Семинар

715 Views

 ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

 Аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің «Шайсұлтан Шаяхметов  атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мемлекеттік тілді дамытуды насихаттауға бағытталған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинар ұйымдастырды.

Шараның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, ұлттық болмысымызды бабалар тілімен жеткізу, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, рухани мәдениетімізді көтеру, қазақ тілін латын қарпіне көшірудің маңыздылығы, идеологиялық тұрғыдан ескірген елдімекендер мен көшелердің атауы, олардың тарихи атауларын қайтару, сонымен қатар, тарихи жер-су атауларын, ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларды беру турасында сөз қозғау, пікір алмасу болатын.

Жұмыс тобының құрамында белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Атап айтқанда, Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшім, саясаткер Расул Жұмалы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, Жамбыл облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов ашып, жүргізіп отырды. Саясаткер Дос Көшім ұлттық мәселелер турасында сөз қозғап, жиналған көпшілік үшін бұл жиынның маңызы жоғары екендігін, көкейлерінде жүрген сауалдар мен өтініш-шағымдарын айтуға зор мүмкіндік екенін ескертті. Сондай-ақ, ол «-Біз «мемлекеттік тіл» деген сөзді жиі қолданамыз, «қазақ тілі» деп айтуға батылымыз жетпейтін секілді. «Мемлекеттік тіл» мен «ресми тіл» деген егіз ұғым. Яғни, мемлекеттік тіл де, ресми тіл де, қарым-қатынас құралы да – қазақ тілі. Кез келген органдардан орыс тілінде келген хаттарға сіз қазақ тілінде жауап беруге құқылысыз. Тіліміздің мәртебесін көтеретін өзіміз» дегенді айтты. Ал саясаткер Расул Жұмалы «Тіл білген жақсы, әрине. Бірақ, бүгінгідей жаһандану заманында ұлт ретінде, азамат ретінде өзіңнің тамырыңды жоғалтпай, ұлтты сақтаудың бір жолы – тілдік саясат. Мәселен, орыс тілді әлем, ағылшын тілді әлемнің көлеңкесінде бірталай жұрт қалып қойып жатыр. Осы орайда, сақталып қалудың бір жолы – тілді сақтау» десе, С.Құлбарақ латын қаріпі турасында сөз қозғап, «латын қаріпіне көшу арқылы ана тіліміздің әуезді қалпына жететін болсақ, бұл – ұлттың өзін-өзі тануы» болмақ дейді. Семинар барысында тіл жанашырларына сұрақтар қойылып, нақтылы жауаптар берілді. Мен де көптен бері көкейімде жүрген екі сауалды жолдадым. Біріншісі: қазақылықтың қаймағына айналған оңтүстік өңір десек, қателеспейміз. Басқасын былай қойғанда, өз ауданымыздағы елдімекендердің атаулары да толықтай дерлік өзгертілді. Ал солтүстік аймақтарда тіл мәселесінің шешімін таппай келе жатқандығының бір себебі – орысша атаулардың өзгертілмеуі шығар. Бұл мәселе қашан шешімін табады?» деген сауалыма Дос Көшім: «-Бүгінгі таңда ономастика мәселесі үлкен проблемаға айналып отыр. Біртіндеп жеңіп келе жатырмыз. Шығыс Қазақстандағы Зырян қаласы кеше «Алтай» болып өзгерді, Қостанайда осыдан 3 күн бұрын Таран ауданының атын ауыстырды, Павлодардағы екі бірдей үлкен көшенің атауы өзгертілді. Қысқасын айтқанда, біртіндеп өзгеріп келеді. Дегенмен, бұл мәселе әлі күнге бар және ұзақ  жұмыстарды қажет етеді. Осылай бірте-бірте шешімін табады деген ойдамыз» деп жауап берді. Ол кісі «Алматы қаласындағы Қаскелең, Шамалған атауларының түптөркінін зерттеп көріп едім, Қаскелең – Жоңғардың айтулы батыры, ал Шамалған – «Шамал хан» деген жоңғар ханының есімі екен. Неге Алматы облысының көрікті мекендерін жер бетінен жойылып кеткен жоңғардың есімдері иеленіп тұр? Қазақта есімін беруге лайық батыр болмап па еді?» деген сұрағыма «Қаскелең, Шамалған мәселесі, оған жоңғардың тағы екі батыры Қордай мен – Шонжыны қосыңыз. Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылы да жоңғар батырының есімімен аталған. Өткен жылы арнайы шақыртумен сонда бардық. Қазақтың Әлмерек батыры Шонжыны жекпе-жекте өлтірген. Ол 56 жасына келген шақта, жоңғардың Қордай есімді батырының басын алған. Сол батырдың ұрпақтары айтты «сонда жоңғардың екі бірдей батырын өлтірген Әлмеректің атында елдімекен жоқ, бұл қалай?» -деп. Осы мәселе соңғы уақытта көтерілмей жатыр. Кезінде бұл мекендердің аты басқаша аталған. Шонжы – «Шонжыны өлтірген жер» деген сияқты. Қалмақтар қайта-қайта шабуыл жасай бергенде, олар қорықсын деп «Шамал ханның өлген жері», «Қордайдың өлген жері» деп аталған екен. Уақыт өте келе, карта жасалған кезде атаулар қысқартылып, жалғаулары түсіп, адамның аты ғана сақталып қалса керек. Бұл өте өзекті мәселе. Оны республикалық ономастика комитеті шешуі тиіс» -деп алыстан ат терлетіп келген тіл жанашырлары бұл мәселені де қағазға түртіп қойды.

С.РАХМЕТУЛЛАҚЫЗЫ

Поделиться ссылкой: