Құмды өлкелерде сексеуіл өсірудің ерекшеліктері

345 Views

Қазақстан орман қорының жалпы ауданы 30 млн. гектарды құрайды. Ол республика аумағының 11 пайызын алады. Бұл ретте орманды жерлер 13 млн. гектарды немесе орман қорының 43 пайызын құрайды. Ал ормандылық көрсеткіш 4,8 пайызды құрайды.
Президентіміз 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 5 жылда 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын. 2030 жылға дейін еліміздің орман алқабы көлемін 5 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда. Шөлейтті далада құм бархандарының көшкінін «кісендеп» ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтайтын, атыраптарда тіршілік ететін елді мекендерді дауылдардан қорғайтын сексеуілдің қадір-қасиетін білмейтін адам аз болар. Шеті көзге шалынбас құладүзді құлазудан құтқаратын табиғаты айрықша сексеуіл негізінен Алматы облысы және Жамбыл облыстарында кездеседі. Сонымен қатар ағаштың бұл түрі Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде де өседі.
Қазіргі таңда мәліметтерге сүйенер болсақ, еліміздің 6,1 млн. га жерін сексеуіл алқаптары алып жатыр. Әлемде сексеуілдің он түрі өседі, ал біздің елімізде үш түрі өседі. Соның ішінде қара сексеуіл 4,4 млн. гектар жерді, ақ сексеуіл 1,7 млн. гектар жерді және де қалған бірнеше мың гектар жерде Зайсан сексеуілдері өсуде. Сексеуіл ағаштары бұта және ағаш түрінде өседі. Тамыр мойын атпасының диаметрі 60 см және одан жоғарылары да кездеседі, ал биіктігі 8-10 метрге дейін жетеді. Сексеуіл ағаштарының орташа өмір сүру ұзақтығы 50-60 жыл.
Сексеуіл –қасиетті ағаш түрлеріне жатады. Ертеректе ата-бабаларымыз сексеуілдің бірер бұтағын немесе томарын үйдің үстіне шығарып қоятын болған. Өйткені, үлкендердің сөзіне қарағанда, бұл ырым «Жамандықтан сақтайды, төбеден найзағай ұрмайды, жай түсірткізбейді» деген екен. Сек­сеуілдің тағы бір қасиеті, ол – құмды шөлдің қорғаны, ауаның тазаруына, жабайы аң құсқа пана және де азық, сондай-ақ, көптеген шөптесін өсімдіктердің өсіп-өнуіне қолайлы әсерін тигізеді. Сексеуіл ағаштары болмаса – шөл және шөлейт жерлердегі үйлер, ауылдар, бақтар, жайылымдық жерлер, жолдар мен теміржолдар, каналдар және басқа да жерлерді құм басып қалу қаупі болар еді. Сексеуіл ағаштарының тамыры өте мықты әрі құрғақшылыққа төзімді болып келеді. Оның тамырлары кей жағдайларда 10-15 метр тереңдікке дейін жетеді. Бір сексеуіл ағашы осы тамырлары арқылы 10м2 немесе төрт тонна құмды ұстап тұру мүмкіндігі бар. Сексеуіл өсіп тұрған жерлер тұрақты құмды дөңдерді түзейді, айналасында әр түрлі бір жылдық және көп жылдық бұта, шөптесін өсімдіктер өсе бастайды, ал сексеуіл ағаштары өспеген жерлердің құмдары көшпелі болып келеді. Салдарынан әр түрлі деңгейде барханды дөңдер пайда болып, тозған шөлейтті жерлерге айналады.
Егемендік алған жылдардың ба­сында осы сексеуіл ағаштарына сұра­ныс артып, оның көптеген мың гектар алқаптары бейберекетсіз кесіліп жойылды. Одан бөлек көптеген алқаптарды тілсіз жау өртте құртқаны бәрі­мізге белгілі. Одан да бөлек көп­теген әр-түрлі антропогендік фактор­лар­дың әсерінен сексеуіл ағаштарының алқап­тары айтарлықтай қысқарған. Ғалым­дардың зерттеулерінше сексеуіл алқап­тарын қалпына келтіруге көп­теген жылдар қажет екендігі дәлел­денген. Сексеуіл ағаштары алқап­тары­ның азаюына байланысты алғаш рет Қазақстан үкіметі 2004 жылы сексеуілді кесуге мароторий жария­лады. Аталған шара он төрт жыл жүргізілді. Осы уақыт ішінде заңсыз кесу фактілері азайып, табиғи жаңару арқылы көбеюі және көптеген алқаптарға орман шаруашылығы мекеме қызметкерлерінің күшімен сексеуіл көшеттерін отырғызу және де тұқымын себу арқылы сексеуіл алқаптары ұлғайып келе жатқандығын аңғаруға болады. 2019 жылдың басында билік тыйымның мерзімін тағы 5 жылға – 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл өз алдына дұрыс шешім деп білуіміз керек.
Сөз соңында айтарым, таби­ғат­қа қамқорлық жасау – әрбір азамат­тың абыройлы міндеті әрі пара­сатты парызы. Адам табиғатқа мейі­рімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқор­лықпен қарап, үйлесімділікпен сақ­тағанда ғана, адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас құтты қо­ныс болады. Жер бетіндегі барлық тір­шілік атаулы Табиғат анаға қарыздар. Сондықтан да табиғатқа немқұрайлы қарау, онымен санаспау – ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқоршысы да екенін ешқашан естен шығармауымыз керек!

Данияр Досманбетов,
«Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорациясы ғылыми зерттеу институты» Алматы филиалының жетекші ғылыми қызметкері, PhD.

Поделиться ссылкой: