Жаңа Заң қашан күшіне енеді және кімдерге бағытталады?

273 Views

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң жөнінде қазір газет біткеннің барлығы жарыса жазып жатыр. Жазатын да жөні бар. Өйткені ел арасында қызу талқыланып жатқан тақырып дәл қазір осы сәтте маңыздырақ болып тұр. Жуырда «Құлан таңы» газетінің тілшісі Марат Диханбай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Есболат Советұлына жолығып, сұхбат алған болатын. Сұхбат барысында жаңа Заңның қай уақытта күшіне енгізілетіндігі, кімдерге бағытталғандығы және аудан көлемінде қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы кеңінен сөз қозғалды. Ендеше, әріптесіміз дайындаған материалға назар салыңыз. Ықыластарыңыз Заңда, зейіндеріңіз сөзде болсын.

М.Диханбай: – Есболат Совет­ұлы, алдымен сұрақтан имен­бей, біз­ді қабылдағаныңыз үшін өзіңізге зор алғыс білдіреміз. Қоғамда бұл тақырып қызу талқыланып жат­қан­дықтан, біз өзіңізге хабарластық. Уәдеңізде тұрдыңыз. Міне, сұхбат­та­сып отырмыз. Енді сұрақтың төр­кінін мынадан бастайық. Мемле­кет басшысы 2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Респуб­ликасы азаматтарының төлем қабі­леттілігін қалпына келтіру және банкрот­тығы туралы» Заңға қол қой­ды. Оны халық біліп отыр. Осы Заңның сипаты мен маңыздылығы жөнінде қысқаша мағлұмат беріп өтсеңіз?
Е.Советұлы: – «Қазақстан Респуб­ликасы азаматтарының тө­лем қабілеттілігін қалпына кел­тіруге бағытталған» Заң ресми жария­ланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Яғни, қарызы бар аза­маттар 2023 жылдың наурыз айынан бастап, банкроттыққа арыз бере ала­ды. Заң, 3 түрлі – соттан тыс банкрот­тығы, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсім­дерін қарастырады.

М.Диханбай: – Оны түсін­дік. Банкроттық рәсіміне қатыс­ты қабылданған үш түрлі заң бойынша да сұрақ көп көпшілікте. Ол жөнінде не айтасыз?
Е.Советұлы: – Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Мұнда тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.
Екінші рәсім – сот банкротты­ғы. Мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың та­лап­та­рын барынша қанағаттандыру болып табылады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.
Үшінші рәсім – ол төлем қабілет­тілігін қалпына келтіру рәсімі. Яғни, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады.
М.Диханбай: – Жалпы аудан көлемінде банкроттық жүйеге қа­тыс­ты жұмыстар қаншалықты деңгей­де жүргізілуде?
Е.Советұлы: – Бүгінгі күн­де аудан көлемінде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілет­тілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қатысты жұмыстар тұрақты деңгейде атқары­луда. Атап айтар болсақ, қарапайым ха­лық­қа түсінікті болуы үшін аудандық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мен «Жұмыспен қамту орталығы» ар­қылы бірлескен жұмыстар жүргізіліп, аудан тұрғындарына арнайы әзірлен­ген буклеттер таратылып, түрлі семи­нар­лар мен вебинарлар өткізілуде. Қазіргі уақытта наурыз айынан бастап өтінім қабылданатын заңға қатысты кірістер басқармасында алдын ала әзірлік жұмыстары жүргізілуде.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: