Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
Қазақ ұлты – діні мен дәстүрі құстың қос қанатындай қатар ұшқан, тарихы тереңде жатқан ұлы халық. Оның дәлелі ретінде жаугершілік заманда дос болғанға құшағы ашық туыс, қас болғанға қиып түсер қылыш бола білген рухты да батыр бабаларымыздың біз бен сізге қалдырып кеткен кең байтақ жері мен қайталанбас сара жолдарын айта аламыз. Себебі, Алтай мен Атыраудың арасында созылып жатқан кең байтақ жерімізге көз тігіп, ерлерімізді құл, әйелдерімізді күң қылғысы келгендер шаш етектен болғаны тарих беттерінен баршамызға мәлім. Десек те, кез келген қиыншылыққа қасқайып қарсы тұра білген ата-бабаларымыз бізге – болашақ ұрпаққа халқымыздың діні мен дәстүрінің толықтай жетуіне дәнекер болды. Алайда, «күні мен түні қатар жүретіні» секілді, тарихымызды бұрмалап, салт-дәстүріміз бен дінімізді жоққа шығарғысы келгендер де болмады дей алмаймыз. Себебі, қоғамда менмұндалап тұрған олқылықтар әлі де болса өз шешімін таба алмай келе жатыр.
Жалпы, қайсыбір ұлтты алмаңыз, әрқайсысы өзінің дәстүрін қазіргі тілмен айтқанда, «бренд» қылып ұстауы қажет. Алайда, қазіргі біздің жастар көп жағдайда өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды місе тұтпай, батыстың мәдениетіне еліктеуі баршамызға үйреншікті дүние болып қалғандай. Ондағы ойлары – «Батыс бізге қарағанда ғылым жағынан да, мәдениет пен құндылық жағынан да ілгері дамып кеткен». Әрине, оған айтар қарсы дау жоқ. Алайда, өзімізде барды өзгеден іздеп, қолда бар алтынымызды бағаламай, өзгенің қолындағы темірге қызығушылығымыз бізді осындай нәтижеге жеткізгендей.
Айтылған ойды құр сөзбен емес, нақты фактілермен айтсақ деймін. Халқымыздың құнды байлығы ретінде атадан балаға ұмытылмас мұрадай сақталып келе жатқан дәстүрлеріміздің бірі – «сәбиді қырқынан шығару» және «қызға сырға салу» рәсімдері. Қысқаша тоқтала кетсек, қырқынан шығару кезінде күміс металлдан жасалған бұйымдар қолданылса, ал сырға салу рәсімінде қыздың құлағына тек алтын сырға салынатыны баршамызға мәлім.
Сыртынан қараған адамға бұл жай ғана наным-сенімнен туған ырымдар болып көрінері сөзсіз. Дегенмен, түбіне үңіліп, мән-жайын ұғынуға талпынған адам таңғаларлық бір жайтқа кездеседі. Айтқым келіп отырғаны, қазіргі медицина ғылымы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда, алтын мен күміс металдарынан жасалған бұйымдардың ер және әйел жынысты адамдарға әсері әр түрлі болатыны дәлелденген. Тіпті, асыл дініміз де ер адамға алтынды тағуға үзілді-кесілді қарсы.
Бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың Балтимор қаласындағы Джонс Хопкинс университетінің жеке зерттеушілері ерекше заңдылықты анықтады. Алтыннан жасалған неке сақинасын 10 жылдан астам шешпей тағып жүрген ерлер эрекцияның жоқтығына және бедеулігіне шағымданып, медициналық көмекке жиі жүгінеді екен. Уақыт өте келе, асыл метал тотыға бастайды және химиялық реакция өнімдерін шығара бастайды. Тіпті миллиграмм алтын тотығының бір бөлігі денеге кіргенде, еркек жыныс бездерінің жұмысын бұзады. Бірақ алтын металдың әйелдердің денсаулығына ешқандай әсері жоқ. Оның себебі, әйелдің жыныс жүйесі мұндай химиялық әсерлерден жақсы қорғалғандықтан болса керек.
Мумбайдағы Жалпы Үндістандық гомеопатия институтының өкілдері де алтынның ерлер денсаулығына теріс әсер ететінін растайды. Біріншіден, олар гипертониямен ауыратын, сондай-ақ, тітіркендіргіш және депрессияға бейімділігі бар, тығыз денелі ерлерге алтын әшекейлерді киюге кеңес бермейді. Үнді емшілері бұл үздіксіз жалғаса берсе, ерлердің теріге жиналған алтын тұздары тері арқылы денеге еніп, қан тамырлары қабырғаларының жағдайын нашарлатып, олардың өміріндегі жалпы психологиялық жағдайға теріс әсер ететініне сенімді.
Сонымен қатар, алтын бұйымдарды киген әйелдер денсаулығына байланысты ыңғайсыздықты байқамады. Керісінше Үнді гомеопаттары алтын қосылған препараттар жедел және созылмалы метрит пен жатыр фиброаденомасын тоқтата алады деп санайды.
Жалпы, тарих беттеріне үңілсек, данышпан халқымызда мұндай мән-мағынасы тереңде жатқан жөн-жоралғылар өте көп. Десек те, бұл көшпенді салтын ұстанған ата-бабаларымыздың ғылым мен мәдениеттен құр алақан болмағанының айқын дәлелі емес пе?
Мәселен, немістер өздерінің сапасымен әлемге атын шығарса, жапондар технологиясымен, ал шведтер сағаттай дәлдігімен мақтанса, италия киім үлгісімен әлемді таңғалдыруда. Айтпағым, егер біз де баға жетпес дәстүрлерімізді өзіміз танып, білуге ұмтылсақ, әрі оның мән-мағынасын ашып, ғылым салаларында, күнделікті тұрмыста қолдана білсек, біз де азуын айға білеген дамыған мемлекеттердің қатарында болар ма едік?! Кім білсін?
Қуантай Алпысбай,
Қазақстан — Ресей медицина университеті «Стоматология» факультетінің 2 курс студенті.