Аңыз Адам

468 Views

Ел басқару ісінде жақсы аты қалған тау тұлғалы қайраткердің бірегейі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев десек, көбі келісер. Базбіреулер «Димаш Ахметұлының көзін көрмеген мына бала не тантып тұр өзі?» деуі де мүмкін. Иә, рас. Біздің буын ол кісінің көзін көрген жоқ. Көзін көрмесек те, істеген ісін, жасаған еңбегін, артында қалған сөзін кітаптан, газеттен оқып, адами тұлғасын жұрттан естіп білдік. «Қонаев айтты» деген ұлағатты сөздерді мерзімді баспасөзден оқи қалсақ, санаға тоқып, күнделік дәптерімізге түртіп те алатын сәттеріміз көп. Жақында күнделік дәптерімді ақтарып отырып, мына сөзге назарым ауды. Ақселеу Сейдімбек айтқан екен. Жазып қойыппын дәптеріме. Осы сөз Дінмұхамед Ахметұлының болмыс-бітімін айшықтауда айна-қатесіз айтылған сөз іспетті көрінді маған. Мәтіні мынадай тұрпатта жазылған.
«Жарық дүниеге пешенесі бестен келіп, алғашқы тартқан демінен бастап ақжолтай ғұмыр бұйыратын адамдар болады. Олар тіршілігінде не қаласа да дегені болып, ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді. Дарыны тасып, күресі асып тұрмағанына қарамастан, өзі араласқа түскен қоғамның әлпеші болмаса да, қолпашынан кенде болмайды. Мұндайлар қара басының мұң-мүддесі үшін біреуді қарақтап, біреуді жарақтауға келгенде әбжілдік танытқанымен, өзі бір мүшесі болып жүрген қоғам тағдырына қатысты істерге әсте қабырғасын қайыстырмайды. «Менен кейін маған десе топан су қаптасын» деген ұстаным мұндай адамдардың өмір сүру тәсіліне айналады.
Ал енді, келесі бір адамдар болады: арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел. Айтары жоқ, қызыға қарайсың» деп жазыпты Ақселеу Сейдімбек. Осындағы «арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел» деген сөздерді өз басым Димаш Ахметұлының портреттік кескіндемесіне арналып айтылғандай қабылдадым.
Рас қой, әйтпесе, Дінмұхамед Қонаев ел басқарған адам. Ел басқарып жүріп, «пәленбай байлық» жинапты дегенді мен мүлде оқыған да, естіген де емеспін. Тегінде, Димаш Ахметұлы – сол байлыққа татитын абырой жинай білген аңыз Адам ретінде тарихта қалды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: