Ардагерлер аттан түспе, ардақты!

208 Views

Қай дәуірде, қай заманда болмасын, қазыналы қарттар қоғамның ырғақты дамуына өз үлестерін қосып келе жатқандығы тарихтан белгілі. Әлі де аттан түспей жүрген қарияларымыздың жүріп өткен үлкен өмір жолы өзінше бір өнегелі мектеп. Сондықтан да болар, ардагерлер ұйымдары бүгінгі таңда ел бірлігін сақтауда болсын, жастарды Отансүйгіштікке, имандылыққа, патриоттық рухта тәрбиелеу де болсын, е гемен еліміздің ішкі және сыртқы саясатын түсіндіруде болсын – үлкен күшке айналып отыр.

Мұны Т.Рыскұлов ауданы Құлан ауылдық округі ардагерлер ұйымының аудан әкімімен, аудандық әкімдіктің тиісті бөлімдерімен және Қожайхан Бижанов жетекшілік ететін аудандық ардагерлер кеңесімен қоян-қолтық бірлесе атқарып отырған жұмысынан да анық анғарамыз.
Құлан ауылы – аудан орталығы. Мұнда ондаған ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Олардың ынтымағының бірлігінің бекем болуына ауылдың қазыналы қарттары өздерінің сүбелі үлестерін қосып жүр. Бұлардың қатарына кезінде ел ағасы атанып, басшылық қызметтерде болған, бүгінде өнегелі өсиет сөздерімен көпшілік көзіне түсіп жүрген Райзо Шәділбеков, Бармақ Орынбаев, Санат Қырықбаев, Омар Нұрмашев, Тәліпбек Шақпаев, Тілеу Барлыбаев, Әбдіқадыр Оңалбеков, Тоқабай Тастанбеков, Бейсембай Таңбаев, Рахманәлі Абдіқадіров, Үмбет Жанаділов және басқаларды жатқызуға болады.
Ауылдық округте ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған, әрқайсысының өмір жолы өзінше бір мектеп болатын қарияларымыздың жақсы тынығуына, өзара шүйіркелесіп, әңгімелесуіне, жастар арасында түрлі кездесулер өткізуіне барынша жағдай жасалынған.
– 2018 жылы сол кездегі аудан әкімі Асқар Санатұлы Қырықбаев демеуші­лердің көмегімен осы ардагерлер үйін салып берген еді. Қазір бұл ғимарат қазыналы қарттарымыздың күнде бас қосатын құтты мекеніне айналып отыр. Артында сондай ізгілікті із қалдырған Асекеңе ардагерлер алғысы шексіз. Жақсыдан шарапат деген осы болар, сірә, – деді Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаев бізбен әңгімесінде.
Иә, десе дегендей. Еңсесі биік, бөлмелері кең ғимаратта дойбы, шахмат жарыстарын өткізуге толық мүмкіндік жасалынған. Мұнда ардагер дәрігер Мұрат Наметқұлов жетекшілік ететін дәрігерлік қызмет жүйесі ұйымдастырылған. Бұл қызмет қариялардың денсаулығын тұрақты бақылауға алып, олардың аудандық ауруханада емделуіне ықпал етеді. Есепте тұратын қариялардың тегін дәрі-дәрмекті уақтылы алуын қадағалайды. Ауруханадағы ардагерлер палатасының жақсы жабдықталуын бақылауға алады. Бұған қоса ардагерлер үйінде билер кеңесі, әкелер, аналар кеңестері жұмыс істейді. Ғимаратта қариялар бас қосып, жиын өткізетін арнайы бөлме жабдықталған. Сондай-ақ, ұйым жұмысын көрсететін, көрнекі үгіт талапқа сай безендірілген.

Ауылдық округте барлығы 1812 зейнеткер тұрады. Олардың барлығына арнайы карта ашылып, толтырылған. Онда әрбір ардагердің отбасы құрамы, денсаулық жағдайы, тұрмыстық жай-күйі, қарайласатын, бағып-күтетін адамдардың бар жоғы толық көрсетілген. Осы картаға көз жіберсең, сол ардагердің барлық жағдайымен таныс боласың. Ауылдық округке қарасты барлық 90 көше 22-ге бөлініп, әр көше ардагерлер Кеңесінің белсенді мүшелеріне бекітіліп берілген. Олар өзіне тиесілі көшелердегі ардагер замандастарының жай-күйімен танысып, көмек қолы қажет болса Кеңес жиынына шығарып, көпшілік болып көмек көрсету мәселелерін шешіп отырады. Ардагерлер ұйымы жұмысын ұйымдастырудың мұңдай түрі істің нәтижелі болуына оң септігін тигізіп келеді.

Ардагерлер ұйымында барлық зейнеткерлер назардан тыс қалмаған. Олардың даталы мерейтойлары кезінде ұйым тарапынан алғыс хаттар беріліп, бағалы сыйлықтармен марапатталып отырады. Сол сияқты әрбір мереке күндері де атаусыз қалмайды.
Ардагерлер үйі өздеріне арналған саябақ ішіне орналасқан. Бұл жерде аудандық мәдениет үйі, 21 Еңбек Еріне қойылған ескерткіш, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматтарының есімдері жазылған тақта орын тепкен. Бұл маңды бүтіндей бір мәдени – мемориалды кешен десе де болады. Сондықтан да ардагерлер осы құрметті орындарда өткізілетін түрлі мәдени — көпшілік іс-шараларына белсене атсалысып, өздері де әр түрлі кездесулер өткізіп отырады. Атап айтқанда, өткен жылы мәдениет үйіндегі «Рухани жаңғыру» офисінде бір топ ардагерлер бүкілхалықтық референдум туралы кең көлемде кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұнда сөз сөйлеген билер алқасының төрағасы Серік Өтегенов пен ардагерлер ұйымының жетекшісі Берік Әліпбаев референдумның мәні мен маңызы туралы жан-жақты әңгіме өрбітті. Ал, «Ақжүніс» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Жанат Дәулетәлиеваның қатысуымен өткізілген басқосуда көпбалалы аналардың және мүгедектігі бар балалар аналарының өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, назарға алынып, тиісті лауазым иелеріне жеткізілді. Лицей мектебінде жоғары сынып оқушыларымен дөңгелек үстел өткізілді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Ардагерлер елімізде өткен Президент сайлауы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау секілді саяси іс-шаралардан қалыс қалып көрген емес. Мұндай саяси мәні бар іс-шаралар кезінде ардагерлер ұйымы жанынан арнайы штаб құрылып, бұл шараның ұйымдасқан түрде өткізілуіне белсене атсалысып отырады.
Құлан ауылы – 20 мыңға жуық тұрғыны бар үлкен елді мекен. Ұлы Жібек жолының күретамырында жатқан ауылда жетістіктермен қатар шешімін күткен мәселелер де баршылық. Мұндай түйінді мәселелерді тарқату үшін ауыл әкімі Еркін Сейтжапаров әлі де аттан түспей келе жатқан, өмірлік тәжірибелері мол қариялармен үнемі ақылдасып отырады. Мұндай кезде ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаев бастаған ақылы кеніш, көргені көп қариялар істің оң шешімін табуына үлкен көмектерін тигізуде.

Тұрсынхан Жаманбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист.
Суреттерде: Ардагерлер үйінің жалпы көрінісі;
Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әліпбаев ардагерлер ұйымы мүшелерімен мәжіліс өткізуде.

Поделиться ссылкой: