Кеңес қылған ел азбас

392 Views

Өткен жылдың 3 наурызында ел Президентінің Жарлығы шыққан еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған сол № 826 Жарлықта барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі және азаматтарды жеке қабылдауы туралы тайға таңба басқандай жазылған. Бұның бәрі неліктен жасалып жатыр деп ойлайсыз? Біздіңше, «жәймен» болса да, «Жаңа Қазақстанның» түп-тамыры осылай басталады деген ұғым бұл. Әрі-сәріден соң «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шын мәнінде жүзеге асуына дәнекер бастама десек, сірә да қателеспейміз.

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Ақыртөбе және Ақниет ауылдық округіне барып, халықпен кездесті. Жиынды Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ахметов жүргізіп отырды. Кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өткен жылы толайым тірліктер істелгенін айтып, ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы туралы кеңінен баяндап берді. Әуелгі кездесу Ақыртөбе ауылында өтті. Ақыртөбе орта мектебінде өткен кездесуде Ернар Серікәліұлы былтыр дәл осындай форматта 45 кездесу өткенін, оның 32-сі өзінің қатысуымен өрбігенін тілге тиек етті. «Биыл да дәл осындай форматта кездесулер міндетті түрде өтеді. Біздің мақсатымыз – халық үніне құлақ түру. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Жасай да береміз. Халықтың ақ батасын алып, көпшіліктің ықыласына кенелсек, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білемін. Мемлекеттік қызметтегі басты ұстаным осы болуға тиіс» деді аудан басшысы. Содан соң жергілікті тұрғындар сөз сөйледі. Анығында, мәселе көтерді. Ауыз судың «қорлығын» көріп келе жатқан бір ауыл болса, соның бірі ақыртөбеліктер. Кезінде, яғни 2013 жылы шатты-бұтты жасалған жобалық сметалық құжаттың кесірінен, халық жапа шегіп отыр енді. Ақыртөбедегі ауыз су мәселесі бойынша аудан әкімі жан-жақты мысалдар келтіріп, қолдан келгенше жұмыс жасайтынын айтты.
Былтыр Ақыртөбе ауылында спорт кешенінің құрылысы басталған болатын. Жоба 2023 жылға өтпелі. Енді Ақыртөбеге мәдениет үйін салу қажет. Бұны да тұрғындар мәселе қылып көтерді. Ол да жоспарда бар екен. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. Республикадан қаржылай қолдау тапса, алдағы уақытта Ақыртөбе ауылында жаңа мәдениет үйі салынуы да бек мүмкін. Жиында Ақыртөбе ауылдық округіне қарасты Малдыбай ауылының тұрғындары мектептің мәселесін көтерді. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі жаңа мектеп салынатын жер анықталып, тиісті жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Осылайша «Мың мектеп» бағдарламасы бойынша алдағы уақытта Малдыбайда жаңа мектеп салынатын болады.

Ақыртөбе ауылдық округінен кейін дәл осындай форматтағы кездесу Ақниет ауылдық округінде жалғасын тапты. Айтпақшы, былтыр бұл ауылдық округте сайлау өткен болатын. Нұрдос Тұрабаевты ауылдық округ халқы қайта әкім қылып сайлады. Бұрындары бұл ауылда жиын өтсе болды, жергілікті халық газ, ауыз су, мектептің жырын сөз ететін. Газ келді. Округ орталығы Д.Қонаев ауылында ауыз су бар. Жаңа мектеп бой көтерген. Иә рас, былтыр мектеп спорт залының едені «опырылып» түскен болатын. Бірақ ол лезде қайта қалпына келтірілді. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолынан ауылға дейінгі 15 шақырымдық жолдың да мәселесі бар. Іс қазір сотта қаралып жатыр. Сот шешімі шығып, іс реттелгеннен кейін жолдың жайы шешіліп қалар, бәлкім. Аталмыш ауылдық округке қарасты Әбілхайыр елді мекенінде ауыз су проблема. Аудан әкімі бұл мәселе биыл шешімін табады деп сендірді тұрғындарды. Енді ақниеттіктер «Ауылға балабақша салынса?» дейді. Бұл сауалға аудан әкімі: «Қазір балабақша салу – жекеменшік әрі мемлекеттік әріптестік аясын­да жүзеге асырыла­ды. Яғни, ауылдағы белді бір кәсіпкер азаматтық танытып, осы жұмысты қолға аламын дейтін болса, біз оны қолдауға әзірміз. Әр балаға мемлекет тарапынан 45 000 теңге беріледі. Дана қазақ «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпаса керек. Бірлесіп, ақылға салып, бұл мәселені де шешуге болады» деді.
Кездесу соңынан аудан әкімі екі ауылдық округте де қоғамдық қабылдау өткізді. Жеке сұрақтарымен қайырылған әрбір тұрғындарға жауап беріп, көтерілген мәселелер заң жүзінде іске асатынын жезкізді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: