Алимент – қарыз емес, ол ата-аналық – парыз!

431 Views

Заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын, алименттерді өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізулерді орындау міндеттілігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Алимент мөлшері мен төлеу тәртібі, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің қаржылық міндеттемелері «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 5-бөлімімен реттеледі. Қазақстандағы 2022 жылғы алимент мөлшері туралы айтатын болсақ, онда ең төменгі сома – 15 мың теңге (бір балаға). Бұл ең төменгі жалақының төрттен бір бөлігі. Ең төменгі жалақы мөлшері өткен жылы 1 қаңтардан бастап 60 мың теңге болып бекітілген. Яғни, сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан бір балаға алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бір бөлігін, екі балаға үштен бір бөлігін, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы өндіріп алынады.
Алайда қоғамда алимент төлеуден жалтарып жүргендер өте көп. Борышкерлер қамқорлық міндеттерінен түрлі себеп-салдармен қашып, тіпті түбегейлі төлеуден бас тартып, жасырынып жүр. Елімізде үш айдан астам алимент төлемей жүрген борышкерлердің аты-жөнін жинақтайтын «qamqor» ақпараттық қызметі жұмыс атқарады. Сонымен қатар, алимент төлеуден жалтарып жүргендерге мәжбүрлеу шаралары қолданылады: шоттары мен мүліктері бұғатталады, шетелге шығу құқығынан айырылады, көлік құралдарын басқару құқығынан шектеледі, соңында ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабымен атқарушылық құжатты орындамау әкімшілік және Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 139-бабына сәйкес, сот шешімі бойынша қаражат төлеуден жалтарған борышкерлерге қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Демек, сот шешімімен тағайындалған алименттерді төлемеу, уақтылы немесе толық төлемеу, сондай-ақ, нақты кірісті немесе қарызды өндіріп алынуға тиіс мүлікті жасыру заң бұзушылық болып табылатынын ескертеміз.

Л. АМАНШАЕВА,
аудандық прокуратураның прокуроры. 

Поделиться ссылкой: