіт халықтың мазасын қашыруда.

Әйтпеген күнде сонау 1941-45 жылдардағы сұрапыл соғыста орыс пен украин, армян мен әзірбайжан бір окопта жатып, фашизмге қарсы оқ атқан жоқ па еді? Бейбіт күнді күркіретіп, аспаннан жәй оғын жаудырып, Ауған сияқты жат жұрттың ішкі жауларына қарсы әскери контингент жинап, соғыс өртін өршітіп отырған да сол баяғы алпауыт елдердің басшылары екені бүгінгі таңда бүкіл дүниеге мәлім болып отырғанын тіпті құпия қызметтерде жүргендердің өзі жасыра алмай отыр.
Осындай соғыстардың бірі Таулы Карабахта болды. Бейбіт қатар өмір сүріп жатқан армян мен әзірбайжан халықтары арасындағы қарулы қақтығыс бір емес, екі мәрте болғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Бұл соғысты әзірбайжан елі: «Отан соғысы» деп атап жүр.
Біз бүгін осы соғысқа ықтиярсыз қатысып, күні бүгінге дейін сол соғыстың ардагері атанса да, одан үкімет тарапынан тиісті жәрдемін ала алмай жүрген жауынгер туралы әңгіме қозғағалы отырмыз.

Кәрім Әдембайұлы Шаңбаев сол кездегі Луговой ауданының Жаңатұрмыс ауылынан әскери борышын өтеуге 1990 жылдың қараша айында аттанды. Алғаш Павлодар қаласындағы әскери бөлімде, яғни ОМОН-да екі жыл ұдайы әскери қызметін өтеді. Иә, иығына борышкердің пагонын таққан соң өзіңде қайдан ерік болсын. Күндердің күнінде, дәлірек айтқанда, 1991 жылдың 18-ші маусымында қатардағы жауынгер Кәрім Шаңбаевты бөлімдегі 20 сарбазбен бірге Таулы Карабахқа аттандырады. Бұл кезде Мәскеудің пәрмені жүріп тұрған кез, сонымен не керек, Кәрім жанында бір қандас бауыры жоқ, мұқым орыс солдаттарымен бірге ұшақтан Таулы Карабахтың аспанынан қанқұйлы соғыс жүріп жатқан жерге бір-ақ түседі. Сол бір аласапыран күндерді еске алған сарбаз: «Қатардағы жауынгер Черемисов екеуіміз бірге БТР расчетына түстік. Әскери расчетта бес адам болдық. БТР-ді жүргізу маған жүктелген болатын. Әскери тәртіппен колонна сап түзеп келе жатқанда тұтқиылдан жау атқылады. Старшинамыз алғашқы шабуылда-ақ қаңғыған оқтың құрбаны болып, көз жұмды. Қаруласымның көз алдымда шейіт болуы қалған төртеуіміздің есімізді тез жиғызды. Мен жаудың көп шоғырланған «апанына» тап келгенімді сонда ғана анық білдім. Бәріміз де жіті қимылдап армяндарға әжептәуір қарсылық көрсеттік. Сөйтіп, тығырықтан тез шығып кеттік. Артымызда жаудың бір топ жауынгерлері жайрап қала берді. Осының барлығы біз үшін көрген түстей болды. Өйткені бұрын соғыс көрмеген біздер үшін бораған оқтың ортасында қалып, одан аз шығынмен шығып кету үлкен «олжа» болатын. Мен Карабахта небәрі үш ай соғыста болдым, бірақ от пен оқтың арасында жүріп, талай әскери тапсырмаларды орындап, бөлімге аман-есен оралғаныма тәуба деуші едім. Әлгі Черемисов деген қарулас жолдасым жараланып санчастьқа түскен соң, мен оны қайтып көрген жоқпын. Естуімше ол сол орыс жерінде қалып кетсе керек. Шынымды айтсам, солдат шинелін тастамай туған жерге дін аман оралудан асқан бақыт бар ма? Әйтпесе, ауылымызда Ауған соғысына кетіп із-түзсіз оралмаған жаңатұрмыстағы Қолпаш кәриенің баласы мен осы Карабах соғысына қатысып, отыз жыл өткен соң, Бакудегі шаһидтер зиратынан табылған, осы соғыстың қаһарманы атанған Ербол Бәрімбеков бауырымыз сияқты жат өлкеде қалатын ба едік, қайтер едік…».
Кәрімнің сол бір ерлігі ескерусіз қалған жоқ. 1992 жылдың күзінде әскери борышын өтеп, туған ауылына оралғанда оны сонау Мәскеуден президент Ельциннің қолы қойылған «За личное мужество» ордені күтіп тұр екен. Осынау үлкен награданы Луговойдағы әскери комиссар өз қолымен Кәрімнің омырауына қадады. Ал, «Ерекше қызметі үшін» төсбелгісін арада жиырма жыл өткенде облыстағы қоғамдық кеңестің төрағасы М.Мұхаметжанов тапсырды. Осы награданы алғанда Кәрімнің әкесі Әдембайдың ағасы Шалдамбай ақсақал балаша қуанды. Ол кісі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ең соңғы ардагер еді. Шәкең менің әкеммен түйдей құрдас, 98-де.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында «Соғыс ардагерлеріне айрықша көңіл бөлу керектігін, тіпті тәжік-ауған, Карабах шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысқандар да назардан тыс қалмауы керек» деп атап көрсеткен болатын. Ол аз десеңіз, Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңында (6 мамыр 2020 жылғы 5-ші бабы, 8-ші тармағында №322) атап көрсетілген. К.Ә.Шаңбаевтың қолында «Карабахтағы әскери қимылдарға қатысқан ардагер» деген куәлігі (НС№3258758) бола тұра, оған осы күнге дейін жәрдемақы тағайындалмауы қалай?
Ардагер Меркідегі, Тараздағы әскери комиссариатқа бір емес, бірнеше мәрте барған екен. Бірақ ондағылар: «Сіздің тағайындау мерзіміңіз өтіп кеткен, жәрдемақы бере алмаймыз» деген сылтау айтып кері қайтарып жіберген. Тумысынан арыз-шағым айту қанына сіңбеген ол – осы мәселемен қайтып есік қағуды мүлдем қойған көрінеді.
Алайда, қай соғысқа қатысса да талай сұрапылды басынан кешірген жауынгер жабырқауы тиіс пе? Сондықтан біз республикалық, облыстық, аудандық ардагерлер одағы қоғамдық бірлестіктері мен әскери комиссариат басшыларына, осы деңгейдегі әкімдердің назарына осы мәселені түбегейлі шешіп беруін сұраймыз. Өйткені мұны Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын келелі мәселе деп ұққан жөн болар.

Сейсен Қожеке,
журналист, ақын, аудармашы ҚР Журналистер Одағы сыйлығының иегері.Суретте: Таулы Карабах соғысының ардагері Кәрім Шаңбаев.

Поделиться ссылкой: