Кітап – маған тақтан да қымбат
Қазіргі таңда адамның ой еркіндігін ақпараттың көптігі шырмап тастаған кез деуге келеді. Сондықтан да адамдар ұмытшақ, оларда ойлануға уақыт жоқ. Өйткені жан-жақтан келген ақпараттардан көз алмайды. Және ол ақпараттарды санаға салып сараптап үлгермейді. Міне, соның кесірінен адамдар бір-біріне деген мейірімді, көңіл бөлушілікті жоғалтты. Тіпті, өздерінің ой еркіндігін белгілі бір шеңберге қамап тастады деуге болады. Бұдан құтылудың бірақ жолы бар. Ол – кітап оқу.
Кітап – дүниедегі ғалымдар мен ғұламалардың ақыл ойының жиынтығы. Ол ешқашан ескірмейтін қазына. Сондықтан кітап оқыған адам еркін ойлай алады. Әрі ол ешқандай мән- мағынасыз сұрақтардың жауабын іздеумен айналыспайды. Ол өзі тағдырының жұмбағын шешуі мен арманға барар жолын ғана іздейді. Міне, мұның бәрі де кітапқа құмар адамдардың жасайтын қадамдары.
Тарих қойнауына тереңдеп бармай-ақ, бүгіннің биігінен қарағанның өзінде елімізде кітапхана ісінің кең қанат жайып келе жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ең бастысы, қалың көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы арта түскені байқалады.Кітап – адам өмірінің қара түнегін жарық қылатын сәуле. Ол сәуле санасына түскен әр адам өзінің болашағын нұрлы қылуға құлшынады. Сондықтан да кешегі Ы.Алтынсариндай ұстаздарымыз «Оқысаңдар балалар, шамнан шырақ жағылар» деп қазақтың қара домалақ перзенттерін оқу-білімге әуес болуға шақырған. Иә, мұндағы шырақ деп айтып отырғаны да білімнің, кітаптың құдіретін меңзегені. Ал, сол кітаптар жиналған жер ол – кітапхана. Кітапхана деген атаудың өзі қандай қастерлі десеңізші!
Кітапхана бүгінгі заманымызға келгенде ғана өз құндылығын көрсеткен жоқ. Ол ежелгі Рим, Грек заманынан бері біздің қымбатты мұқжизаларымыздың қатарында. Жалпы адамзат үшін ортақ рухани қазына. Кешегі өзіміздің Отырар кітапханасы туралы аңыздың да ақиқаты осында. Бабаларымыз білімге құштар болмаса сондай кітапхана салар ма еді?! Күллі адамзаттың рухани құндылығының ең басында тұратын да кітап десек, жаңылыспаған болар едік. Кітап арқылы тұтас бір ұлтты тәрбиелеуге болады. Тіпті, адамзат тарихының кешегісі мен бүгінгісі хатқа түсіп, кітап болып бізге жетіп отырған жоқ па? Демек, кітап – біздің тарихымыз бен болашағымызды ұштастыратын алтын көпір. Кітап арқылы бір адамды тіпті бір әлемді өзгертуге болады. Кітапхана арқылы тұтас бір ауылдың халқын мәдениетке, руханиятқа тәрбиелеуге болады. Кешегі бабаларымыз неге сондай текті, сондай мықты болды? Өйткені, олар жас күнінен батырлық және ғашықтық жырлармен, қисса дастандармен тәрбиеленіп келді. Ал ол жыр жазбалар бүгінде кітап болып басылып, том-том жинақ болып кітапхана төрінде сақтаулы тұр. Демек, бүгінгі ұрпақ кешегі бабалардың ізімен соларды оқып, санасына түйіп өссе, онда олардың бойынан ұлтқа деген құрмет пен батырлық есіп тұратын еді.
Сондықтан біз сол ұлы құндылығымызды қайтадан қалпына келтіру үшін, ұрпақтарымызды кітапханаға тартуымыз керек. Сонда ғана олардың ойын рухани байыта аламыз. Бір жағынан кітап арқылы адам өзін психологиялық тұрғыда емдей алады. Яғни, өз-өзімен жұмыс жасай алады. Ал, өз-өзімен жұмыс жасай алатын баланың рухын ешқашанда ештеңе сындыра алмайды. Ондай балалалар еңсесін тік ұстайды. Қазіргі таңда кітапхана жүйесінде қазіргі заман талабына сай жаңа технологиялық озық үлгілер енгізілуде. Демек «оқимын», «ізденемін» деген адамға кітап жан-жақты қолжетімді деген сөз. Кейінгі кезде қазақ халқының әр кезеңдегі қилы тарихына байланысты жазылып, көпшілік ортасына жол тартып жатқан шығармалар аз емес. Оған мемлекет тарапынан да үлкен қолдаулар болып жатыр. Сондай қолдаулардың бірі – Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат министрлігі өткізіп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясы. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау әрі өнегелікке тәрбиелеу болып табылады. Әрине мұндай шаралардың бүгінгі жастар үшін маңызы зор. У.Шекспир «Кітап – маған тақтан да қымбат»,– деп бекер айтпаса керек. Білім іздеген адамның ең қымбат қазынасы шынымен де кітап. Бүгінгі таңда кітапты тек қана қағаз нұсқадан оқу шарт емес. Керісінше, қазіргі таңда кітапханалар жүйесі де дамыған. Барлық кітапхана арнайы жабдықтармен толықтырылып, электронды бағытқа ойысқан заманда кітап іздеп табу мен оны оқу бұрынғыдан да жеңілдеді. Сондықтан «ізденемін», «оқимын» деген адамға бәрі дайын, бәрі бар. Бұл әлемде барлық құндылықтар өзгеріске ұшырайды. Тіпті бүгінгі ең қымбат деген дүниенің өзі әпсәтте-ақ, арзандауы мүмкін. Алайда дүниенің тұтқасын білімді адамдар ұстады деген қағидаға сүйенсек, онда кітапхана мәңгілік руханияттың алтын ордасы болып жасай бермек.
Жанерке Дүйсен,
аудандық кітапхананың кітапханашысы.