Бір кем дүние

413 Views

Бастан сипау

Қай жыл екені нақты есімде жоқ, әйтеуір, соғыс жылы еді. Мектеп балаларын бидайдың арасындағы арамшөпті отауға алып келген. Бастығымыз Қайрақбай дейтін делқұлылау шал кісі.
Бізге өзінше командир болады.
– Айт-дуа, жайратыңдар жауды! – деп бұйрық береді. Бидайдың арасында өскен мияны, кекірені отай бастаймыз.
Әбден сілеміз қатқан кезде Қайрақбай командир:
– Демал! – деп бұйрық береді.
Тақтаның басына жете бере көгалға құлай-құлай кетеміз.
Бір кезде қасымызға әңгі есек мінген, жаздың күні басына ескі тұмақты баса киген, бурыл сақалды бір кісі келді. Қайрақбай «командирмен» амандасып болып:
– Осында Мұртазаның баласы бар ма? – деді.
– Бар, – деді Қайрақбай «командир». Сөйтіп, мені әлгі әңгі есек мінген кісіге алып келді. Қараторы жүзін әжім басқан, оң көзінің алдында бұршақтай қалы бар қартаң кісі мені құшақтай алып, басымнан сипалай берді де:
– О, жетімек! Жетімек! Әлі-ақ сен де жетілерсің. Аман бол, есіл ердің тұяғы! О, жетімек! Жетімек, жетілерсің… – деп есегіне мініп, көзінің жасын жеңімен сүртіп, Шанышқылы ауылына қарай кете барды…
Артынан білдім, Шанышқылыдағы Әдия әпкемнің қайынағасы Кәлен деген кісі екен.
– Шашымнан сипағаны есіме түссе, әлі күнге дейін елжіреп, жылағым келеді.
Шала құрсақ, жарым көңіл жетімге басыңнан сипаудың өзі де үлкен бақыт.
Бір кем дүние.

«Жалғыз бала» уайымы

Алматы. Мұқан Төлебаев пен Қонаев (бұрынғы Карл Маркс) көшелерінің арасы…
Алаңқайда субұрқақтар, айнала шыршалар. Ортада Дінмұхаммед Қонаев бюсті.
Скамейкада Ғабең – Ғабит Мүсірепов және мен.
Ғабең маған:
– Сонымен, «жалғыз бала» проблемасын жаз дейсің ғой. Қиы-ы-ын. Біз көбеюіміз керек. Біз жиылсақ – көппіз. Жайылсақ – жоқпыз.
Жер кең. «Жалғыз бала» мәселенің бір жағы. Ал баласы бар-ау деген ең зиялы адамдардың арты қандай? Қаныш, Мұхтарлардың есіктері жабылып қалды. Мен өлген күні… Менікі де… Сондықтан бардың өзі тіл, психология жағын қайтеді. Баласы көп Қапан еді (Бадыров), сұрасам:
– Балаларым, немерелерім қазақша сөйлемейді, – дейді. – Тіл жүрген жерде ұлттық сана-сезім жүреді. Ал сана-сезім теңдікке ұмтылады.
… Фонтан жаны. Бюст түбі. Қараңғылық қоюланып, салқын тартты. Қолтықтасып, біз қайттық. Уайым көп.
Бір кем дүние.

Генералды сөйлетпеді

Парламенттің Мәжіліс палатасы. Қорғаныс министрі, келбеті келіскен генерал Мұхтар Алтынбаев мінбеге көтерілді. Қазақша сөйлей бастады. Бұл өзі әдейі жоспарланған кездесу. Сөйте тұра, зал гу-гу. Екеу-екеу, топ-топ болып сөйлесіп отырған депутаттар. Ары-бері, ерсілі-қарсылы жүргендер де бар.
Генерал зал тынышталар ма екен деп біраз үнсіз тұрып еді, гу-гу тыйылмады.
Сонда генерал:
– Ал ендеше, мен орысша да сөйлей аламын, – деп орысшаға көшіп еді, зал құлаққа ұрған танадай тынды да қалды.
Құдай сорлатқанда, сол депутаттардың басым көпшілігі қазақтар еді.
Осының бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіген мен едім. Өкініштен өртеніп кете жаздағаным есімде.
Е, Құдай! Біз бейбаққа өзің сана-сезім бере гөр!
Бір кем дүние.

Хұсни сәуле

Басына бес бастаудың
Сылаң қағып,
Келуші ең, Хұсни сәулем,
Су алғалы…
Осы бір әнді Рамазан Стамғазиев асқақтатып, айбындатып айтады.
Кімнің әні? Қай заманның туындысы?
Бірақ көкейге қонып алып, көпке дейін көкірегіңнен кетпей қояды. Ән де күшті, әнші де құдіретті.
Қай заман?
Хұсни сәулем,
Дидарың ғайып болды… – деп аяқталады. Ғайып болғаны несі, қайда кетті?
Сұрақ көп. Жұмбақ көп. Ал әуен естен кетпейді. Қайта-қайта тыңдай бергің келеді. Шөп те өлең, шөңге де өлең мына заманда осындай асылдардың анда-санда бір-ақ айтылып, жұмбақ болып қалатыны өкінішті.
Бір кем дүние.

Әбдездің әуіті

Жазда ауылда жүргенде Әлихан мені көрші мекендегі Әбдез деген азаматтың әуітіне алып барды.
Әуіт дегеніміз – өзен-сайды бөгеп, плотина жасаған, яғни бөгет. Су толған. Жан-жағы тал-дарақ.
Балықтың ұрығын жіберген. Ол көбейген. Енді қармақ салып аулай бер.
Содан бері біздің Мыңбұлақтың бір бұлағы – Бердімбет сайындағы бұрынғы ескі әуітті жөндеп, табанын тазартып, су толтырып, балық өсірсек деймін ғой, баяғы.
Сонда Бердімбет баба сайының қос қанаты ну орманға айналса, айдында балықтар тайдай тулап, тоғайға қаздар қонып, үйрек ұшса деймін ғой, баяғы.
Кім біледі, тірі жүрсек, ондай күнді де көрерміз.
Мыңбұлақта баяғы-баяғы бағзы заманда ит мұрыны өтпес қалың орман болған екен. Сол дәурен қайтып оралса дейсің ғой, баяғы.
Бір кем дүние.

Тұнжыр тұман

Таң азаннан дала тұнжыр тұман. Көшеде адамдар бүрсеңдеп бара жатыр.
Ал майда құстар құйқылжыта ән салады. Әсіресе қара торғай. Әлде олар тоңбай ма? Әлде олар адамдарға қарағанда оптимист, үлкен үміткер ме?
Тоқ болатын да жағдайлары жоқ. Айнала аппақ қар. Құрт-құмырсқа шыға қоймаған кез. Құстар өміршең. Тірмізік.
Бәлкім, олар бір-біріне жамандық, қастандық ойламайтындықтан болар. Бірінің үстінен бірі арыз жазып, бірін-бірі даттап, боқтап, бәле жауып, соттатып жатпайды ғой құстар.
Сол пейілдеріне қарай Құдай оларға қуат беріп, қуаныш беріп қойған да болар.
Әйтеуір, ән салады. Жылауық, зарлы да емес, көңілді.
Біз неге осылардай емеспіз?
Бір кем дүние.

(Жалғасы бар).

Поделиться ссылкой: