БАС БАРМАҚПЕН БАҒАЛАНАтын БАСТАМА

314 Views

Соңғы жылдары аймақ жастарына арнайы жасалып жатқан жағымды жаңалықтар өте көп. Жеңілдетілген бағдарламалар арқылы үй беру, жұмыспен қамту, кедергісіз білім алуға жағдай жасау, «NEET» санатындағы жастарды белсенді іс-шараларға тарту жергілікті атқамінерлердің басты жұмыс бағыттарына айналған. Мәселен, аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов аталмыш буын өкілдерімен кездесулердің бірінде облыс аумағындағы барлық жастарға барынша қолдау көрсететінін айтып, осы күнге дейін атқарылған жұмыстарды тізбектеген болатын.

– Тәуелсіздік жылдарында мем­лекет тарапынан жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта қаржыландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, облыста соңғы үш жылда мемлекеттік жастар саясатына 2,7 млрд. теңге қаржы бөлін­ді. Бұл – жас буынды еңбекқорлық­қа баулып, олардың бастамала­ры­на көрсетілген қолдау. Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы жүзе­ге асуда. Бағдарлама аясында облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған жоба шеңберінде ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен 500 млн. теңге қаржы бөлініп, жастарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларға қолдау көрсетілді. Жоба аясында барлығы 619 өтінім қабылданып, 67 қатысушы­ға «Отбасы банкке» жолдама берілді. Бүгінгі күнге 33 қатысушының өтінімі мақұлданып, оның ішінде 25 қатысушы баспаналы болып үлгерді. Алдағы 2023 жылы жоба аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын артты­ру мақсатында «Отбасы банкпен» бірле­се отырып, қаржыландыру көлемін 4 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз, – деп жауапты сала басшыларына, аудан әкімдеріне жастарға қатысты өзге де мәселелерді тиісті деңгейде рет­теу керектігін айтып, тапсырмалар жүктеген болатын. Әсіресе Нұржан Нұржігітов жоғарыда біз атап өткен жастарды жұмыспен қамту, олардың кедергісіз білім алуына жағдай жасау, сапалы жас мамандарды даярлау, «NEET» санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу бойынша жұмыстарды қайта жаңғырту керектігін алға тартқан еді.
Бүгінде облыс әкімінің бұл тап­сыр­масы Тұрар Рысқұлов ауданында дұрыс жолға қойылып, жоспарланған жұмыстар тиісті деңгейде іске асуда. Атап айтар болсақ, аудандағы жалғыз кәсіптік білім беретін, 100 жылдық тарихы бар Құлан агротехникалық жоғары колледжінде 550-ден астам студент мемлекет тарапынан қаржы­ландырылып, тегін білім алуда. 12 түрлі кәсіп иелерін даярлап шығаратын іргелі оқу ордасы соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Колледжде ветеринария, бағдарлама­лық қамтамасыз ету, агрономия, дәне­керлеу ісі, тамақтандыруды ұйым­дастыру, электр жабдықтары, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, орман шаруашылығы, ет және ет өнімдерін өндіру, сүт және сүт өнімдерін өндіру, балық шаруашылығы, ара өсіру және жібек шаруашылығы сынды мамандық түрлеріне баулитын 57 оқытушы мен 14 өндірістік оқыту шеберлері бар. Сондай-ақ аталмыш колледжде сыйымдылығы 960 орындықты құ­рай­­тын 2 оқу корпусы, спорт залы, 39 кәсіптік және 10 жалпы пәндер каби­неті, 11 зертханасы, жеке ветеринар­лық клиникасы, сүт, ет өнімдерін өнді­ретін және дәнекерлеу цехы, тігін өнді­рісі­нің шеберханасы, жалпы ау­­даны 0,5 гектарды құрайтын интенсивті бағы, жылыжайы, ауылшаруашылық техникасына арналған гаражы, оқу полигоны, 150 орындық асханасы, кітапханасы мен 200-ден астам сту­дентті қамти алатын өз жатақханасы бар. Дегенмен, материалдық базасы керемет дамыған колледж жыл сайын бір мәселеге кездесіп отырады екен. Ол – түлектерді жұмыспен қамту.
Осы олқылықты тиімді шешу үшін өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен аталмыш оқу ордасы­ның базасында «Ауылшаруашылығы саласының мамандары, қазіргі жағдайы және перспективалары» деген атаумен аудандық конференция болып өтті. Оған аудан әкімі бастаған жауапты сала мамандары, шаруа қожалық басшы­лары мен жеке кәсіпкерлер қатысты.
Конференция барысында Құлан агро­техникалық жоғары колледжінің директоры Олжас Мұсақұлов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков, аудандық ауылшаруашылығы бө­лімінің басшысы Темірғали Биғазиев оябы бөлек баяндама жасап, өз саласы бойынша атқарылған жұмыстарды тізбектеп берді. Баяндама соңында ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Нәдірұлы шаруа қожалық иелеріне ұтымды ұсыныстардың бірін ұсынып, «колледж түлектерін жұмыспен қамтуға аудандағы шаруа қожалықтар да атсалысса» деген өті­нішін жеткізді. Бөлім басшысының сөзін аудан әкімі Ернар Есіркепов те жалғай түсіп:
– Құрметті жиынға қатысушылар! Біз бүгін тарихы тереңде жатқан оқу ордасына бекерден-бекер жиылып отырғанымыз жоқ. Мұндағы біздің басты мақсатымыз – аудан жастарын тиісті деңгейде жұмыспен қамту. Баяндамашылардың сөздерінен ұқ­қан боларсыздар. Бүгінде жалпы ауданымыздың жастарына мемле­кет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, 550-ден астам білімгер осы колледжде тегін білім алуда. Бұл – бір. Екіншіден, өткен жылы 182 жас қайтарымсыз грантпен қамтылған. Сонымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасқан қаншама жастар бар. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды әрмен қарай жалғастыруға ниеттіміз. Сол үшін де бүгін жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшыларын арнайы шақырып отырмыз. Егер келіссеңіздер, дәл қазір үш жақты меморандумға қол қояйық. Алдағы уақытта сіздерде жастарды жұмыспен қамту ісіне өз үлестеріңізді қоссаңыздар деймін. Бұл баянды бастама үш тарапқа да қолайлы болады, – деп жиынның басты мақсатын айтып, тараптар қол қою рәсіміне көшті.
Меморандумға аудан әкімі Ернар Есіркепов, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Олжас Мұсақұлов және бірқатар шаруа қожа­лық басшылары қол қойды.
Салтанатты рәсімнен кейін кел­ген қонақтар аталмыш оқу ордасына экскурсия жасап, болашақ мамандар даярланатын колледждің материал­дық базасымен толық танысып, жоғары бағасын берді.

Тілші түйіні:
Жастар қай уақытта болмасын қоғамның қозғаушы күші болып қала бермек. Дәл осыны дұрыс деңгейде ұғатын, істің мәнісін мықтап білетін басшылар көп болса дейміз. Расымен де, үш жақты келісім бәріне де қолайлы. Бірі – мемлекет тарапынан қаржыландырып, тиісті қолдау білдірсе, екіншісі – сапалы білім бере отырып, бәсекеге қабілетті мықты маман даярлайды. Ал, үшіншісі – дайын еңбек күшіне ие болады. Тіпті, кәсіпкер жас маманның жалақысын мемлекеттік бағдарламалар арқылы өтеуіне де болады.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: